Жарнама
Экономика

Сусыз жерде балық өсірген…

Жылыойлық кәсіпкер ауласында балық өсіріп отыр. Бұл саланы бір жылдай зерттеп, дайындалған бизнес иесі былтыр тамыз айында сатып алған салмағы небары 2 грамм «су маржанын» төрт айда 400 грамға жеткізген. Мұндай жетістікке жету үшін Қуаныш Сақтағанова теңізі мен көлі жоқ елді мекенде жерасты суын пайдаланып келеді екен. Мемлекеттен қолдау алып, қайтарымсыз грант қаражатына арнайы бассейндер сатып алған кейіпкеріміз келешекте осы кәсібін кеңейтсем дейді. Ол үшін әкімдіктен арнайы жер телімін сұрап отырған көрінеді.

«Баптай білсе, тасқа да гүл бітеді»

– Құлсарыда су тапшы. Бірақ қалайда кәсіп ашуды ойластырған біз балық шаруашылығын зерттей бастадық. Тәуекелге бел буып, салмағы 2 грамм шабақты сатып алып өсірдік. Қазір ауламызда 16 тоннадай арнайы бассейн бар. Оны суға толтыру үшін жер астын 10 метр тереңдікке қазып, іздегенімізді таптық. Арнайы сорғы арқылы су жеткіздік. Осылайша, «су маржандарына» жайлы жағдай жасап отырмыз,-дейді «Нұрәлі» жеке кәсіпкерлігінің иесі Қуаныш Сақтағанова.

Көп балалы ана бұл салаға кездейсоқ келмепті. Осыған дейін ол бұл саланы тереңдей зерттеп, білімін жетілдірген. Талай кәсіптің басын ұстаған. Кейіпкеріміз қашан да адал еңбектің наны тәтті болатынын жақсы біледі. Сондықтан табысқа жету мақсатында балық шаруашылығының қыр-сырын меңгерген. Мүмкіндігі шектеулі баласын ертіп алып, Шымкент қаласынан арнайы курстан да өтіп келіпті.

–Бекіре балығы сегіз жылда уылдырық шашады. Әзірге 1000 балық бақсаңыз 85 пайызы таза табыс. Алдағы уақытта осы саланы дамытсам деймін. Құлсары қаласының әкіміне кәсібімді таныстырдым. Мемлекеттен алған қаржыға алты бассейн сатып алдық. Мұның барлығы ауламызға сыймайтыны белгілі. Әкімдік бұл бастамаға қолдау білдіріп, қаланың сырт жағынан жер учаскесін беруге уәде берді. Енді соны қыс бойы әзірлеп, көктемде іске қосуға жұмыстанып жатырмыз. Әрине, көпшілік менің кәсібіме таң қалады. Бірақ бұл саланың болашағы бар деген сенімдемін. Мәселен, қазір салмағы 600-700 грамм болған бекіренің шабағын 90 грамм кезінде Атырау зауытынан сатып алғанмын. Жалпы, бұдан басқа біздің арнайы техниканы жалға беру кәсібіміз де бар. Ол отбасымыздың, бала-шағамыздың қажеттіліктерінен артылмайды. Жолдасым маған үнемі қолдау білдіреді. Оның қолы тимесе, бассейндерді өзім тазалап, арнайы жемін де беремін. Балықтың азығын Шымкенттен тапсырыспен алдырып отырмыз, — дейді кейіпкеріміз. 

Кәсіпкердің отбасы бұған дейін «қара алтын» тасымалымен айналысыпты. Алайда ол бизнес басқа біреудің иелігінде болуы себепті, табысы да төмендеген. Осылайша шөп, цемент сатып, бизнесте біраз тәжірибе жинақтаған жылыойлық кәсіпкер сусыз елдімекенде балық өсіре бастайды. «Кәсібіміз алға басса, Жылыой халқына бекіренің дәмін тигіземіз» дейді кейіпкеріміз.

700-ге тарта жұмыс ұсынылды

Жылыойда балық өсірумен айналысып жатқан кәсіпкермен біз өңірде өткен көрме-жәрмеңке барысында таныстық. Жұмысшы мамандықтары жылы және еңбек күні аясында ұйымдастырылған шарада 60-тан астам кәсіпорын-мекеме 700-ге тарта бос жұмыс орнын ұсынған. Қазір облыста 25 мың жұмыссыз ресми түрде тіркеуде тұр. Жыл басынан бері 12 мыңнан астам адам әртүрлі бағыт бойынша еңбекке араласқан.

– Көрме-жәрмеңкеде Атырау қаласында орналасқан әртүрлі кәсіпорын-мекемелер өздеріне қажетті мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Біз бұл шараға әлеуметтік желілер арқылы да хабарлама таратып, жұмыссыздарды  шақырдық. Біздің мақсатымыз – қос тарапты табыстырып, жұмыс орындары туралы ақпарат беру. Облыс аумағында жәрмеңке-көрмелерді жиі ұйымдастырып жатырмыз. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Басқарма жанынан ашылған әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары да бар. Бұл жолы сол орталықтардағы «ерекше» балалардың қолдарынан шыққан бұйымдарын көрме-жәрмеңкеге қойдық,-дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов.

Табиғи өнімге сұраныс көп

Маңызды шараға қала, аудандардан өз ісін ашқан жеке кәсіпкерлер де қатысып, өнімдерін халыққа ұсынды. Олардың қатарында қыз жасауы, мамандарға арналған арнайы киімдер, қазақи нақыштағы сәбилер көйлегі, ет және сүт өнімдері, қолөнер және тоқыма бұйымдары, нан және кондитерлік тауарлар, полиграфия қызметтері, сувенирлер қойылды.

Бүгінде ауыл тұрғындарының ынта-жігерімен туған жердің табиғи өнімдері нарыққа жол тартып, кәсіпкерліктің тынысы ашылуда. Қарапайым ауыл тұрғындарының бастамасы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаумен ұштасып, нақты нәтижесін беріп келеді. Мәселен, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылының тұрғыны Өміржан Исаев табиғи құрт өндірісін жолға қойып отыр. Оның айтуынша, ауылда сүт, қаймақ, май, сарысу, тары мен талқан – бәрі де қолдың өнімі, табиғи әрі сапалы.

– Биыл маусым айында кәсібімізді бастадық. Мемлекеттен 1,5 млн. теңге көлемінде грант алып, құрт жасайтын арнайы қондырғы сатып алдық. Сегіз бас сиырымызды сауып, шыққан өнімнен таза ұлттық тағамдар әзірлейміз,-дейді кәсіпкер.

Туған жерінде кәсібін дөңгелентіп отырған тағы бір бизнес иесі Мақат ауданы, Доссор поселкесінің тұрғыны Айнагүл Қосшанова.

– Грант ұтып алып, пісірілген және жартылай пісірілген тағамдар сатумен айналыса бастадым. Негізгі мамандығым есепші, бірақ бұл салада ешқашан жұмыс істеп көрмеппін. Қазір үйімнің жанындағы сарайды шағын цехқа айналдырып, екі көмекшіммен бірге ұн тағамдарының бірнеше түрін дайындаймыз, — дейді ол.

Жылыой ауданында тұратын Құндыз Тәжиденова да ауылдағы кәсіпкерліктің әлеуетін танытып отыр. «Өткен жылы екі сиырмен бастадым. Қазір «Дәстүр дәмі» деген жеке брендім бар. Қаймақты сепаратормен дайындап, қолдан ұйытылған табиғи йогурт жасаймын. Қазір өнімнің 8-9 түрін шығарып отырмын. Үй жағдайында бәрін өз қолыммен дайындаймын. Қаймағым үшін арнайы кезекке тұратындар бар. Грант арқылы тағы екі сиыр алуды жоспарлап отырмыз» дейді сұхбаттасушымыз.

Облыстық әділет департаменті борышкерлер арасында жұмыссыздық мәселесін шешуге де ерекше назар аударып отыр. Бүгінде әділет органдарында 140 мыңға жуық борышкер бар, оның 20 пайызы – жұмыссыз.

– Жұмыссыз борышкерлерге хабарлама жолданып, оларды Мансап орталығына тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне олар белсене қатысуда. Алайда ұсынылған жұмысқа барудан бас тартқан жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалады,-дейді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Күләнда Қыстаубаева.

Ерекше балалар – ерекше назарда

№3 арнаулы қызметтер көрсету орталығы да балаларды еңбекке баулып, қоғамға бейімдеу жолында аянбай еңбек етуде.

– Көрмеге «ерекше» балалардың қолынан шыққан туындылар қойылды. Олардың арасында қыштан жасалған бұйымдарға деген сұраныс жоғары. Бұл  балалардың ойлау қабілетін дамытуға, қоғамға бейімделуіне оң әсер етеді. Қазір орталықта 122 бала тәрбиеленуде,-дейді орталық директоры Анар Каюпова.

Туған жердің табиғи дәмін дәріптеп, қарапайым тұрмысты кәсіп көзіне айналдырған жандардың іскерлігі ауылдың әлеуетін айқындайды. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, шағын цех ашып, ұлттық тағамдарымызды нарыққа шығарып отырған кәсіпкерлер – ел экономикасының нақты тірегі.

Сол сияқты әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар да назардан тыс қалмауы тиіс. Ерекше балалардың қолынан шыққан бұйымдар  олардың шынайы талабын шыңдап, болашаққа сеніммен қарауға жол ашады. Ал жұмыссыз жандарға бағытталған мемлекеттік қолдау мен бақылау тетіктері қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайта түспек.

Иә, әр салада еңбек етіп жүрген жандардың табандылығы, мемлекетпен бірге қадам басып, өз орнын табуға деген ұмтылысы – еліміздің дамуына қосылған елеулі үлес. Тек қолда барды бағалап, өз ісіңе сеніммен кіріссең – ауылда отырып-ақ зор табыстарға жетуге болатынын осы өмірлік мысалдар айқын дәлелдейді.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button