СЕНАТОР АТЫРАУДА ЖАҢА ЖОЛДАР САЛЫНАТЫНЫН АЙТТЫ

293237871 1648985608817249 3919787173616931007 n Экономика

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ 1 ҚЫРКҮЙЕГІ ПЕН 31 ЖЕЛТОҚСАНЫ АРАЛЫҒЫНДА ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ 19 ОТЫРЫСЫ ӨТІП, 47 ЗАҢ НОРМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗІЛГЕН. БІРАҚ…

  • ХАЛЫҚТЫҢ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН ДЕПУТАТТАР ЗАҢ ҚАБЫЛДАУМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛІП ҚАЛМАҒАНЫ АНЫҚ. ОЛАР ӨЗ ӨҢІРІНДЕГІ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ДЕ АРАЛАСЫП, ОЛАРДЫҢ ОҢ ШЕШІМІН ТАБУЫНА КҮШ САЛАДЫ. МӘСЕЛЕН, АТЫРАУДАН САЙЛАНҒАН ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ ҒҰМАР ДҮЙСЕМБАЕВ ӨЗІ САЙЛАНҒАН БЕС ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ПРЕМЬЕР–МИНИСТРДЕН БАСТАП, ӨЗГЕ ДЕ ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАН БАСШЫЛАРЫНА 25 САУАЛ ЖОЛДАҒАН. ОНЫҢ 99 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ АТЫРАУ АЙМАҒЫНЫҢ ӨТКІР ПРОБЛЕМАЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ. БҰЛ ЖӨНІНДЕ ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІКТІҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА САЙЛАУШЫЛАРМЕН БОЛҒАН КЕЗДЕСУ КЕЗІНДЕ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНДЕ ӨТКЕН БРИФИНГ БАРЫСЫНДА СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ҒҰМАР ДҮЙСЕМБАЕВ МӘЛІМ ЕТТІ.

– Еліміздегі Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі ең басты донор аймақтың бірі – Атырау облысы. Айталық, мен алғаш депутат болып сайланған 2017 жылы республикалық бюджетке 95 млрд. теңге аударып отырған екен. Біртіндеп көтерілген республикалық бюджетке алым көрсеткіші 283 млрд. теңгеге жетіпті. Осыншама қыруар қаржымен орталықты жарылқап отырған аймақтың бүгінгі таңда өзінің проблемасы да шаш-етектен. Республикадағы асфальт жолдардың сапасы 75 пайыз болса, Атырауда бұл көрсеткіш ең төменгі 61 пайыз мөлшерінде. 18 елді мекенге көгілдір отын желісі мен ауыз су құбыры тартылмаған. Демек, алтын көмбенің үстінде отырған осы ауылдардағы ағайын бұрынғыша қысқа қи-тезек жинап, көмір жағып, құдықтан қауғамен су тартады деген сөз. Сондықтан менің тікелей араласуыммен 2023-2025 жылдарға бекітілген республикалық бюджетті бекіту кезінде әр жыл сайын 30 млрд. теңге қаржыны Атырау облысының өзінде қалдыруға күш салдым. Аталған қаражатқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы үшін көптеген жобаларды жүзеге асыруға болатыны белгілі, – деді Ғұмар Дүйсембаев.

Жол сапасы жайлы әңгіме қозғалғанда сенатор «аңызға айналған» Атырау-Астрахан тасжолынан да айналып өтпеді. Оның құрылысының сағыздай созылуының себебі тендер өткізу кезінде кеткен кемшілік пен оны ұтып алған мердігерлердің өз міндетін дұрыс атқармауынан екен.

Жол дегенде мұнайлы аймақтағы республикалық трассалардың тарлығы да сөз болды. Соның кесірінен жол апаты көп, адам өлімі де аз емес. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір Орал-Атырау және Атырау-Доссор аралығындағы трассаларды І санатты жолдар қатарына қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте, сенатор алдымен, Орал бағытындағы жолды Махамбетке дейін, ал Доссорға дейінгі тасжолды Қарабатанға дейін кеңейтіп алып, қалған жұмыстарды кезең-кезеңімен атқаруға болатынын мәлімдеді.

Ғ.Дүйсембаев Сенаттағы халық қалаулысы ретінде тындырған жұмысының бірі Мұқыр–Құлсары трассасын жаңғырту туралы айтып берді. Қазір Қандығаш пен Мақат аралығындағы жолдар қалпына келтірілгені белгілі.

Егер Ақтөбеден Ақтауға ағылған көлік нөпірі Мұқырдан тіке Құлсарыға шығар болса, онда жүргізушілердің 150 шақырымдық жолы қысқарып, бір сағатқа тарта уақыты үнемделеді.

Бұл дәліз өндірісті өңір Жылыой мен Маңғыстау өлкесінің дамуы үшін де өте тиімді. Елордада жүріп ел қамын басты назарда ұстаған сенатор, міне, осы Мұқыр-Құлсары тасжолын жаңғырту жұмыстарының тезірек басталуы үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтату мақсатында арнайы қаражат көзін қарастыруға күш салған.

Бұл жобаның тағы бір артықшылығы, онда Құлсары қаласының айналма жолының құрылысы да қарастырылған.

Өйткені қазіргі Атырау-Ақтау республикалық тасжолы Жылыой ауданы орталығының кеңеюіне байланысты қаланың ішінде қалып қойған. Бұл тұрғындардың өмірі мен денсаулығы үшін аса қауіпті. Сол себепті оның бағыты өзгертіліп, енді республикалық трасса Құлсарының сыртынан айналып өтетін болады.

  • Сенатор Миялы-Қарабау тасжолының құрылысына да кеңінен тоқталды. Бұл бағытта, әрине, жұмыстар жүріп жатыр. Десек те Қарабау мен Индер аралығын жалғайтын қосымша жол салынса, көршілес жатқан екі аудан аралығы жақындай түсер еді. Осы орайда өз ойларымен бөліскен ол бұл мақсатта қаралып жатқан қаражат хақында да хабардар етті. Әрине, мұның барлығына Ғұмар Исламұлының Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болғаны да өз ықпалын тигізіп келе жатқаны жасырын емес.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз