Жарнама
Экономика

Сенім үдесіндегі ұжым

*Қыркүйектің соңғы жексенбісі – Машина жасаушылар күні

Қазіргі заманғы өндірістің тірегі саналатын машина жасау өнеркәсібі – кез келген елдің индустриалдық қуатын айқындайтын стратегиялық сала. Біздің ел үшін де бұл саланың маңызы зор. Елдегі машина жасау кешені автокөлік, мұнай-газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен және электротехникалық секторларды қамти отырып, мемлекеттік индустриалды-инновациялық бағдарламалар аясында дамып келеді. Жаһандық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдарын қарастыру бүгінгі күннің маңызды міндетіне айналды.

Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін елде ірі және орта машина жасаумен айналысатын 1800 кәсіпорын жұмыс істеген. Аға буынның әңгіме-естеліктерінен білуімізше, кеңес өкіметі тұсында ірілі-ұсақты құрал-жабдықтың сапасы жоғары болатын. Бүгінде олардың саны 500-ге жетпейді. Соның санаулысы ғана машина жасау өнеркәсібіне қажетті өнімдер шығарады. Басым көпшілігі өндірісін тоқтатса, енді бірі аймақтық шеберханаларға айналып кеткен. Десек те, бұл сала алға жылжып келеді.

Өңірдегі «АтырауНефтеМаш» ЖШС – мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдық шығарудан алдыңғы саптан көрініп жүр. Зауыт заманауи технологиямен жабдықталған, жүздеген жоғары білікті маманды біріктіре отырып, аса ауыр және ірі габаритті сыйымдылық құрылғыларын халықаралық стандарттарға сай өндіруге қабілетті. Бүгінде кәсіпорын еліміз үшін маңызды саналатын бірнеше стратегиялық жобаны жүзеге асыруға белсенді атсалысып отыр. Атап айтсақ, облыс аумағындағы тұңғыш интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы (полиэтилен өндірісі), Теңіз бен Қашаған кеніштерін игеру мен дамытуға бағытталған бағдарламалар. Қазірдің өзінде бірқатар келісім-шарт жасалып, зауыт жүктелген міндеттерді сенімді түрде орындап келеді.

Серіктестік директоры Салтанат Әділованың айтуынша, кәсіпорын KMG-Petrochem компаниясының Теңіз кен орнында газды бөлу кешенін салу жобасына, басқа да келешегі зор бастамаларға қатысуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты зауыт өзінің өндірістік қуатын үнемі жаңартып, жетілдіріп келеді. Автоматтандырылған дәнекерлеу құрылғылары, орбиталық дәнекерлеу машиналары енгізілуде. Ол үшін инфрақұрылым жаңартылып, құммен өңдеу цехы салынған. Сондай-ақ, торосфералық түптерді дайындауға арналған қуатты гидравликалық престің орнатылуы зауыттың күрделі конфигурациядағы жабдықтарды сапалы әрі мерзімінде дайындауына мүмкіндік береді.

– Зауыт ұжымының кәсібилігі – өндірістің жүрегі. Соңғы бір жылда командаға дәнекерлеушілер, слесарьлар, сапа бақылау мамандары мен өндірістік шеберлер қатарынан жаңа қызметкерлер қабылданды. Олардың біліктілігін арттыру мақсатында үнемі оқу бағдарламалары мен тренингтер өткізіледі. Бұл – өнім сапасын жоғары деңгейде ұстап тұруға және халықаралық талаптарға сай жұмыс істеуге жол ашады, — дейді Салтанат Рашитқызы.

Ауқымды жобалар «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның қолдауының арқасында жүзеге асып отыр.

– Сенімді серіктестер – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен «Silleno» ЖШС-не алғысымыз шексіз. Саладағы іргелі серіктестердің сенімі – зауыттың кәсіби деңгейі мен халықаралық талаптарға сай жұмыс істей алатынын көрсететін маңызды көрсеткіш. Бүгінде «АтырауНефтеМаш» зауыты мұнай-газ-химия саласына арналған күрделі әрі ірі габаритті жабдықтарды Қазақстанда өндіруге болатынын дәлелдеп шықты. Ұжым отандық тапсырыс берушілердің сенімін толық ақтайтынына және елдің стратегиялық жобаларына өз үлесін қоса беретініне сенімді, — дейді Салтанат Әділова.

Айбөпе САБЫРОВА

Сурет: kmg.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button