СЕНІМ МЕН СЕРТ

Экономика

«Құрманғазы» өндірістік кооперативіне жетекшілік етіп келе жатқан ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихат депутаты Сабыржан Сұлтанов пен «Ақжонас» ЖШС-нің төрағасы, іс-тәжірибесі жетілген Мұқар Шаяхметов жайлы тұрғындар жетік біледі. Ал, шаруашылық басқарудың айтулы шебері Өмірзақ Қажымғалиевті «Мақаш» кооперативінде кім алмастырды? Мұны біреу білсе, бірі білмеуі мүмкін. Өткен жылдың тамызында аты әйгілі Мақаш Бекмұхамбетов атындағы өндірістік кооперативтің төрағалығына сайланған Жеңіс Әбілхайыров мал шаруашылығына жаңадан келген жан емес. Біз бүгінгі мақаламызда ол туралы кеңінен сөз қозғамақпыз.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының аяғында болған қой шаруашылығындағы ауыс-түйіс кезінде өзінің атакүлдігін, Дыңғызылдың қырын тастап шығуға мәжбүр болып, «Коммунизм жолы» совхозына ауысқанда аға шопан, ақындар айтысына қатысып, сөз өнерінде бағын сынап жүретін елгезек жан Ғалымжан Әбілхайыровтың үлкен ұлы Жеңіс 6-сыныпта оқитын-ды. Мектеп бітіргенде де атакәсібін өркендету арманынан алыстамаған жас өскін Гурьевтегі ауыл шаруашылығы техникумына түседі. Әскер қатарында болып, ақыры 1988 жылы кіші зоотехник мамандығын алды. Бастапқыда совхозда комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарды. Совхоз тарағаннан кейін «Мақаш» өндірістік кооперативі құрылғанда Ғизат Әліпов атындағы фермаға, Ниетбайға ферма зоотехнигі болып барады. Жоғары ұйымдастырушылық қабілетін байқатып, кейінірек сондағы үш фермаға да кезек-кезек жетекшілік етеді. Ақыры, үш ферма қосылып, үлкен бөлімше құрылғанда оның басшылығына келіп, бүкіл мал шаруашылығының тауқыметін арқалауды ауырсынбай-ақ құп алады.
Ниетбай туралы әңгіме қозғағанда Жеңістің жанары ұшқындап, ой мен қиялы түлеп, көңілінің көктемі гүлдеп жүре берер еді. Өйтпегенде ше?! Осыдан жиырма бір жыл бұрын сол жерге қиянның қиясына, иен даланың қырқасына ел қоныстандыра бастағандардың бірі өзі болатын. «Ниетбайдың нөмірі бірінші тұрғынымын» дейтіні де сондықтан. Себебі, Ниетбайдың өркениет әлемі – электр қуатының, «көгілдір отынның», байланыс атаулының негізгі желісінен тым алыс жатқандығы еді. Қошалақ сияқты тоқсан жолдың торабы емес. Оған тек арнаулы көлік қана бара алады.
1992 жылы осы аумақта төрт жылдық мектептен көпшілік елді мекендердің жастары білім алды. Одан бері де оқу ордасы үлкейтіліп, орта мектеп статусын иеленді. Өткен жылы қатты дауыл соққанда оның төбесін жұлып әкетті. Біреулер енді «оны жабу қажет» деген пікір айтты. Алайда, мектеп жабылса, ол жерде ел де қалмайтынын сезген Жеңіс жер-жерге өкілді органдарға жолықты, Ниетбай сияқты шұрайлы жер, берекелі қонысты ит-құс пен ұры-қарының иелігіне беріп қоюдың қателігіне көп адамның көзін жеткізді. Сайып келгенде, білім ордасының жөнделуіне мемлекет тарапынан 1,5 миллион теңге қаржы бөлінуіне мұрындық болды. Өзі құрылыс бригадасын ұйымдастырды, жұмыс күші мен көлігін де аяған жоқ.
– Сонау Сасықтаудан басталатын Нарөлген, Шабдарат, Жұмекеш, Бөгенбай, Құнанбай қыстақтарын жағалап, Аманғали, Ыстаған, Самат, Көкат жайлауларын сағалап, мал өргізген мақаштықтар атакәсібінің азды-көпті азабына кезігіп, ауыртпалығын сезініп жүрсе-дағы шөбі шүйгін, қойнауы ырысқа толы даланы иесіз қалдыра қоймас. Десек те, бала-шағаның қамын ойламай тағы болмайды. Ал қарапайым еңбекке икемділері, соның ішінде атакәсіпті сүйетіндері ауыл-қалалардағы бос жүріп, базар кезгендердің қатарын молайтпаса екен, – дейді Жеңіс.
Ол алдына мақсат қойып, соны жүзеге асыруға келгенде еш нәрседен тайынбайтын, «табанының бүрі бар» дейтіндердің санатынан. Техникум бітірген арнаулы білімінің жеткіліксіздігін сезінген Жеңіс 2003 жылы Астрахандағы Әлемдік экономика және финанс институтының Атырауда құрылған филиалын тәмамдап, өндірістік менеджмент бойынша мамандық алып шықты. Менеджер мамандығының бұған берері көп еді. Соны жақсы ұғынып, осы саладағы білімін іздене жетілдіріп, тәжірибе жинап ұлғайтты. Өзінің жан-жары Раушанға ақыл-кеңесін айтып, өткен 90-шы жылдардың басында өріс алған кәсіпкерліктің бел ортасынан табылуына септесті. Раушан Қылыш кескен деген жерден 1992 жылы шаруа қожалығын ашып алған еді, бүгінгі күнге дейін сол құрылымның көрігін қыздырып, өнімін алып отыр. «Қылыш кескен» жер атауына көңіл аударғандар болса, «Мақаштың жерінің тұла бойында қылышқа туралмаған жер жоқ қой» деп Жеңіс өзінің де Мақаш бабаға туыстығы барын әзілмен ишаралайды екен.
Ол «Мақаш» өндірістік кооперативіндегі мал саласының жауапты адамы ретінде республикалық Қараөткел жәрмеңкесіне үш жыл қатарынан өзі бас болып, асыл тұқымды қойларын апарды. 2009 жылы ІІ орынды қанағат тұтып қайтқан еді. 2010 жылы бірінші бәйгені қанжығалады. Оны да місе тұтпай, ақыры 2011 жылы бас бәйгені жеңіп алып, «Алтын белгіні» ұжымының төріне ілгізді.
2009 жылы алған асыл тұқымды мал зауыты атауы былтыр алынып тасталды. Зауыт атағын қайтарып алу үшін жаңадан белгіленген жоғары межелерді игеру қажет болды. Асыл тұқымды аналықтардың саны үш мыңнан кем болмайтын шарты бар, қора-қопсыға дейін тексерілетін мұның өз шырғалаңы көп шаруа болатын. Қырғын қызметті қиынсынып «сол атауды қайтеміз» дегендер де табылды. Жеңіл қызметке шаба қоймайтын Жеңіс «біз өзіміздің әлеуетіміз бен қуат-күшімізді дәлелдеуіміз керек» деген кесімінен таймай, тұрып алды. Сөйтіп, 2013 жылдың 28 қыркүйегінде республикада 8-ші болып қайта тіркелген асыл тұқымды зауыт атағын нақтылап шықты.
Осындай қызметтерге Мыңбаев атындағы қой шаруашылығы институтының академигі Құдайберген Жұмаділдә және осы институттың қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев тікелей араласқанын, зауыт атағына бүкіл шаруашылық саласының сәйкестендірілуіне олар да ақыл-кеңестерін қосып, атсалысқанын айта кеткен жөн.
– Жәрмеңке деген бәйге сияқты делебе қоздыратын дода екен, алғаш рет қатысып, екінші орын алғанда «әй, бәлем, бас бәйгеңді алмай тынбаспын» деп өзімді-өзім қайрап қойғанмын. Ақыры «алтынға» қол жеткіздік, деп ағынан ақтарылды ол оңашада.
Қараөткелге соңғы барғанында аталық қос желінің 9436-шы санды, тірілей салмағы 126 келі тартатын қошқарын, әрқайсысы 75 пен 80 келінің арасындағы бірнеше аналық қойды, 45-50 келілік сол жылғы қозыларды алып барған екен. Ұйымдастырушылар тарапынан жоғары қолдауға ие болыпты.
Мақаштықтардың, тек олардың ғана емес, барша қыр бойы адамдарының, өндіріс ұжымдарының көріп жүрген қиындықтары бүгінгі таңда да аз болмай тұр. Мал бағуға ынта танытушылар қатары тым сиреді. Отарлардағы мал басын молайтып, сол арқылы малшылар санын азайту үшін жасалып жатқан әрекеттер жеңілдігін бермей тұр. Отарлардағы қой басын көбейткен жағдайда судың тапшылығы кесе-көлденеңдеп шыға келеді. Кеңес Одағы кезінде әр отарда 700-ден қой бағылды. Жерасты суының өнімсіздігінен бүгінгі күні мұндай мөлшерге мүмкіндік жоқ десек қателеспейміз. 500 қойдың өзіне бір орыннан су жеткізіп беру қиынға соғуда. Мал мамандары қыр бойына барудан қашады. Тұрмыстық жағдайдың қолайсыздығын сылтауратады. Тракторшы мамандарға да тапшылық сезіледі.
– Біз қойдың, шекілдеуік шаққандай, ішін жеп, сыртын лақтырып жатамыз. Жүн мен теріні тиісті бағасына алатындай өндіріс орындарының жоқтығынан оны кәдеге жарата алмай отырмыз,-дейді Жеңіс мал шаруашылығының айтыла-айтыла «жыр» болған бір түйткіліне қарай ойысқанда қабағы түйіліңкірей түсіп. –Әкем «түптің түбінде малшы қауым үшін тамаша қоныс Ниетбай болады, басқаға қызықпағандарың жөн» деген еді. Оны маған Өмірзақ ағамның да құлағыма құйғаны ұдайы есімде, -дейді сосын аз-мұз жүзі жылып, көңілі жадырап.
Бүгінде ол Ізтұрған Адиятов жөнінде де жылы лебіздерін білдіруді жөн санайды. Себебі, Ізтұрған кезінде Ниетбайдағы ферманың меңгерушісі болыпты. Жеңіс болса, жай ғана зоотехник екен. Одан бері жетілді, өсті. Екі қызын тұрмысқа берді. Ұлы – университеттің үшінші курсында. Кенже қызы мектепте, 9-сыныпта оқып жүр.
Алдындағы абыздай ақылды, абыройлы да, қадірлі ағаларынан үлгі алып өскен, бүгінгі жетістіктерін солардың сарқытын ішкенінен деп сезінетін ер мінез Жеңіс Ғалымжанұлының алар асулары әлі де алда. Сенім бар жерде биіктер де бағынар, асулар да алынар!..

Мадат СӘРСЕКЕЕВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер
Одағының мүшесі,
Құрманғазы ауданы.
Алдыңғы толқынмен ақылдасар сәт те аз емес

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған