
ҚМГ делегациясы — Атыраудағы оқу полигонында
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелері Ұзақбай Қарабалин мен Арманбай Жұбаев Атырауға жұмыс сапары барысында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің оқу полигонында болды.

Қонақтарды университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова мен«Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Ринат Ізмұханбет қарсы алып, оқу процесінде пайдаланылатын заманауи оқу-зертханалық инфрақұрылыммен таныстырды.

Іс-шара барысында қонақтар полигон ғимаратындағы техника қауіпсіздігі кабинетімен, демалыс бөлмесі, медицина кабинеті және химиялық талдау зертханасымен танысты. Сондай-ақ делегация мұнай өндіру, ұңғымаларды жөндеу, энергетика, дәнекерлеу және механикалық өңдеу бағыттарындағы оқу алаңдарын аралап, студенттердің тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға арналған заманауи құрал-жабдықтарды көрді.

Сапар соңында тараптар мұнай-газ саласындағы білім мен тәжірибені ұштастыру, кәсіби кадрлар даярлау ісіндегі өзара ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
KAZENERGY ассоциациясы төрағасының орынбасары, ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшесі Ұзақбай Қарабалин оқу полигонының әлеуетіне жоғары баға берді.
«Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті еліміздің мұнай-газ саласына жоғары білікті мамандар даярлауда маңызды рөл атқарады. Университет базасында ашылған оқу-өндірістік полигон – студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Полигонның дамуына алға қарай да қолдау көрсетілетін болады», – деді Ұзақбай Қарабалин.

Айта кетейік, бұл – еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғаш қолға алынған бастама. Университет базасындағы индустриалды-инновациялық оқу полигоны «Ембімұнайгаз» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып, мұнай-газ саласына қажетті инженерлік және техникалық мамандарды тәжірибелік тұрғыда даярлауға бағытталған.

