Жарнама
Экономика

Қазақстанда 27 млн. тонна астық жиналды

Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында елдегі егін науқанының қорытындылары туралы баяндап, Қазақстанда екінші жыл қатарынан астық рекордтық деңгейде жиналғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы өнім көлемі шамамен 27 млн. тоннаға жеткен.

Министрдің дерегінше, 2025 жылғы егін науқаны ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты болды. Ел бойынша 16 млн. гектар егіс алқабынан гектарына орта есеппен 17 центнерден өнім алынған. Нәтижесінде қамбаға 27 млн. тонна астық құйылып, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі тіркелді.

Сонымен қатар бұршақ дақылдары мен майлы тұқымдар бойынша да рекордтық өнім жиналған. Атап айтқанда, бұршақ дақылдарының көлемі 1 млн. тоннаға, ал майлы тұқымдар 4,7 млн. тоннаға жеткен. Мақта жинау науқаны әлі толық аяқталмағанымен, бұл бағытта да жоғары көрсеткіштер күтіліп отыр.

Жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы өсім ең алдымен Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында айқын байқалған. Аталған өңірлер егін өнімділігі мен жалпы өндіріс көлемі бойынша көш бастап тұр. Ел бойынша негізгі 7 көрсеткіштің барлығы бойынша өсім 12 өңірде тіркелген. Оның ішінде Атырау облысы да бар.

Алайда кейбір аймақтарда көрсеткіштердің төмендегені де айтылды. Бұл жағдай өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерімен және егіншілік көлемінің шектеулілігімен байланысты екені атап өтілді.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде рекордтық көлемде астық жиналғаны туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов та мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, биылғы егін науқаны аграрлық сектордың әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға жол ашып отыр.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Ашық дереккөз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button