
Қазақстан – өңірлік академиялық хаб: жаңа дәуірдің жаңа мүмкіндіктері
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары аясында өткен АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен дөңгелек үстелі еліміз үшін тарихи маңызы зор оқиға болды. Бұл кездесу Қазақстанның ашық экономикалық саясаты мен адами капиталға негізделген болашағы бар бағыттарын халықаралық деңгейде танытты. Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларға еліміздің цифрлық трансформация, жасанды интеллект, жасыл энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы стратегиялық жоспарларын ұсынды.
Президент өз сөзінде Қазақстанның өңірлік академиялық және ғылыми-зерттеу хабына айналып келе жатқанын айтты. Бұл – еліміздің білім беру мен ғылымдағы жетістіктерін халықаралық деңгейде мойындаудың жарқын көрінісі. Президент бастамасы еліміздің интеллектуалдық және технологиялық болашағы үшін де маңызды бағдар деп білеміз.
Бүгінде елімізде АҚШ-тың Аризона университеті, Колорадо тау-кен мектебі, Дьюк университеті, Пенсильвания штаты университеті, Миннесота университеті және Нью-Йорк кино академиясы секілді жетекші жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде де И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті (ҒЗИ) филиалы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл – Қазақстанның білім беру кеңістігін жаһандық деңгейге шығаруға бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі.
Мемлекет басшысының цифрлық трансформацияға ерекше мән беруі – жоғары оқу орындары алдына жаңа міндеттер жүктейді. Жасанды интеллект, цифрлық активтер, «ақылды қала» технологиялары және Индустрия 4.0 – бүгінгі таңда ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтетін өзекті салалар. Университеттер осы бағытта озық зерттеулер жүргізіп, тәжірибелік шешімдер әзірлеуге белсенді араласуға тиіс.
Осы тұрғыда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті еліміздің мұнай-газ саласындағы жетекші техникалық жоғары оқу орны ретінде цифрлық даму күн тәртібіне сай өз ғылыми-инновациялық әлеуетін кеңейтіп келеді. Университет қабырғасында индустриялық серіктестермен бірлескен смарт-технологиялар, жасанды интеллектке негізделген өндірістік модельдеу, «ақылды кен орны» және автоматтандырылған басқару жүйелері бағыттарында зерттеу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
АтМГУ сонымен қатар Индустрия 4.0 талабына сай білікті инженер-мамандар даярлауға ерекше басымдық беріп отыр. Студенттеріміз заманауи ІТ құралдарын игеріп қана қоймай, оларды нақты өндірістік міндеттерді шешуде қолдануға машықтанады. Күні кеше университетте ашылған AI HUB – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Жаңа цифрлық орталық жасанды интеллект саласындағы қолданбалы білім мен зерттеуді дамытуға арналған. Hub аясында білім болашағына арналған 5 жаңа жасанды интеллект агенті таныстырылды. Бұл агенттер білім беру үдерісіне тікелей интеграцияланып, студенттер мен оқытушыларға оқу материалдарын саралау, жобалық жұмыстарды оңтайландыру, күрделі техникалық есептерді модельдеу және зерттеу нәтижелерін визуалдау сияқты маңызды бағыттарда көмек көрсететін болады.
Сонымен қатар, Президентіміздің адами капиталды дамытуға баса назар аударуы болашақ көшбасшыларды тәрбиелеудің маңызын айқындай түседі. «Болашақ» бағдарламасының 800-ден астам стипендиаты Гарвард, MIT, Стэнфорд секілді әлемдік үздік университеттерде білім алуда. Бұл – жаңа буынның білім мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсауға бағытталған үлкен әлеует.
Университетіміз осы мемлекеттік стратегиялық бағдарға толықтай қолдау білдіреді. Біз шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми жобаларды дамытып, білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сай жетілдіруге күш саламыз. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге ерекше көңіл бөліп, студенттерімізді жаһандық бәсекеге қабілетті маман ретінде даярлауға басымдық береміз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, Қазақстан – Еуразия кеңістігінде цифрлық және ғылыми-интеллектуалдық даму орталығына айналуға толық мүмкіндікке ие. Бұл жолда университеттер басты қозғаушы күш болуға тиіс.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА,
экономика ғылымдарының докторы, профессор, «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры


