ОРЫНБОР – БІЗДІҢ ТАТУ КӨРШІМІЗ

Жақында Ресей Федерациясындағы Орынбор өңірінде айтулы мереке болды. Атап айтқанда, тарихы өткен ғасырлардан басталатын Орынбор губерниясына 270, ал облыс мәртебесінде қайта құрылғанына 80 жыл толды. Осынау мерейтойға орайластырылып өткізілген салтанатты шараларға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастаған атыраулықтар делегациясы да барып, қатысып қайтты.

Салтанатты жиында Ғұмар Ислямұлы сөз сөйледі:

– Құрметті губернатор мырза, қадірменді Юрий Александрович! Жайық пен Сакмара өзендерінің арасын жайлаған ежелгі Орынбор жері Еуразия жүрегі саналады. Өйткені, Орынбор да Атырау тәрізді Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан. Сол себепті де, ел оларды бауырлас қалалар деп таниды, – деді Ғұмар Ислямұлы. – Бұл өлкенің тарихы біздің өлкеміздің өткенімен тығыз байланысып жатыр. Оның үстіне ғасырлар бойына жалғасқан халықтар достығын нығайтуға да олардың қосып отырған үлестері айтарлықтай. Сондықтан да, мынау мерейтой, оның шеңберіндегі түрлі шаралардың  әлеуметтік-экономикалық дамуына, түрлі саладағы табысты өркендеу үрдісін одан әрі жалғастыруға септесері сөзсіз. Жылдан-жылға шекаралас облыстар мен аймақтардың арасындағы ынтымақтастық қадамдары және сауда-экономикалық қарым-қатынастар дәстүрлі ұйымдастырылатын іскерлік форумдарының арқасында одан сайын жетіле түскендігін байқап отырмыз. Сол себепті де, орынборлықтардың атыраулықтармен, бір өзеннің бойын қоныстанған Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен, яғни оралдықтармен де достық, әріптестік байланыстарының нығая беретіндігіне сенімдімін.

Жалпы алғанда, бұған Қазақстан мен Ресей мемлекеттері басшыларының да ұстанған саясаттарының сындарлылығы мен алған бағыттарының дұрыстығы, қашан да алдымен көршілердің татулығы мен халықтардың достығын ойлайтындығы, тарихи-мәдени байланыстарды оған арқау ететіндігі де оң ықпалын тигізіп отырғандығы даусыз. Ендеше, елдігімізді, бірлігімізді танытқан, соған тағы бір тамаша мүмкіндік туғызған қос бірдей мерейтой құтты, іргесі құтты көршілігіміз баянды болғай!

Бұдан кейін жерлестерінің жалынды сәлемін жеткізген атыраулық делегация басшысы орынборлықтарға сый-сияпатын ұсынды.

Өз тілшіміз.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз