ӨРКЕНИЕТКЕ БЕТТЕГЕН АУЫЛ

Бұрын Қызылқоға дегенде «облыстан әлдеқайда шалғай орналасқан аудан» деген тіркесті ғана еститін едік. Енді, міне, уақыттың өзі бұл тіркестің әлдеқайда ескіргенін көрсетіп отыр.

Жаңа жылдық алғашқы сапарларымыздың бірі осы ауданға қарасты ең ірі елді мекен – Сағыз ауылына арналған еді. Астанаға асыққан «Каспий» пойызынан түскен сәтте-ақ, біз жаңарған, жасарған ауыл көрінісіне куә болдық. Баяғыдай қаңырап, үрей шақырып тұрған жартылай қираған ғимараттар жоқ. Бірі сүріліп тасталса, бірі қайта жаңғыртылған. Жер-жерден ашылған дүкендердің атауын есте сақтау мүмкін емес. Ауылдың қақ ортасында орналасқан мешіт әсем көркімен «мен мұндалап» тұр. Заманауи адамның барлық қажеттіліктеріне жауап беретін қоғамдық орындар ауыл ішінен келісті орын тауыпты. Соңғы жылдары іске қосылған денешынықтыру сауықтыру кешені жас спортшылар үшін әлдеқашан екінші үйге айналған.

Былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен Кенбай орта мектебі самаладай жарқырап тұр. Күн ұзаққа «көк жәшікке» қарап телміріп отырғандардың саны да шектеулі. Ауыл бұрынғы бейқам тірлігінен біржола арылып, жасы бар, кәрісі бар, қай-қайсысы да шаруашылығы үшін маңызды бір істі тындырудың соңында шапқылап жүр. Уақыттары санаулы, шектеулі. Бұрын біз «ауыл кеші көңілді, өйткені, сол мезгілде өрістен мал келіп, жас төл енесімен қауышып, қора у-шу болып жатады» деп тамсанатынбыз. Қазір Сағыздың күні де, кеші де, түні де көңілді. Өйткені,  жастарының бәрі қалаға кетіп, таяқ сүйеніп қалған қарттары ғана бар бұрынғы көрініс келмеске кеткен. Жастардың жалынды бастамалары ауылды кәдімгідей өркендетіп, жаңа рең, жаңа бетбұрыс беріп отыр. Өндірдей жастардың бірі ауылға бас болып отырса, енді бірі кәсібін дөңгелентіп, ауылдастарын жұмыспен қамтуда.

Бұл айтылғандар біздің тек көргеніміз ғана. Ауыл әкімінің есебінде одан да зор жаңалықтарға куә болдық. Мәселен, өткен жылдың өзінде аядай ғана ауылдан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша несие алуға ниет білдірген 23 адамға қолдау көрсетілген. Сағыз округінің әкімі Серік Тұрыштың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында алынған 79 миллион 900 мың теңге несие мақсатты игерілген. Нәтижесінде жаңа нысандар бой көтеріп, әлеуметтік әлсіз топтарды жұмыспен қамтуға жол ашылған. «Округ бойынша мүмкіндігі шектеулі 193 адам бар. Оның ішінде 24-і еңбекке қабілетті. Бүгінде олардың 15-і қоғамдық жұмысқа, төртеуі тұрақты жұмысқа, бесеуі маусымдық жұмысқа орналасты.  26  мүгедек жан қажетті құралдармен қамтамасыз етілді» дейді ол. Тағы бір атап өтерлік жайт, жазасын өтеп келген 14 адамның екеуі бүгінде жеке кәсібін ашыпты. Ал, негізгі жаңалық – Сағыз ауылына өткен жылдан бастап «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз судың келуі болды.

Есепті жиналыстан соң сағыздықтарды тағы да үлкен қуаныш күтіп тұрды. Ол бір күн ішінде әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысанның пайдалануға берілуі болды. Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Нұргүл Шанаеваның қатысуымен ауылда алдымен тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ашылды. Жас кәсіпкер Ләззат Сахиева бұл орталықты бірден үш бағытқа арнапты. «Екі қабатты ғимараттың төменгі бөлігінде сән салоны, жоғарғы қабатында тігін цехы орналасқан. Сән салонында ерлерге де, әйелдерге  де  сан салалы қызмет түрлері көрсетіледі. Тігін цехында да киім пішу, тігу, киімді қайта өңдеу сынды қызмет түрлері бар. Қазіргі таңда үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Салонға әлі екі, тігін цехына үш маман жетіспейді. Сонымен бірге ғимаратта компьютерлік қызмет көрсету орталығы да жұмыс істейтін болады. Бізге тек маман қажет. Бұл орталық іске қосылған жағдайда біз тұтынушыларға мәтін теру, құжаттың көшірмесін жасау, ламинаттау, түптеу секілді қызмет түрлерін мейлінше қолжетімді бағамен ұсынатын боламыз» дейді кәсіпкер.

Сағыздықтарды өркениет ауылына жақындатқан нысандардың бірі заманауи жабдықтармен қайта жасақталған стоматологиялық орталық болды. Орталықта тіс технигі, терапевт және медициналық ассистент жұмыс істеуде. «Бізде қажетті қызмет түрлерінің барлығы кешенді түрде жүргізіледі. Мәселен, иілгіш протез, ортопедия, керамикалық тістер салу, тістерді ағарту, өзге де ем-дом түрлері бойынша ауыл халқының мүмкіндігіне қарай неғұрлым төмендетілген бағамен қызмет көрсетіледі. Алға қарай тағы екі маманды жұмыспен қамту ойда бар. Ісіміз оңға басып жатса, Мұқыр ауылынан филиал ашуды жоспарлап отырмыз» дейді жас кәсіпкер Аслан Сариев. Сағыздық Руслан Оразбаев бұған дейін қаңырап тұрған ғимаратты қайта жаңғыртудан өткізіп, қоғамдық тамақтану орталығын ашыпты. Бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер дәмхананы қазақы бояумен қанықтыра түсуді ойластыруда. «Келушілерге шұбат, қымыз секілді ұлттық тағам түрлері ұсынылатын болады. Жалпы бұл қазақы дәстүрмен қызмет көрсететін орынға айналмақ. Халықтың талғамынан, талабынан шығуға тырысамыз» дейді ол.

Иә, жаңарған ауыл жаңа бастамаларға толы. Олай деуімізге мына мәліметтер дәлел. Мәселен, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Нұргүл Шанаева өткен жылы аталмыш қордан барлығы 1 миллиард 873 миллион  70 мың теңге көлемінде несие берілген болса, сол соманың 375 миллион 192 мың теңгесін қызылқоғалықтардың игергенін айтты. «Бұл әрине жақсы көрсеткіш, бірақ, кәсіпкерлердің коммерциялық ғимараттарды дер кезінде іске қоса алмауы, жер телімдерін рәсімдеу, құрылысқа рұқсат құжаттарын алу кезіндегі қиындықтар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның кей жерлерде жүргізілмеуі, ветеринарлық төлқұжаттардың болмауы сынды проблемалар да көп жағдайда кәсіпкерлерге қиындық тудырып келеді» дейді ол.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суреттерді түсірген Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Қызылқоға ауданы.

 

 

Тақырыпқа тұздық

Ауылда онның үстінде мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бұл –  тіркелгендерінің саны. Тіркелмегендері одан да көп. Енді оларға бейімдеу орталығы, тиісті құрал-жабдықтар қажет.

Кенбай орта мектебі заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған математикалық кабинетке зәру.

Сағыздықтар, сондай-ақ, заман талабына сай жасақталған ауруханаға зәру болып отыр.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз