Жарнама
Экономика

Оңды-солды жұмсалған қаржы

Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі – қазына қаражатын тиімді жұмсау. Осы бағытта аудиторлар нақты іс-шараларды қолға алған болатын. Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қадағалау үшін «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулін жүзеге асырған еді. Ол өзінің тиімділігін көрсетіп, тексеріс барысында бірқатар кемшілік анықталып отыр.

Онлайн бюджеттік мониторинг нені анықтады?

Аталған ақпараттық жүйе қаржылық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Нақтырақ айтқанда, мониторинг аясында бюджет қаржысын негізсіз жұмсау, артық төлемдер жасау және басқа да заң бұзушылық фактілері анықталған жағдайда тиісті мекемелерге арнайы хаттар жолданып, жедел түрде шаралар қабылданады. Тексеріс барысында артық ақша аудару, 1С бағдарламасымен қате төлемдер жасау, бірнеше тұлға атынан бірдей карт-шоттарға қаражат аудару, жеке сәйкестендіру нөмірлерін қате енгізу арқылы бюджетке зиян келтіру жағдайлары анықталған. Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Саягүл Сапарованың айтуынша, мониторинг бюджет қаражатын бақылауда нәтижелі жұмыс құралына айналды.

–Аталған кемшіліктердің салдарынан жалпы сомасы 90,4 млн. теңгеге жуық қаржылық бұзушылық тіркеліп, соның 64 млн. теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдары бойынша 77,8 млн. теңге көлемінде қаржы заңдылығын бұзушылық анықталып, 52 млн. теңгесі бюджетке қайтарылды. Мәдениет және спорт салаларында 2,8 млн. теңге заңсыз төлемдер анықталды. Денсаулық сақтау мекемелерінде 10,5 млн. теңге көлеміндегі бұзушылықтың 9,9 млн. теңгесі қайта қалпына келтірілді. Шын мәнінде, мемлекет қаржысының әрбір теңгесі ел игілігіне жұмсалуы тиіс. Сондықтан да цифрлық бақылау тетіктерін жетілдіру арқылы ашықтық пен әділеттілікке қол жеткізу – басты мақсаттардың бірі болып қала бермек,-дейді Саягүл Сапарова.

Бұған дейін де онлайн бюджеттік мониторинг арқылы біраз кемшіліктің беті ашылған болатын. «Нақтылап айтсақ, С.Шарипова атындағы Доссор мектеп-интернатының бас есепшісінің карт-шотына жалақы түрінде аударылған өткен жылы 8 млн. теңге, мектеп директорына 11 млн. теңге бюджет қаражаты бойынша қаржы заңдылығын бұзушылықтар анықталды. Бүгінде артық аударылған ақшаны қайтару жұмыстары жүргізілуде,-дейді Саягүл Сапарова.

Бөлім басшысының баяндауынша, мұндай кемшіліктер облыстағы басқа да оқу орындарынан анықталған. Сондай-ақ Атырау облысы обаға қарсы күрес станциясының қызметкерінің карт-шотына биыл 9 млн. теңге аударылғаны белгілі болды. Мекеменің жауап хатында механиктің лауазымдық міндетін қосымша атқарғаны үшін төленетін қосымша жалақысы пайыздық көрсеткішпен қате есептеліп, 9 млн. теңге артық аударылғаны жазылыпты. «Бұл ақша мекеменің есепшотына кері аударылды. Орын алған олқылықтарға қарап бюджеттік бағдарлама әкімгерлері тарапынан есепшілердің қаржы операциялары қадағаланбаған деуге болады. Тіпті, кемшіліктердің «басы-қасында» әкімгерлердің өздері отыр деген қорытынды шығады. Өйткені, бұзушылықтар бойынша әкімгерлер қателесіп аударып қойғандарын айтқан. Қателік кетсе неге осы «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі жүйесімен анықтағанға дейін бірде-бір қызметкер, басшы өз еріктерімен мемлекет қаражатын қайтармаған?» дейді сұхбаттасушымыз.

Сыйақы мен іссапар шығындарын негізсіз аударған

Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудандық мекемеге жүргізілген аудиторлық тексеріс барысында бірнеше заң бұзушылықты анықтады. Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінде жалпы сомасы 6,9 млн. теңгенің қаржылық заңдылықтар бұзылғандығы белгілі болды.

Департаменттің бөлім басшысының айтуынша, мекеме есепшісі 2024 жыл мен 2025 жылдың аралығында қызметкерлерге (бөлім басшысы, бас мамандар, есепшінің міндетін атқарушы-авт.)  еңбекақы төлемдеріне, сыйақыға және  іссапар шығындарына бюджет қаражатын негізсіз артық аударып отырған.

Осындай тексеріс қаладағы жастар ресурстық орталығында да жүргізіліпті. Онда жалпы сомасы 15,7 млн. теңгенің  қаржылық бұзушылықтары анықталған. Яғни, басшының мекеме қаржысының шығысталуына тиісті қадағалау жүргізбегені, банктік есепшоты арқылы жүргізілген операциялардың дұрыстығын қамтамасыз етпегені белгілі болып отыр. Соның салдарынан мекеменің бас есепшісі 2022-2024 жылдар аралығында еңбекақы бойынша және іссапарға шығу, сауықтыру  жәрдемақысын  өзінің жеке карт шотына  негізсіз артық аударып отырған.

Сатып алу рәсімдері жеңілдеді

Биылдан бастап елімізде мемлекеттік сатып алулар саласын түбегейлі өзгеріске бастайтын жаңа заң күшіне енгізілді. Ол сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге, ашықтық пен әділеттілікті арттыруға және бюджет қаржысын тиімді игеруге бағытталған.

Заң аясында мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің мерзімі айтарлықтай қысқартылды. Бұған дейін баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүргізілетін сатып алу рәсімі 5 жұмыс күнін қамтыса, енді бұл мерзім небәрі 2 күнге дейін азайтылды. Ашық конкурс тәсілі кезінде де құжаттаманы талқылау мерзімі 5 күннен 3 күнге, ал қорытынды шығару уақыты 10 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. Мұндай нақты әрі тиімді өзгерістер мемлекеттік сатып алу жүйесінің шапшаңдығы мен икемділігін арттырып, уақыт пен ресурсты үнемдеуге жол ашады.

Соңғы жылдары бұл салада цифрлық шешімдер мен автоматтандыру жүйелері белсенді түрде енгізілуде. Солардың бірі – «рейтингтік-балдық жүйе». Бұл тәсіл конкурстық комиссияның қатысуынсыз-ақ, сатып алу порталында ұсынылған баға мен басқа да өлшемдерді автоматты түрде сараптап, ең жоғары балл жинаған қатысушыны жеңімпаз ретінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жүйеде басты назар өнім берушінің қаржылық тұрақтылығына және жұмыс тәжірибесіне аударылады. Ең бастысы, бұл деректер мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерімен біріктірілген, яғни адами фактордың ықпалы барынша азайып, шешім қабылдау үдерісі әділ әрі ашық түрде жүзеге асады. Бұл тәсіл алғаш рет құрылыс саласындағы сатып алуларда қолданылып, оң нәтижелер көрсеткен соң, бүгінде өзге де бағыттарда кеңінен енгізілуде.

Мәселен, өткен жылы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұрын сатып алу рәсімін 15 жұмыс күнінде өткізген болса, биыл дәл осыған ұқсас рәсім небәрі 5 жұмыс күнінде аяқталған. Бұл – жаңашыл тәсілдің жеделдігі мен үнемділігін нақты дәлелдейтін айқын көрсеткіш.

Отандық тауар өндірушілерге нақты қолдау көрсету мақсатында жеткізушілер үшін шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі 15 күннен 60 күнге дейін ұзартылып, жеткізілген тауарлар үшін төлем мерзімі 30 күннен 10 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Сондай-ақ аванстық төлемнің мөлшері 30 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл – өнім берушілердің қаржылық жүктемесін жеңілдетіп, жұмыс істеуге ынталандыратын тиімді тетік. Шартқа қол қою рәсімі де оңтайландырылып, енді ол өнім беруші тарапынан 3 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Алайда бұл тек камералдық бақылау жүргізілгеннен кейін ғана мүмкін болады.

–Мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыру кезінде қаржы заңдылығын бұзушылықтардың алдын алу, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында бақылау және мониторинг механизмдері де жетілдірілді. Шағымдарды қарау функциясы тікелей ұйымдастырушылар мен бірыңғай ұйымдастырушылардың құзыретіне берілді. Бұл – шешім қабылдаудағы ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз етудің тағы бір нақты көрінісі,-дейді бізбен әңгімесінде Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Талғат Мақсұтов.

Айбөпе САБЫРОВА

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button