ӨЛКЕНІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ – ӨРЕЛІ ҮЛЕС

Немесе «қара алтынның» қайыры жайлы қайырмалар 
 
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Пролог

Менің балдәурен шағым бүгінде тек жұрты ғана жатқан Қаратон кентінде өтті, сол жерде мұнайдан майланған тобылғы түс топыраққа күс-күс табанымызды ыстап ержеттік. Алайда, сол өткен ғасырдың 60-70-інші жылдарында тынымсыз иіліп-бүгілген қаз мойын качалкалардың ырыстың тайқазанын тасытып жатқанына куә болғанымызбен, жергілікті жұрттың «қара алтынның» қайырын көргендей арқа-жарқа тірлігін әнебір аңғара алмағанымыз анық. Тіпті, қара май тұтасып қаудырлаған күпәйке күрте арса-арса иықтарынан түспейтін мұнайшылардың өздері жанкешті еңбектерінің желге ұшқандай болғанына, туған топыраққа титімдей де пайдасы жоқтығына налитын. Әкем Құндызбай да, оның жар дегенде жалғыз інісі Жексен де осы кәрі Ембінің қойнауындағы «қара алтынды» өндіруге бүкіл ғұмырларын арнағандықтан, өз басым сол кездегі аға буынның арман-мұратын жастайымнан түйсініп өстім. Бір ғажабы, олар солақай да, қытымыр саясат ұстанған кеңестік кезеңнің өзінде қара бастың қажетін емес, елдік мүддені ойлайтын.

 

Баламыз ғой, біз тұратын кенттен төрт-бес шақырымдағы «мен мұндалаған» качалкаларды қызық көріп, Тереңөзек мұнай өндіру цехында жерасты жөндеу бригадасының «Бакинец» машинисі болып өмір бойына жұмыс жасаған тәтем Жексен Сұлтанғали-ұлының жұмыстан дамылдағанда бас сұғатын вагон-күркешігіне жалаңаяқ жүгіріп жететінбіз. Сонда көзі ашық, көкірегі ояу мұнайшылар ақпараттық кеңістік қаншама жабық ұсталса да, шетелдің мұнай өндіретін ұңғыларының айналасы көк майса шалғын, мұнайшылары тап-таза болып жүріп-ақ жұмыс істейтінін өзара әңгіме қылушы еді. Сол шақта ондай салыстырмалықтың астарына біздің миымыз жете қоймаса да, олар үйден ала шыққан шайханалық дәмдерін ортаға ала тығылыса отырған вагон-күркешіктің ұсқынына қарап-ақ әлдебір жайсыздықты ішіміз сезетін.

Вагон-күркешік дегеннен шығады, жаздың аптап ыстығында іші алабөтен өртеніп тұратын, ал, қыстың сақылдаған сары аязында бұрыштағы «буржуйка» пешке дембіл-дембіл от жақса да, қамсау болуға әрең татитын,  бес-алты адам маңдай тіресіп отыруға ғана жарайтын жыртық-жамау ықтасын еді бұл. Қайран біздің аталарымыз бен әкелеріміз «мың бейнеттің бір зейнеті» болатын күнді көп күтті, ақыры оны көре алмай өмірден өтті.

Қазір ғой, көруге көз керек сәулетті вахталық қалашықтар пайда болғаны! Әсіресе, Теңіз кенішіндегі тамаша ахуалға еріксіз таңдай қағасыз: тақтайдай тегіс жол, сәулетті ғимараттар, ішіндегі өңіміз түгіл түсімізге кірмеген кеңсе жиhаздары, тап-таза, кең де жарық жатақхана, сан түрлі мәзірі әзір асхана… – еңбекшіге барлық жағдай жасалған. Бұл «қара алтынның» қайырын көру дегеніміздің тек әлқиссасы ғана, ендігі толымды толғауымыз осы хақында өрбімек. Бұған мен көп арманын өзімен бірге ала кеткен Жексен тәтемнің кіші ұлы Нұркеннің (ол да – әке жолын қуған қарапайым мұнайшы) көзқарас-пайымдары арқылы сараптама жасамақпын. Сонымен…

Бірінші  қайырма

Әлеуметтің  әлеуеті  үшін!..

«Қазақстанның  мұнайы  Қазақстанның  халқына  қызмет  етеді».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Кезекті еңбек вахтасынан оралған Нұркен Жексенұлы жинақталып қалған күнделікті газет-журналдарды шолып отырып, бір сәт ойға шомды. «Аққа Құдай жақ» дегендей, биыл Еуроодақ елдері үшін қиын кез болса да, біздің Қазақстан үшін айымыз оңынан оралып-ақ тұр. Енді ше, маусым айының бір аптасы ішінде әлемдік саудадағы мұнай бағасы үш мәрте жоғары шапшыды! Қараңыз: сәрсенбіде – баррелі – 108,61 доллар болса, бейсенбіде – 113,02, ал жұма күні – 113,46 доллар! Мұнай – біздің басты экспорттық тауарымыз. Ендеше, ырымшылдығымызға бақсақ, жаңағы мақалды «Қазаққа Құдай жақ» деп өзгертіп айтуымызға әбден болады…» деп толғанды ол.

Рас-ау, қазіргі кезде геосаясатта шиеленісті мәселелер тым көп. Әлемдік мұнай шығыны көбейді. Украинаның жағдайы анау. Ливия, Сирия, Ирак мәселелері де ушығып тұр. АҚШ аздап-аздап, Жапония одан көптеу өнім шығара бастады. Жылдық ішкі жалпы өнімнің өсімі бұл екеуінде тіркеліп жатыр. Ал, Еуроодақ баяғы рецессия кезінде батқан тұңғиығынан шыға алар емес. Қытай да өсімді аз да болса көбейтті. Яғни, нақты экономиканың өзінде мұнай өнімдерін пайдалану ОПЕК мөлшерлегеннен молырақ болуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда сарапшылар «қалған уақытта сатылатын мұнай баррелі 114 доллардан кем болмайды» деген болжам жасап отыр. Олай болса, еліміз бюджетінде қарастырылғандағыдан әр баррельден 115,5 долларға артық валюталық кіріс түседі (107+114:2=221:2=110,5) екен. Бұл – бірден ұлттық қорға түсетін табыс. Экономист-сарапшылардың есебі бойынша, Ұлттық қорымыздағы алтын-валютамыздың жиынтығы жыл аяғында 110 миллиард доллардан асады.

Нұркен көңіл марқайтатындай баспасөз мәліметтеріне іштей сараптама жасай отырып, мұнай өндіруші компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі хақында мемлекет тарапынан қойылып отырған талаптың орынды екендігін ойға алды. Туған жерінің кен байлығын табан ет, маңдай терімен өндіріп отырған қарапайым халық оның қайырын да көруге құқылы.

-Қайран әкелеріміз мұны тек қана армандаумен өтті. Қазақ мұнайшыларының бар тапқанын Мәскеу сыпырып-сиырып әкетіп, шөміштен қысқан небір кезеңдер болды ғой, – деп күрсінді Нұркен Жексенұлы. – Тәуелсіздік таңы атқалы бергі жиырма жылдан астам уақыттың бедерінде ғана – өз барымызды базарлап, өз байлығымыз өзіміздің кәдемізге жарап жатқаны. «Теңізшевройл» кәсіпорны былтыр құрылғанына 20 жылдығын атап өткенде мұнайдың елдің, өлкенің өркендеуіне өрелі үлес болып қосылып жатқандығы ерекше айтылғандығы да осыдан. Қуанбай көріңіз бұған!..

Көңілі көтерілген жас жігіт күні кеше ғана өзі куә болған бір игілікті істі күлімсірей есіне алды. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына жеке шаруаларымен бара қалған болатын. Бірінші ықшамаудандағы «Достық» мәдениет және демалыс  саябағының ашылу салтанатының үстінен түсті.

*  *  *

Қарақұрым жұрттың қуаныштан жүздері бал-бұл жанады. Олардың өзара әңгімелерінен қаныққаны мынау: Бұл бағалы бастама былтыр қолға алынған екен. «Мұнайлы өңірде осынау саябақтың іргетасының қалануы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асуына тамшы да болса қосылған үлесіміз болмақ» деп мәлімдеген «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тим Миллер Атыраудан кейінгі екінші қаланың жасыл желекке бөлене беруіне тікелей атсалысатындарын атап айтыпты. Соның жоралғысы ретінде екі мың көшетті бірден отырғызған. Сөйтіп, саябақты көз тартатын қоғамдық орынға айналдыру, тал егіп, көгалдандыру жұмыстарына барлық шығынды серіктестік өздері көтеріпті.

Тіпті, арада өткен бір жыл ішінде ТШО компаниясының белсенді араласуымен саябақтың ортасына аспанға атқан әр тамшылары күн нұрымен шағылысқан субұрқақтар орнатылып, жасыл желектерге жанаса ертегі кейіпкерлері және жан-жануарлар бейнесі көрініс тауып, саябақта жағалай гүлді вазалар, аспалы орындықтар жайғастырылды. Сонымен қатар, іңір қараңғылығын түретін жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылды. Енді, міне, қаланың кіндік тұсы айрықша абаттанып, көздің жауын алады.

Бірқатар үлкен шаhарлардың өзінде кездеспейтін мұндай ғажап саябақты тамашалаған Нұркен «міне, бір кездері Асан қайғы атамыз айтып кеткен ен байлықтың рахатын көру дегеніміз осы ғой…» деп іштей қатты толқыған, қасындағы жеті жасар Темірланына саябақта сап түзеген ертегі батырлары хақында өз білгенінше жалықпай әңгімелеген. Сонда екен ғой, компания басшысы Тим Миллердің аузынан жиырма жылдан бергі уақытта «Теңізшевройлдың» мұнайлы өлкенің даму қажеттілігіне қомақты қаржы бөлгендігін естіп те көңілінің марқайғаны!

Сонау 1993 жылдан бері ТШО Атырау облысының тұрғындары және қызметкерлері үшін әртүрлі әлеуметтік жобаларға 875 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсаған екен. Сондай-ақ, компания биыл, яғни 2014 жылдың өзінде ғана Атырау облысының денсаулық сақтау, білім беру және қоршаған ортаны қорғау салаларына қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөліпті. Ал, «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарлама қорына биылғы қосқан үлесі 25 миллион долларды құраса, оның негізгі бөлігі тағы да Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы балабақшалар мен мектептердің құрылысына бағытталмақ.

ТШО-ның үкіметпен және жұрт­шылықпен байланыс бөлімінің бас менед­жері Рзабек Дәуітұлы Артығалиев кезекті бір әңгіме барысында компания құрылған күнінен бастап Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру саласын дамытуға жалпы көлемі 165 миллион доллар шамасында қаржы жұмсағанын баян­дады. Аймақ үшін аса маңызды жобаларды таңдап, қаржыландыруда облыстық әкім­дікпен арада тығыз қарым-қатынас орнаған. Қа­зірде де әлеуметтік бағдарламалар аясында өмірлік маңызы зор жобалар жүзеге асырылуда – олардың қатарында Құлсары қаласының су тазалау және сумен жабдықтау жүйесін толықтай қайта жүргізу және Атырау қаласы мен өзге де елді мекендерді сумен, газбен және электр қуатымен қам­тамасыз ету жөніндегі бірнеше маңызды бағдарламаларды атауға болады.

– Біздің компания Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі үздік әлеуметтік жобаларға арнап белгілеген бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі жөніндегі «Парыз» байқауына қа­тысып, қатарынан екі дүркін жүлдегер атандық, – деген болатын кәсіпорын қызметкері Гүлнәр Айтжанова Теңіз кенішіне жолымыз түскенде. – Қазіргі таңда компанияда жылдық бюджеті 1 миллион доллар болатын әлеу­меттік инвестициялық бағдарламасы жұмыс істейді. Оған қоса әлеуметтік бағдарламалар блогымыз жыл сайын дерлік жаңартылып келеді. Бүгінде біз бір мезеттік көмек көрсету тәжірибесінен бас тартып, ТШО-ның әлеуметтік инвестицияларын – компанияның ортақ бизнес-стратегиясын жүзеге асырудамыз. Мұндай жүйе бізге белгілі бір әлеуметтік жобаларды бәсеке­лестік негізінде бағалап, іріктеп алуға мүм­кін­дік туғызып отыр. Қоғам тарапынан бұл бастама үлкен қолдауға ие болуда. Әлеу­меттік бағдарламалар аясында жыл сайын Жылыой ауданының тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың тиім­ділігін арттырып келеміз.

Мен осы мағлұматымды алдына тосқанымда әңгімемнің басты кейіпкері – онсыз да осы толғақты мәселені тереңнен толғайтын Нұркен Жексенұлы басын изей берді.

– Айтуыңыз өте орынды, – деді ол тағы да нақты фактілерді тізбектей. – Сөз жоқ, ТШО облыс, еліміз үшін қыруар жұ­мыстар атқарып отыр. Мәселен, кәсіпорын 2009 жылы Құлсары қаласындағы «Арт Лига» ұйы­мымен бірлесіп, жұмыссыз отырған жандарды қолөнер мен қолданбалы өнерге баулып, 125 азаматты жұмыспен қамтыған. Әлеуметтік бағдар­ламалар аясында қазақ тілін дамытуға да айрықша мән беріліп отыр. Зейнолла Қабдолов атындағы қормен қоян-қолтық жұмыс істеген кә­сіп­орын «Мен қазақша білемін» бағдарламасын жүзеге асырып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне жол ашқан…

ТШО-ның тағы бір игілікті ісі – қазақ халқының төл мәдениеті, өнері мен салт-дәстүрлерінің өзіндік болмыс-бояуымен, ұлттық нақышымен жаңғырып, ұрпақ санасында берік орнығуына үлес қосу. Осы орайда кәсіпорынның былтыр қазақ ертегілерін, биыл қазақтың ұлттық ойын түрлерін түгел  қамтыған үлкен күнтізбелер жасап шығарғанын да жақсы білеміз. Сондай-ақ, өткен жылы «Қазақ кілемдері мен тоқыма бұйымдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық мұражайы коллекциясынан» каталогыншығаруға қатысуы да айрықша қуаныш сыйлаған еді. Бұл каталогқа Мемлекеттік Орталық мұражай қорындағы түкті, түксіз кілем, алаша, тұскілем және басқа да қазақ кілемдерінің 265 түрі енгізіліпті. Кілем және тоқыма бұйымдарының хронологиялық шеңбері XVII ғасырдың соңы мен XX ғасырдың 70 жылдары аралығын қамтиды. Каталог алғы сөзден, «Түкті кілем», «Түксіз кілем», «Алаша», «Тұскілем» және «Тоқыма бұйымдары» атты бес бөлімнен тұрады. Қосымшада ою-өрнек түрлері, қысқаша түсіндірме сөздік, көрсеткіштер мен әдебиеттер тізімі де  көрсетілген. Көркем безендірілген, әрі қазақтың кілем тоқу өнерінің композициясы мен семантикасын, технологиясын ғылыми тұрғыдан терең сипаттаған бұл каталог-кітап үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) жарық көрген болатын.

Әрине, «Теңізшевройл» ЖШС – өлкеміздегі мұнай компанияларының көшбасшысы, әрі жергілікті тұрғындардың басты қамқоршысы екендігін ұдайы танытып-ақ жүр. Осыны әр кез жаңағыдай игілікті шаруалар арқылы жете түйсінген Нұркен Жексенұлы енді бір сәт Атырау өңіріндегі өзге кәсіпорындардың да әлеуметтік жауапкершілігін сезінуі хақында ойға берілді. Сол-ақ екен, әр алуан сипаттағы жаңа нысандардың тұсаукесер рәсімдеріне қатысқан шақтары көз алдынан кинолентадай тізбектеліп өте берді.

 *  *  *

Міне, Атырау қаласындағы Студенттер даңғылы бойында Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының жатақханасы пайдалануға берілген тебіреністі сәт. Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі арнайы қатысып, сөз сөйледі.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастардың бала кезден бастап дұрыс тәрбие, білім алуы, жұмысқа орналасуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Қазір облыста әлеуметтік-тұрмыстық ахуалдың жақсаруына өңірдегі ірі мұнай компанияларының да қосып отырған үлестері қомақты. Соның бір көрінісі – бүгін ашылғалы отырған жатақхана. Бұл – біздің облысымыздың ауылдық елді мекендерінен келіп оқитын балалардың жақсы білім алуы үшін жасалынып жатқан игі шара, – деген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы жатақхананы салып берген «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В» (НКОК) компаниясына ризашылығын білдірді.

– Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясы – облыстағы бірден-бір нағыз өнер мектебі. Болашақ суретшілердің, музыканттардың, әншілердің, бір сөзбен айтқанда, өңірдің шығармашылық қуатының талбесігі деуге болады. Дарынды жастарды даярлау жүйесіне қатысу және академия шәкірттерінің жайлы тұрып, шығармашылық дамуы үшін барлық жағдай жасап, жаңа 75 орындық жатақхананы табыс ету – біз үшін үлкен қуаныш, – деді НКОК компаниясының сыртқы байланыс директоры Пьер Дельпон сол жиында.  Оның айтуынша, бұл нысан аталған Консорциумның соңғы 15 жыл ішінде Атырау және Маңғыстау облыстарында іске асырылған толық құны 400 млн. АҚШ долларына жуық 152 жобаның қатарына кіреді екен.

Нұркен Жексенұлы да көппен бірге жаңа жатақхана ішін аралап көрген. Жалпы, үш қабаттан тұратын ғимаратта оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалынғаны бірден аңғарылады. Мұндағы бөлмелер жас ерекшелігіне байланысты бастауыш, орта, жоғары сынып оқушыларына лайықталып салынған. Жаңа нысанда заманауи технологиялар да бар. Теледидар, компьютер, тіпті, киім үтіктеу, кір жуу, бос уақытта демалатын және  кітап оқу бөлмелері де қарастырылыпты. «Басқа кезді қайдам, күні кеше біз мектеп-интернатта оқығанда осындай сайлы да, жайлы жатақхананы көрдік пе? Міне, заманның түзулігінің, өз бары-мызға өзіміз ие болғанымыздың бұл да бір көрінісі…» деген сонда жас жігіт кекілдері мен тұлымшағы желбіреген іні-қарындастарына қызыға қарап…

*  *  *

Акционерлік қоғам болып қайта құрылғалы бері «Ембімұнайгаз» кәсіпорнының да жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-рухани мұқтажына қаржы бөлуі, бұл істі тікелей ұйымдастыруы айқын аңғарыла бастады. Биыл Нұркен Жексенұлы жұмыс бабымен Исатай ауданының аумағында орналасқан «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру бас-қармасына қарасты «Салтанат Балғымбаев» кен алаңына барған еді. Күре жолдан өндіріс орнына апаратын кірме жолға бұрылғанда жаңадан, пайдаланылуға берілген тас жолды бірден байқады. Баяғыдан жыр болып келген 12 шақырымдық жолдың осылайша тақтайдай болып жатуы көңіліне қуаныш ұялатты.

Ал, биылғы халықаралық балаларды қорғау күніне осы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы «Менің бақытты балалық шағым» тақырыбында шығармашылық конкурс ұйымдастырды. 7 мен 14 жас аралығындағы дарынды балаларды қамтыған байқау барысында «Менің туған жерім», «Мен тұратын көше», «Менің досым» тақырыптарына жазылған өлеңдер мен шығармалар, сонымен қатар фотосуреттер де сарапқа салынды. Конкурсқа барлығы 36 бала қатысып, бүгінде оның он төрті үздік деп танылды. Жалпы, бұл «Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан балаларға жасалып жатқан алғашқы жақсылық емес.

Жақсылыққа құлағы әр кез түрік жүретін Нұркеннің тағы бір білгеніндей, аталмыш компания биыл Сабыр Қазыбаев атындағы мектеп-интернатына 12 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек жасапты. Бұл қаражатқа интернат тәрбиеленушілеріне «Қазақстан геологі» пансионатына жолдама алыныпты…

P.S.Қазақ мұнайының өндіріле бастағанына ғасырдан асып кетті. Күні кешеге дейін мұнайшы кенттерінің өзі алау боп текке жанған «көгілдір отынды» кәдеге жарата алмай, азып-тозған можантопай күн кешті. Ен байлықты көсіп алып отырып, оның қасықтай да пайдасын көре алмаған еді. Ал, бүгінде тек Атырау аймағының өзінде ғана қаншама мектеп, балабақша, емхана, жатақхана, спорт кешендері пайдалануға берілсе, бұл мұнайымыздың әлеуметтік ахуалды жақсартуға елеулі үлес болып қосыл-ғандығы емес пе?!

Әрине, біз сол сандаған әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-рухани нысандардың және басқа да мұқтаждық өтеулерінің бәрін бірдей жіпке тізуді мақсат тұтқан жоқпыз. Бірінші қайырмамызда тек қарапайым халықтың «қара алтынның» қайырын көре бастағандығын айтумен ғана шектелдік.

 

«Мұнай – отандық өнеркәсіптің маңызды саласы ғана емес, мемлекеттің тәуелсіздік мәртебесінің белгісі, жарқын болашаққа деген сенім».

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Іссапардан оралған Нұркен Жексенұлы бүгін анасы Күләнданың әдеттегіден гөрі ерекше көңілді екенін бірден байқады. Шайын қайта-қайта демдеген оның аузы сөзден босамайды. Айналасы бес күннің бедеріндегі жаңалығын айтып тауысар емес. Жұма күні немересі Темірланды сүндетке отырғызғанын да, жалғыз қашарының зым-зия жоғалып кеткенін де айтып жатыр. «Немересінің сүндеттелгені жөн-ақ, ал, жалғыз қашарының жоғалуының несі қуаныш? Бұл кісі неге сонша көңілді?» деді бұл іштей. Шай ішіліп бола бере бұл сауалына да жауап алды. Сөйтсе, апасының осынша  көңілділігінің сыры мүлдем басқада екен. «Әй, бәрін де қойшы сол, Кенжеханым – қара балам жұмысқа тұрды ғой Теңіз кенішіне, айлығы да тым-тәуір көрінеді…» деді бір сәт. Бұған қуанып қалған Нұркен:

 

– Апа-ау, әңгімеңді бірден осыдан бастамайсың ба? – деп жатыр қалбалақтап. Кенжеханның колледж бітіріп, енді жоғары білім алу үшін институтта сырттай оқып жатса да, жөнді жұмыс таба алмай жүргені арқасын аяздай қарушы еді. «Оңды бопты, баянды болсын!..» деген ол кейінгі кезде өндіріске маман тартуда қазақстандық жастарға деген көзқарастың күрт жақсарғанына іштей шүкіршілік етті.  

 

Нұркен  Жексенұлының ойына өзі астын сызып оқыған Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты» деп атап көрсеткені оралды. Қандай көрегендік, әрі батыл қадам! Енді ше, ірі мұнай кәсіпорындарында жергілікті кадрлар мүмкіндігін  пайдалануға бағыт ұстау қаншама қарапайым отбасыларына ырыс-береке сыйлап отыр десеңізші. Ол бұл орайда бүгінгі нақты ахуалды ойша безбендеп те көрді: 1993 жылы ТШО-дағы  қазақстандық қызметкерлердің үлесі 50 пайыз болғанын зор жетістік санаған болсақ, қазір бұл 86 пайызды құрап отыр! Тіпті, мұндағы орта буын қазақстандық басшылардың қатары жалпы жетекші құрамның 75 пайызына жетіпті. Маман-кадрларды жүйелі де, тұрақты оқыту және қайта даярлау жолға қойылып, соның нәтижесінде жауапты лауазымдарға тағайындалатын жергілікті тұрғындар саны да өскен.

 

Компания соңғы он жылдың көлемінде мамандарды оқыту ісіне 28 миллион доллар жұмсаған екен. Соның ішінде жыл сайын 125 қызметкерді шетелге тәжірибе жинақтауға жіберіп тұру дәстүрге айналған. 2002 жылы Теңіздегі ауқымды кеңейту жобаларын жүзеге асыруға дайындық мақсатында Атырауда кәсіптік оқыту орталығы ашыл-ған болатын. Осы жерден де мыңдаған жастар кәсіптік білім алып, электрик, ағаш ұстасы сынды кәсіп­терді меңгеріп шығыпты.

 

Біз де бірлескен кәсіпорынның жұмысымен жа­қынырақ танысқанымызда, онда қа­зақ­стандық қамту мәселесімен тікелей айналысатын арнайы бөлім бар екенін бай­қадық. Мұнда қазақстандық қамтушыларды дамы­тудың ішкі үдерістері мен жаңа әдістемелік есептерін жүргізеді. ТШО-ның кадр бөлімінің қызметкерлері әрбір қызметкердің әлеуетін ашуға баса мән бере­ді. Яғни, ТШО-да жұмысты ұйымдастырудың әлемдік үздік тәжірибесі пайдаланылып, әрбір қызметкерді дербес шыңдауға айрықша көңіл бөлінген. Мұндай тиімді тәжірибені барша кәсіпорын, мекемелердің қызметіне берік енгізу қажеттігін айқын сезіндік.               

 

 *  *  *

 

Соңғы кездері «қазақстандық қамту» деген ұғымның аясы бұрынғыдан да кеңейе түсті. Басты мақсат сол – елімізде табысты жұмыс істеп жатқан бірлескен кәсіпорындар қажетті өнімдерінің басым бөлігін қазақстандық өндірушілерден сатып алуы керек. Десек те, бірқатар кәсіпорындар­дың шетелдік өнімге құмартуы әлі де басылар емес. Сондықтан да, қазір елімізде осы «қазақстан­дық қамтуды» арттыру бәрінен де маңызды болып тұр. ТШО жұмыс істеген  жылдар ішінде бұл бағытта елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, жыл сайын қазақстандық өндірушілердің қатысу деңгейін көтеруге жұмыстанып келеді. Журналистермен бір кездесуінде «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Әнуарбек Жәкиев болашақта жаңа өнді­рістер құруға және қолда барын дамытуды ынталан­дыруға кәсіпорын белсене араласатынын да атап айтты.

 

– Қазақстандық қамтуды дамыту – ком­панияның арнайы қаржы, уақыт бөліп, күш-жігер жұмсап отырған басым бағыт­тарының бірі. Мұнай және газ министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бекіткен индустриялды-инно­вациялық даму стратегиясын жүзеге асыру үшін заңнамалар­мен бекітілген жаңа талаптар мен үдерістер, соның ішінде қазақ­стандық қамтуды анықтайтын жаңа әдістемелер аса қажет. Біздің арнайы бөліміміз осы қазақстандық қамтуды табысты жүзеге асырып ке­леді, – деді ол көкейде жүрген ойын ортаға салып. Осы жерде әңгімеге Теңіздей алып кенішті игеріп жатқан кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп, ТШО-ның қазақстандық үлесті дамыту үрдісін зерттеген Әсел Молдашева да араласқан еді.

 

– «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнынан өндірістік тәжірибеден өткенде инвестор­лардың қазақстандық қамту мәселесін зерттеу мүмкіндігіне ие болдым. Соңғы уа­қыттары қазақстандық қамту ұғымының аясы кеңейе түскен. Егер бұрын бұл ұғым бәзбір жобаларды жүзеге асыруға қатысушы қа­зақ­стандық компаниялардың үлесі (жалпы қаржыландырудың пайызы) деп түсін­діріліп келсе, енді қазақстандық қамту негізгі шарт ретінде қарастырылуда. Бұл – атқа­рылатын жұмыстардың нақты көлемі, қаржылық бөлігі, сонымен бірге, жергілікті қызмет­керлердің машықтары мен біліктілі­гін шыңдау және оларға өндіріс технологиясы мен басқару әдісін үйрету, жергілікті еңбек ресурстары мен келісім-шарт арқылы жергілікті өндіріске тарту болып табылады, – деді Әсел. – Меніңше, мұндай өзгерістің мәні зор. Осы ретте ТШО өз жобаларының елеулі бөлігін қазақстандық компаниялармен бірлесіп жүзеге асыруда. 2000 жылдардың басында қазақстандық компаниялардың тауарлары мен қызметтеріне жасалынған тапсырыс 1 миллион доллар шамасында болса, қазір ТШО-ның бір өзі жылына қазақстандық кәсіпорындарға 1 миллиард доллар кө­ле­мінде тапсырыс беретін дәрежеге жеткен. Қазіргі таңда «Инстальком», «Белкамит», АЗТМ секілді компаниялар ТШО-ның бір­неше жылдардан бергі сенімді серіктесіне айналған…

 

Нұркен Жексенұлы облыстық «Атырау» газетінің көктемдегі бір нөмірінен «Нефтестройсервис» ЖШС дамыту жөніндегі директоры Халиолла Ақдрашевтың сұхбатын оқығанын есіне алды. «Шыны керек, 90-ыншы жылдардың орта кезінде Қазақстанның өнеркәсібі үлкен қиындықты басынан кешірді. Егер Батыс Қазақстан аймағын алып қарасақ, тұрақтылық пен кейбір тұста даму үрдісі тек мұнай-газ индустриясында байқалды. Дәл осы кезде біздің компания өз дамуының негізгі сатыларынан өткен еді. Алғашқы тапсырысты біз сол кезде Теңізде жақсы беделге ие «Ведепсер» компаниясының субмердігері ретінде алдық. Түскен табыстың барлығы жұмысшылардың жалақысы мен компаниямыздың материалдық базасын жақсартуға жұмсалды. Құрал-жабдықтар сатып алынды, шеберханалар жөнделді, жұмысшылар үшін жатақхана салынды. Кезекті жақсы серпін алған кез 1999 және 2000 жылдары болды, сол кезде «Трайн 5» құрылысына және «12 бағдарлама» бойынша ТШО зауытын қайта жаңғырту ісіне қатыстық. Мұнда біз қомақты жұмыс көлемін алуымызбен қатар, одан да маңызды мәселе – біздің мамандарымыз «Бехтел – Енка» компаниясының шетелдік мамандарының басқаруымен өздерінің шеберлігін шыңдады.

 

2001 жылдан бастап, енді әжеп-тәуір өндірістік қуатымыз бен бір мақсатқа жұмылған ұжымымызбен жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмысшылардың біліктілігін көтеруге бағытталған Стратегия қабылдадық. Осы мақсатқа жету үшін компанияда оқу орталығы ұйымдастырылды. Біз жергілікті компаниялар арасында көшбасшылық орын алу үшін жоғары сапалы қызмет көрсету қажет екенін түсіндік. Аз уақыт ішінде жоғары нәтижеге жету арқылы келісім-шарттарды сапалы орындадық. Сондай-ақ, осы жылдары біз «Жергілікті компаниялар арасында ТШО-ның ең үздік мердігері атанамыз» деген ұранмен жұмыс істедік. Біз ол мақсатқа да жеттік, сөйтіп, 2004 жылы ТШО-мен тікелей шебер-келісім-шартқа қол қойылды. Содан бері біздің компания Теңізде жұмыс жасап жатқан зауыттың күрделі құрылыс бөлімінің жобаларын жүзеге асырып, күрделі жөндеу, қондырғыларға техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жыл сайын жасап келеді» деген екен Халиолла. Міне, қазақстандық қамтудың нақты мысалы дегеніміз де – осы.

 

 «Теңізшевройл» кәсіпорны 2008 жылы өндіріс қуаттарын кеңейту жобасын ойдағыдай аяқтап, екінші буын зауыты мен шикі газды айдау кешенін іске қосты. Осы іргелі істің нәтижесінде мұнай өндірудің орташа көлемі тәулігіне 75 мың тоннадан (600 мың баррельден) асқаны белгілі. Мұнай өндірумен қатар, кәсіпорында сұйы­тылған көмір-сутегі газын, бутан, пропан және қарапайым күкірт өндіру де жолға қойылған. Бүгінде күкірт тұтынушыларға төрт түрде – сұйық, кесек, түйіршік және қабыршақ күйінде жеткізілуде. Күкірт – ел экономикасы үшін үлкен мәні бар минералды шикізат, адамның тіршілік етуі және өсімдік­тердің дамуы мен өсуі үшін айрықша маңыз­ды инертті, уытты емес минерал. Теңізде өндіріліп жатқан мұнайдың құрамында шамамен 14 пайыз күкіртті сутегі мен басқа да күкіртті қоспалар бар. ТШО-ның газ өңдеу зауытында шикі мұнай мен ілеспе газ күкіртті сутегіден тазартылады, сөйтіп, сары түсті сұйық немесе қатты түрдегі қауіпсіз қарапайым күкірт алынады.

 

Елімізде мұнай-химия саласын әртараптандыруға байланысты да келешегі кемел жобалардың жүзеге асқанына куә болдық. Осы тұрғыда «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының 2008 жылы Тeңіз кeн oрнында екінші буынды зауытты іске қосқанын айрықша атап айтуға болады. 7 миллиард долларға салынған іргелі өндіріс ошағы шикі мұнайды тазартуға және дайындауға арнал-ған. Ілеспе газды залалсыздандырып, ртутты газды алауда жағуды мүлдем тоқтатқанын да үлкен жетістікке бағалауға болады. Бұл жоба да өз кезегінде алауды газ жағу көлемін 94 пайызға қысқартқан. Ал, бір ғана 2010 жылдың өзінде  ТШО-ның 1,35 миллиард доллар көлемінде қазақстандық тауарды сатып алып, отандық өндірістің алға басуына бастамашы болғанының өзі неге тұрады десеңізші. Ал, 2014 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 530 миллионнан астам АҚШ долларының қазақстандық тауарлары мен қызмет түрлерін сатып алды. Сөйтіп, 1993 жылдан бергі уақыт ішінде бұл сома 15,9 миллиард долларды құрағаны бағанадан бергі әңгімеміздің негізгі түйіні десе де болғандай.

 

– Меніңше, біздің ең басты жетістігіміз – қоршаған ортаны қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша атқарған жұмыстарымыздың табысты болғанында. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенімде ТШО мен «Шевронның» қазақстандық қамтуды дамытуға қосқан үлесі де әңгімеміздің негізгі арқауына айналды. Біздер индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын толық қолдаймыз. «Шеврон» компаниясы Теңіз кенішін игеруде ең жаңашыл технологияларды пайдалануда. Менің бұл сөзіме кеніште алғаш рет шикі газды айдау технологиясын іске асыру жарқын мысал бола алады, – деген екен «Шеврон» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Джон Уотсон баспасөз-ге берген сұхбатында.

 

Оның айтуынша, Теңіз кенішінің коллекторындағы өндірілетін мұнай қоры 2033 жылдың сәуір айына дейін 750 миллионнан 1,1 млрд. метрикалық тоннаға (6-9 млрд. баррель) жетеді. Теңіз кенішінің жалпы барланған қоры шамамен 3 млрд. метрикалық тонна (26 млрд. баррель), Королев кен алаңында 190 миллион метрикалық тонна (1,5 млрд. баррель) «қара алтын» бар. Ендеше, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны еліміздегі мұнай өнеркәсібінің флагманы болып, биік межелерді бетке ала алғы күндерге батыл қадам басып барады…

 

P.S.  Мемлекетіміз қазақстандық қамтуды, яғни, өндірісте қазақстандық қызмет көрсету түрлері мен отандық тауарларымызды кеңінен пайдалануды негізгі міндет етіп қойғандықтан, бұл бағытта қазірдің өзінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Мұның өзі жергілікті тауар жеткізушілер қызметінің әлемдік жоғары стандарттарға сай болуына ықпал етеді. Тағы бір ерекше атап айтар жай – бұл шағын және орта бизнестің кеңінен өркен жаюына да жол ашатындығы. Осы орайда ТШО 1997 жылы өзінің және тұтас мұнай-газ индустриясы мүддесі үшін қазақстандық кәсіпорындарды қолдаудың, нақтырақ айтқанда, шағын және орта бизнесті дамытудың Бағдарламасын қабылдаған. Содан бергі уақытта осы мақсатқа 9 миллион доллар қаржы инвестицияланып, 1400 жаңа жұмыс орнын ашуға қол жеткізілді. Айталық, далалық жағдайларға қажетті, коррозияға төзімді тұрба құбырларын шығаратын «MultiCorr» компаниясы – осының жемісі. Биыл жергілікті «West Partnership Production» компаниясының өнеркәсіп секторының қажеті үшін бір мәрте пайдаланылатын пластикалық ыдыстар өндірісі жөніндегі жобасы мақұлданып отыр. Міне, қазақстандық қамтудың іс жүзіндегі нақты көрінісі дегеніміз – осы.

 

(Жалғасы бар)

 

АЯЛАСАҢ, ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!

 

«Біз экологияға баса назар аудара отырып, бәсекеге қабілетті ұлттық брендтер құруға тиіспіз».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

…Былтыр Теңіз кенішіне кезекті сапарымыз барысында ТШО-ның үкіметпен және жұрт¬шылықпен байланыс бөлімінің бас менед¬жері Рзабек Дәуітұлы Артығалиев бірлескен кәсіпорын жайында көсіле ой толғаған еді.
– 2010 жылы ТШО мұнайшылары 25 миллион тоннадан астам «қара алтын» өндіргенін мақтанышпен айтуға болады, – деді білікті менеджер. – Алғашқы жылдарда бір миллиондық межені бағындырудың өзі үлкен жеңіс болып көрінсе, өзіңіз байыптап қараңызшы, бұл цифр қалайша толғантпайды?
Журналистер қауымын Теңіз кенішінде ауада босқа жанып тұрған газ мәселесі де ерекше толғандыратын. Осы орайда:
– Негізінен алғанда, бұл әуелден-ақ қоғамның ұдайы назарындағы мәселе болатын. 2009 жылдың соңында ТШО газды кәдеге жарату жөніндегі ерекше жобаны жүзеге асырды, соның нәтижесінде Қазақ¬станда тұңғыш рет ірі әрі технологиялық жағынан күрделі мұнай-газ кешенінде кә¬сіпорын жұмыс істегенде газды жағуды мүл¬де тоқтатты. Қазір шығарынды газдар¬дың өндірілген 1 тонна мұнайға шаққандағы үлесі 2,15 келіні құрайды. Бұл – мұнай өнер¬кәсібіндегі әлемдік деңгейдегі көрсет¬кіш, – деп Рзабек Дәуітұлы бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойылғанын да атап айтқан болатын.
Мен Нұркен Жексенұлына осы туралы айтқанымда, оның бұдан да тереңірек мәліметтерді білетінін бірден аңғардым. «ТШО-да атмосфералық ауаға мониторинг жүргізудің барлық шарттары қатаң сақталған. Өткен жолы арнайы барып танысқанымда кеніш аймағында және санитарлық қорғаныс аймағының периметрі бойында автоматтандырылған қоршаған ортаны бақылайтын 12 станса орналасқандығын көрдім…» деп маған беймәлім біраз жайдың бетін ашып берді. Айтса айтқандай-ақ, сол стансалардағы күкіртті сутегінің, көміртек және азот тотықтарының, көмірсутегінің, күкірт-тің қос тотығының ауадағы мөлшерін анықтауға мүмкіндік беретін американдық «Thermo Environmental Instruments» компаниясы шығарған ең жаңа анализаторлармен жабдықталыпты. Әрі бұл стансалар тәулік бойына жұмыс істейді.
-Осы жаңа метеорологиялық жабдық Теңіз кен орнының ортасында орналасқан көп функционалды метеостансамен бірге алауларда жоспардан тыс газдың жағылуы болған жағдайда атмосфералық ауаға мониторинг жүргізу үшін аса маңызды табиғат жағдайы, оның ішінде желдің бағыты мен жылдамдығы жөнінде шұғыл, әрі нақты ақпарат алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – дейді кәсіпорынның эколог-мамандары. – Оның үстіне, алау оты аймағына мониторинг жылжымалы зертхана арқылы күн сайын жүргізіледі.
Адам үшін ең қажеттісі – жұтар ауасының жұпар болып, денсаулығына нұқсан келмеуі. Осы тұрғыдан алғанда мұнай алпауыттарына қоршаған ортаға келтіріп жататын залалдарына орай ірі мөлшерде айыппұлдар салынып жататынын жиі естиміз. Сондайда айыппұл ауа болмайтынын, оның бүлінгенді қалпына келтіруге жұмсалғанынша қаншама жанның ғұмырына түрлі аурулар арқылы балта шабылатынын ойлағанда төбе шашың тік тұратынын қайтерсің?! Мойындау керек, кейде осындай кінә ТШО тарапына да тағылып жататыны бар. Ендеше, бұл кәсіпорында ондай олқылықты болдырмау мақсатында нендей кешенді шаралар қолға алынып жатыр?
Нұркен Жексенұлы осы бағытта да өзіндік зерттеулер жүргізіп көрген екен. Әрбір саналы азаматтың өз денсаулығына қоршаған ортаның әсері, оған айналадағы табиғатты пайдаланушылар тарапынан болып жатқан әсер хақында білуге және талап қоюға құқылы екендігін сезіне алу қандай ғанибет! Оның үстіне, айрықша белсенділіктің болуы да құптарлық. Өз басым «азаматтық қоғам» деген әдемі сөздің астарына енді ғана бойлағандай болып, оның пайымдауларына құлақ түрдім.
-Біз кейде байыбына барып алмасақ та, ауызбен орақ оратынымыз, бостан-босқа ғайбаттайтынымыз бар ғой. «Теңізшевройл» кәсіпорнының ауаға тарайтын ластағыш шығарындыларды қысқартуға бағытталған кешенді шараларын жүйелі жүргізіп келе жатқанына көзі жеткен жан бұлай ойламас еді, – деді Нұркен. – Менде мынадай нақты дерек бар: Мұнай өндіру көлемі 2013 жылы 27,1 миллион тоннаға өссе, шығарындылар көрсеткіші 2000 жылғы 8,3 кг/тоннадан 2013 жылы 2,34 кг/тоннаға түсті. Яғни, осы уақыт аралығында мұнай өндіру көлемінің 158 пайызға артуына қарамастан, жалпы шығарындылар көлемі 72 пайызға азайыпты.
Кешенді мониторинг дегенге келетін болсақ, бұл ТШО-да топыраққа, жерасты және сарқынды суларға, радиацияға бөлек-бөлек жүргізіледі екен. Мәселен, 2013 жылы өндіріс аумағында жүргізілген радиация сәулесін бақылау көрсеткіші радиацияның 0.02-0.09 мкЗв/сағат көлемінде өзгергенін (өндіріс нысандарында эквивалентті мөлшердің рұқсат етілген деңгейі 2,5 мкЗв/сағаттан артық болмауы тиіс) көрсетті. Сондай-ақ, ТШО-да сарқынды сулардың барлық түрлері төгілмес бұрын алдын-ала тазартудан өтеді. Өндірістік сарқынды су және жаңбыр сулары тазалау нысандарында механикалық және биологиялық өңдеуден өткізіледі. Табиғатты қорғау шараларының үздіксіз орындалуының арқасында ТШО-ның ластағыш заттар шығару үлес көлемі мұнай тоннасына шаққанда 2000 жылдағы 0,3 килограмнан 2013 жылы 0,08 килограмға дейін азайған.
Пайдалы қазбаларды өндіру, геологиялық барлау-іздестіру, құрылыс және басқа да жұмыстарды жүзеге асыру барысында топырақ жамылғысының бүлінуі, техногендік рельефтің пайда болуы және басқа да жер жағдайының өзгеруі орын алатыны – қалыпты құбылыс. Мәселен, Теңіз және Королев кеніштерін игерумен байланысты жұмыстар ХХ ғасырдың 70-інші жылдарының аяғынан бері жүргізіліп келеді. Міне, осы жерге де ұдайы мониторинг жүргізіліп, қалпына келтіру шаралары алынуда. 2005 жылдан бастап 1131 га адам әсерінен бүлінген жер қалпына келтіріліп, олардың негізгі бөлігін рельефі бұзылған алаңдар құрады.

 

* * *
Қоршаған ортаны қорғаудың ең басты шараларының бірі – көгалдандыру. «Жасыл желек – жанға сая» деп текке айтылмаған. Нұркен Жексенұлы бұл бағытта ТШО-ның жүйелі жұмыс бағдарламасы бар екендігіне ана жолы Құлсарыда өзі куә болған «Достық» саябағының ашылу салтанатында анық көз жеткізген болатын. Ол былтыр осы кәсіпорынның Жылыой ауданын көгалдандыру пилоттық жобасын бастағанын есіне алды.
Қазірдің өзінде «Достық» саябағында, 5-інші ықшамауданда, футбол алаңында, Ізбасов көшесінің бойында және №9 мектеп аумағында 2 мың шегіршін, үйеңкі және шаған көшеттері отырғызылды. Енді Жаңа Қаратон және Қосшағыл ауылдарында жасыл аймақтар жасау қолға алынды.
Десек те, «Мен қауіп еткеннен айтамын…» деп ақын Мұрат Мөңкеұлының айтқанындай, біздің ендігі алаңдайтынымыз – қазір «тұсаулы» тұрған Қашағанға қатысты ахуал, теңіз қайнарынан мұнай өндірудің қауіп-қатері мол екендігі. Біріншіден, бұл құрлық жер қойнауы емес, су астындағы кен, оны бұрғылаудың қиындығы жетіп жатыр. Екіншіден, көмірсутегі қоры тым тереңде шоғырланған, әрі ішкі қабаттық қысым өте жоғары. Мұнай құрамында күкіртті сутегі мен меркаптан да өте көп. Сондықтан да, ірі апаттық ахуал туғызатын тәуекелдердің десі басым. Осыны ойлағанда, дүниені дүр сілкіндірген Мексика шығанағындағы атышулы оқиғадан сабақ алу жайы еске түседі.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, әлі қазақстандық та, шетелдік те мұнай компанияларының бірде-бірі оның жүз пайыз қауіпсіздігіне кепілдік бере алмай отыр. Бұл қаржылық, техникалық және адам ресурстарының жетіспеушілігіне байланысты көрінеді. Әзірге мұнай бұрқақтарын ауыздықтау, өртті сөндіру, теңізге мұнай төгілуін болдырмау қызметіне дайындық деңгейі төмен. Осыған орай мемлекеттік органдар мұнай төгілу апаттарының алдын алу және оның зардаптарын жою жөніндегі Ұлттық жоспардың жаңа редакциясын жасақтапты. Қазір бұл құжат ведомствоаралық келісім сатысынан өткен.
Расында да, Каспийдің сол-түстігіндегі қазу жұмыстарын жүргізу Қазақстан мен Ресейге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, басқа мемлекеттердің үлесіне тиесілі теңіз бөліктеріндегі мұнай қабаттарында күкіртті сутегі жоқтың қасы. Мұны бүкіл саналы ғұмырын мұнай барлау ісіне арнаған білікті геолог, Ботақан, Ровное және басқа да кен орындарын тұңғыш ашушы Мақаш Рахметов те атап айтып отыр.
Теңіз түбінен мұнай игерудің өзімізден бұрынғы тәжірибелерін мұқият зерттеп отыруымыздың да мәні ерекше. Айталық, әзірбайжандықтар Каспий қайраңынан «қара алтын» өндіруді ертеден-ақ бастап, елдің бәрінен бұрын теңізді ластап үлгерді. Соның кесірінен Баку аймағында көптен бері бекіре тұқымдас балық саны күрт кеміп кетті. Ғаламтор деректеріне жүгінсек, соңғы жылдары Бакудың шығыс жақ бағытында су бетінде қалқып жүрген мұнай дақтарының радиусы 8 шақырым су бетін жауып үлгерген. Ал, Баку бухтасының өзінде мұнай қалдықтары тұнбасының қалыңдығы бір метрге жеткені де баспасөзде жарияланып жүр.
Осының бәрін естіп, көріп отырғанда, Қашағанды игеруден бұрын қауіпсіздігімізді жүз пайыз қамтамасыз етіп алуымыздың аса қажеттігі туындайды. Осы орайда геолог Мақаш Рахметов Каспий теңізінде геодинамикалық бақылауды қазірден бастап күшейту қажеттігін айтады.
– Бұл, ең болмағанда, техногендік апаттың қаншалықты жақын қалғанын жобалап, біліп отыруымызға мүмкіншілік береді. Бұл үшін сейсмикалық байқау күн сайын дерлік жүргізілсе де артық емес, – дейді ол.
Біз де көпті көрген, соның ішінде талай-талай мұнай бұрқақтарын ауыздықтауға қатысқан білікті де, тәжірибелі геолог ағамыздың ұсынысын қолдаймыз. Өйткені, теңіз – тіршілік көзі. Ол бүлінер болса, теңіздегі бүкіл флора мен фауна қоса құриды, адамдар да зардап шегеді.
Тағы бір атап айтар мәселе: Қашаған кен орны қай кезде болсын мұнай бере бастаса-ақ, Қарабатандағы мұнай химиясы кешені де өз жұмысын бастайды. Атырау қаласынан бар-жоғы отыз шақырым жерде орналасқан алып зауыттың өңір экологиясына залалын тигізбеуі де қазірден-ақ түбегейлі шешіліп қоюға тиіс. «Қарабатаннан қалаға дейінгі автожолдың екі қапталына тұтастырыла жасыл желек отырғызылып, экологиялық жасыл белдеу жасалады» деген әңгіме әуелден бар. Ірі компаниялар тарапынан бұл бастама бірауыздан қолдау тауып, бүгінде олар сөзден іске көше де бастады. «Болашақ» зауыты мен вахталық қалашық арасындағы жер теліміне жасыл қорғаныштық сипаттағы тал-теректер отырғызуға дайындық жұмыстары басталып та кетті.
Осындағы питомникте басқа жақтан әкелінген тал көшеттері жерсіндіріледі екен. Менеджерлердің айтуынша, «Аджип ҚКО» компаниясы тағы да 300 мың тал-терекке арналған жаңа орман питомнигін жасақтамақ екен. Онда бүгінде жойылып кету сатысында тұрған жергілікті декоративті және жеміс талдары өсіріліп, сақталады. Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде «Болашақтың» аумағы түгелдей жасыл желекке бөктеріліп тұрмақ көрінеді. Іске сәт!

* * *
Экологиялық қауіпсіздік шараларын алдыңғы кезекке қою – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының да басты ұстанымдарының бірі. Біздің кейіпкеріміз – Нұркен Жексенұлы өзі осы кәсіпорынның түрлі өндірістік бөлімшелерінде қызмет атқарып келе жатқандықтан да, бұл жағын жақсы біледі. Ол маған ұңғылардың өнімділігін арттыру мақсатында алғаш рет биыл «Жайықмұнайгаз» басқармасында гидравликалық қысыммен жер қыртысын жару жұмыстары жүргізілгендігін әңгімелеп берді. Қазіргі уақытта алты ұңғы осы тәсілмен жұмыс жасап, өнім алынуда екен.
Биылғы жылдың тағы бір жаңа жобасы – «сызықтық желі» (линейный привод) тәсілімен мұнай өнімдерін алу. ТМД-да теңдесі жоқ жаңа бастама тек осы өндіріс алаңында ғана қолданылады. «Татнефть» ААҚ-мен арадағы әріптестік меморандум талаптарына сай, осы жылдың ақпан айында сол елдің өкілдері бізге іссапармен келген сәтте, бұл қондырғылармен танысып, оның тиімділігі жөнінде біраз мәліметке қанық болған-ды» дейді «Жайықмұнайгаз» басқармасы бастығының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Руслан Абшеев бізбен әңгімесінде. Расында да, өндірісті аралау барысында таныс болғанымыздай, бұл тәсілдің де тиімді тұстары өте көп екен. Мәселен, адам күшін аз пайдаланатын жаңа құрылғы қызмет атқарғанына біраз болғанына қарамастан, су жаңа күйінде. «Экологиялық жағынан да таза, ток көзін үнемдейтіні тағы бар. Шығынсыз, әрі барлық қажетті көрсеткіштер арнайы бөлігінде анық көрсетіліп тұрады» дейді мамандар. Ал, сәйкесінше, жоғарыда аталған әріптестік меморандум шарттарына сай, «Татнефть» ААҚ-нан әкелінген, мультифазалық сорғыны да биылғы жылдың жаңалығы ретінде атап өтуге болады. Жерасты байлығының сапасын сол күйінде сақтай отырып, орталыққа тікелей жеткізетін бұл қондырғының саны әзірге біреу болғанымен, келер жылы көбейтілмек. Сондай-ақ, Оңтүстік-Шығыс Новобогат алаңына қарасты «Лиман» блогының іске қосылуы да өндіріс көлемін арттыра түсуге ықпал еткені анық. Енді қосылмақшы ілеспе газды тазарту және кәдеге жарату қондырғысынан да күтілер нәтиже орасан.
Сапар барысында «Жаңаталап» мұнай-газ өндіру цехында да біраз бастаманың ел игілігі жолында өнікті қызмет етіп жатқандығына куә болдық. Цех басшысы Әділжан Қадыралиев сұйықтық айдау және жинау бекетін іске қосу жұмыстары аяқталуға таяу екендігін айтты. Толықтай автоматтандырылған жаңа құрылғының мүмкіншілігі де мол. «Бірнеше шақырымдық қашықтықтағы нысандардың жай-күйін спутниктік желі арқылы жұмыс бөлмесінде отырып-ақ бақылауға мүмкіндік бар» дейді цех басшысы. Ал, бесінші разрядты оператор Қибатолла Құбашев өндіріс алаңындағы жұмыс барысымен толық таныстырып, өзінің тікелей бақылауындағы 40 ұңғыманың автоматтандырылған жүйеге көшуде екендігін жеткізді.
Малды өңір саналатын шалғайдағы Қызылқоға өңірінен «қара алтын» қазынасы табылғанына аса көп бола қойған жоқ. «Қайнармұнайгаз» басқармасына қарасты «Шығыс Молдабек» кен орнында биылғы жылы екі бу жіберу, екі су айдау сынақ алаңдарының жобасы жасақталуда екен. Өндірілген өнімнің сапасын арттыру мақсатында қолға алынып отырған жұмыстар заманауи талаптарға толықтай сай келеді.
Әсіресе, біраз жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан су мәселесінің биылғы жылы нүктесі қойылды десе де болады. Жаңадан іске қосылған МА-2 су тұшыту қондырғысының арқасында темір жол тасымалы арқылы жеткізіліп келген ауыз су мәселесі шешіліп отыр. 40 тонна су беруге қабілетті жаңа нысан бұрын қолданыстағы «Гизер» беретін өнімді толықтырып, нәтижесінде жерасты суы тазартылып, тұрмыстық қажеттілікке жарауда. Ал, тәулігіне 1000-1500 текше өнімді айдауға қабілетті май жинағыш үш пункттің ашылуы да орталыққа жіберілетін мұнай қорын еселеп арттырды.
Жалпы, мұнай өндіру ісі өте күрделі. Кішкене ғана мәселенің үлкен кедергілер туғызуы әбден мүмкін. Бір-бірімен сабақтас жүретін сала мамандарының қай-қайсысының да өз ісі, өз орны бар. Ал, айтып келмейтін апаттың алдын алу аса маңызды. Ендеше, осы орайда қауіпсіздік шараларының сақталуы – басты шарт.

 

P.S. Жер қойнауы байлығын ел игілігіне айналдыру бар да, оның қоршаған ортаға залал келтірмеуін қадағалау бар. Екеуі де – бір-бірінен маңызы бір кем емес міндеттер. Сондықтан да, Табиғат-ананың бергенін оған кесір тигізбей ала білудің заманауи әдіс-тәсілдері өңірдегі ірі мұнай компанияларында ізденіспен жүзеге асырылуда деп сеніммен айтуға негіз бар. Біз сараптама жасаған ауаға зиянды қалдықтар шығаруды азайту, көгалдандыру бағытындағы ауқымды істер – осының айғағы. Бұл да – кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігінің басты бір тармағы. Аяласақ, табиғатты аялайық, ағайын!

 

ЭПИЛОГ
Осы сараптамалық очеркіміздің басында айтқанымыздай, Кеңес өкіметінің дәуірлеген тұсында да «қара алтынын» тонналап тапсырған Атырау өңірі мешел баланың күйін кешіп, күлдікөмеш қалпында қала берді. Ресейдің деревнялары әр көктем сайын жасарып, жаңарып жатқанда, біздің бейнетке белшесінен батқан мұнайшыларымыз тұратын Қаратон, Сарықамыс, Мақат, Доссор секілді кент-теріміз жұртта қалғандай күй кешті. «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» көкелеріміздің сол түйедей төзімділігі, бәлкім, көнбістігі шығар, қоңырқай ғана тірліктерін місе тұтты. Жіліктің майлы басын Мәскеу ұстап, жергілікті жұртқа сүйек-саяқ қана тастап отырды. «Бізге осы да жарар, осыған да шүкір» деген мойынсұнушылық пен бойкүйездік сол уақытта қазақ үшін өлшемге айналғаны да ақиқат. Осы үрдіс тәуелсіздік алғаннан кейін де едәуір уақыт кегежені кері тартты. Әлеуметтік-тұрмыстық саладағы жылдар бойы қордаланған проблемалардың ен байлықтың үстінде отырған Атыраудың өзін де мүлде тұралатып жібергені рас.
Аллаға шүкір, қазіргі ахуал басқаша. Күндіз сілесі қата еңбек етіп, кешкісін көже-көкірін ішіп, көпшігіне қисая кететін атыраулықтардың да қазір кәдімгідей санасына серпіліс кірген. Жүзіне күлкі үйірілген жұрттың жарқын болашаққа деген ынта-құлшынысы басым, еңбекке деген ерік-жігері ерен. Үміттен сенім басым түскен шақ бұл. Соның арқасында болар, Атырау аймағының келбеті де, оның тұрғындарының тұрмыстық ахуалы да соңғы кездері үздіксіз көтеріліп келеді. Міне, мұнда мемлекеттік саясаттың маңызды бір бағыты болып отырған жер қойнауы байлығын игерушілердің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезінуінің де зор үлесі жатыр.
«Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасын дамытудың таяу жылдарға арналған перспективасында негізгі локомотив болып қала береді» деп атап айтты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. «Қазақстан әлемнің ірі мұнай экспорттаушыларының қатарына кіреді» деп те тұжырымдады Мемлекет басшысы. Олай болса, мұнайлы өлке ешқашан да мұңаймауға тиіс. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні де осы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз