ОҚУШЫЛАРҒА – ТЕГІН ОҚУЛЫҚ

Біздің елімізде көп балалы, аз  қамтылған отбасының оқушы балалары үшін түрлі іс-шара қолға алынған.

 

Соның бастысы – «Мектепке – жол», «Мектепке – оқулықпен!» акциялары. Өткен жұма күні облыстық білім басқармасы қызметкерлері Атырау қазақ-түрік лицейі базасында аталған акцияларға қатысты шара өткізді.

Осынау қайырымдылық акцияларының көздеген мақсаты – оқушы балалардың мектепке тыңғылықты дайындықпен баруы. Бұл күні облыстық білім беру басқармасы  мен соған қарасты мекемелер дайындаған киім-кешек көп балалы отбасының қыздары Әсем мен Алинаға тарту етілді. Сондай-ақ, қазақ-түрік лицейінің шәкірттері де оқулықпен толық қамтылды.

– Бәріңізге белгілі, оқушыларды мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтитын «Мектепке – жол» акциясы тамыздың 1-і мен қыркүйектің 30-ына дейінгі аралықты қамтиды. Тамыздың 20-сындағы мәлімет бойынша, облыста 7 861 бала өздеріне қажетті мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтылып үлгерді. Екінші, мектептерді оқулықтармен қамту жұмысы да ойдағыдай жүруде, – деді бізбен арадағы әңгімеде облыстық білім беру басқармасының бөлім бастығы Алмагүл Қайырлиева.

Аталған басқарма мамандарының айтуынша, былтырғы жылдағыдай кітап тапшылығы, ата-аналар мен балалардың кітап іздеп сандалуы, дүкендердегі ұзын-сонар кезек биыл орын алмайды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз