
Өзіміздің өндіріс. Өзіміздің өнім
Жоғары жылдамдықтағы интернет пен телевизиялық арналарды сапалы қабылдауға талшықты-оптикалық кабельдер қажет. Осы өнім енді өңірімізде өндіріле бастады. Бұл – отандық өндірістің қуатын арттырып, импортқа тәуелділікті азайтады. Мұнайлы өлкеде фиброполистиролбетон өндірісі де қарқын алып келеді. Әдетте қарапайым қалқаннан бастап, кеңсе мен тұрғын үй қасбеттерін сәндеуге дейін пайдаланылатын бұл материалдың ерекшелігі – жеңіл болғанымен, жылуды жақсы сақтайды. Өзге елдерден жеткізілетін баламаларынан кем түспейді. Осындай маңызды жобалардың жүзеге асуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары айрықша серпін беріп отыр.
Ұзақмерзімді жобаларға басымдық беріледі
Еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытудағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының үлесі ерекше. Ол бүгінде кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жүзеге асырып келеді. Яғни, жеңілдікпен қаржыландыру, несиенің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға мүмкіндік береді. Осы арқылы мыңдаған кәсіпкер өз ісін бастап, өндіріс аясын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр.
Биыл «Даму» қоры қызметінде жаңа кезең басталды: ұйым ауқымды трансформациядан өтуде. Бұл өзгерістер кәсіпкерлерге бұрыннан таныс қолдау тетіктерін сақтай отырып, олардың ішкі құрылымын жетілдіруге, яғни қаржы мен қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға бағытталған. Енді қордың жұмысы жылдамырақ әрі нәтижелі болмақ.
Сарапшылардың айтуынша, қор алдағы уақытта тұрақты және ұзақ мерзімді даму тетіктеріне көбірек көңіл бөледі. Бұл бағыт кәсіпкерлердің тәуелсіз дамуына, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға және ұлттық экономиканың серпін алуына ықпал етпек.
«Даму» қорының қаржылай қолдауының арқасында соңғы жылдары микро және шағын бизнестен бастап, орта және ірі кәсіпорындар деңгейіне дейін көтерілген кәсіпкерлер саны артып келеді. Бұл – елімізде бизнестің жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел.
–«Даму» қоры ұлттық даму институты болғандықтан, еліміздің барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнестің сапалы дамуына жәрдемдеседі. Бұл – экономикаға айтарлықтай серпін береді. Сондай-ақ экономиканың басым салаларының тізімі айқындалды. Олар: өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, денсаулық сақтау мен білім беру. Атырау облысында 2010-2024 жылдар аралығында мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер 9 500 жаңа жұмыс орнын ашты. Олар бюджетке 605 млрд. теңге салық төледі, — дейді «Даму» қорының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалының директоры Ернар Жұмағалиев.
23 жобаға – 6 млрд. теңге
Биыл маусым айында жеңілдікпен несиелейтін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылған. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралына балама болып, кәсіпкерлердің қаржыны кідіріссіз алуына мүмкіндік береді. Ол бойынша инвестиция, айналым қаражатын толықтыру және қайта қаржыландыруға несие алуға болады. Қор ұйымдастырған баспасөз-туры аясында білгеніміздей, 12,6 пайыз мөлшерлемемен қаржыландыру лимиті елеулі. Инвестицияға 7 млрд. теңгеге дейін, айналым қаражатына 3,5 млрд. теңгеге дейін қарыз беріледі. Облыста осы бағдарлама бойынша жыл басынан бері 23 жоба жалпы сомасы 6 млрд. теңгеге қолдау алды.
Кепілдік беру құралы бойынша биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен құны 7 млрд. теңгеге дейінгі және 7 млрд. теңгеден асатын жобалар үшін екі «Кепілдік қоры» іске қосылды. Енді кәсіпкерде кепілзат тапшы кезде «Даму» қоры 7 млрд. теңгеге дейінгі қарызға кепілдікті 2 жұмыс күні ішінде береді. Бұл аймақтық жобаларға несие алуға жол ашпақ.
Инженерлік жүйелер нарығындағы жаңа серпін
Елімізде құрылыс саласындағы инновациялық шешімдерді ұсынатын «Домино Групп» ЖШС бүгінде өнеркәсіптік және азаматтық нысандарға арналған инженерлік жүйелерді жобалау, жабдықтарды жеткізу, монтаждау және іске қосу-жөндеу қызметтерін табысты жүзеге асырып келеді. Компания сонымен қатар ауа баптау, жылыту және желдету жүйелеріне арналған спиральді орамды ауа арналарын өндіру арқылы отандық нарықта өз орнын нығайта түсті.
Бүгінде «Домино Групп» қызмет ауқымын айтарлықтай кеңейтіп отыр. Бүгінде компания жергілікті мердігерлік жұмыстарды орындаудан бастап, тұрғын үй ғимараттарынан ірі коммерциялық нысандарға дейінгі кешенді құрылыс жобаларын іске асыру деңгейіне көтерілді. Бұл қадам кәсіпорынның жаңа белеске шығуына, сондай-ақ тапсырыс берушілердің сенімін арттыруға мүмкіндік бермек.
–Қордың қолдауымен қаржыландыруға қол жеткіздік. Қазір желдету жүйелерін шығаратын цехта 12 маман жұмыс істейді. Ал тәуліктік металл өңдеу көлемі шамамен 5 тоннаға жетеді, — дейді серіктестіктің өндіріс жөніндегі директоры Федор Ефремов.
Жұмыс барысында компания жоспарлау мен бақылаудың заманауи әдістерін, соның ішінде цифрлық құралдар мен процестерді стандарттау жүйесін енгізген. Ал алғашқы ірі нысандарды сәтті аяқтап, жобаларды уақытында әрі сапалы тапсыру – «Домино Групптың» басты ұстанымы.
Биыл компания бизнесті кеңейту мақсатында айналым қаражатын толықтыру үшін «Дамудың» көмегімен екінші деңгейлі банк арқылы қаржыландыруға қол жеткізген болатын.
Сапалы байланысқа — талшықты-оптикалық кабельдер
Отандық кәсіпорындар өңірлердегі шағын және орта бизнестің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Солардың бірі – «Континент Ко ЛТД» өндірістік-коммерциялық фирмасы ЖШС. Еліміздің батыс өңірінде телекоммуникациялық бағыттағы талшықты-оптикалық және құрамында мыс бар кабель өнімдерін шығаратын жалғыз кәсіпорын болып табылады.
Компания өз өндірісінде озық технологиялар мен жоғары дәлдікке негізделген жүйелерді қолданады. Бұл тәсіл берілген параметрлердің сапалы сақталуына және халықаралық стандарттарға сай өнім шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда зауыт жылына 36 мың шақырымнан астам кабель өнімін өндіріп, 100-ден астам түрлі талшықты-оптикалық кабель түрін нарыққа ұсынады.
Мұндай өнімдердің басты артықшылығы – жоғары жылдамдықтағы интернет байланысын қамтамасыз етуі, телевизиялық арналарды сапалы қабылдауға жағдай жасауы және телефон байланысының сенімділігін арттыруы. Осы арқылы «Континент Ко ЛТД» тек аймақтық емес, республикалық деңгейде де телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуына үлес қосуда.
– Осыдан оншақты жыл бұрын зауыттың құрылысы басталған болатын. 2015 жылы біз құрылысты аяқтап, кәсіпорынды іске қостық. Біз тұрақты түрде «Дамудың» қолдауымен бірнеше жобаны жүзеге асырып келеміз. Бұл жолы да қосымша құрал-жабдық сатып алуға, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 180 млн.теңге қаражат алдық. Соның нәтижесінде жұмыс өнімділігін 1,5 есеге арттырамыз. Жоғары жылдамдықты интернет желісі болу үшін кабельдер де сапалы болуы тиіс. Негізінен компаниямызда жастар жұмыс істейді. Дуальды оқыту арқылы колледждермен келісім-шартқа отырдық. Тәжірибе жинақтағаннан кейін көпшілігі біздің зауытта жұмысқа қалады. Әрине, алдымен ішкі нарыққа жұмыс істейміз. Алдағы уақытта алыс-жақын шетелдерге өнім экспорттау жоспарымыз бар. Біздің өнімді сатып алушылар – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы,-дейді «Континент Ко ЛТД» бас директоры Семен Хван.
Компания бірнеше жыл бойы мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысып келеді. Субсидиялау және кепілдік беру құралдарының көмегімен кәсіпорын өндіріс қуатын арттырып, жаңа жабдықтар енгізіп, өнім сапасын жетілдірді. «Континент Ко ЛТД» – батыс өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның технологиялық даму бағытын айқындайтын, заманауи өндірістің үлгісіне айналған кәсіпорын. Бір қызығы, заман талабына сай кабельдердің көлемі де өзгеріп келеді екен. Егер бұрын құрамында мыс бар кабельдер жуан болса, қазіргі өнімдер жіңішкелеу келеді. Бірақ өткізу қабілеті бұған дейінгі кабельдерден сапалырақ болады.
Сэндвич-панельдер — жылылық пен әсемдік кепілі
Отандық құрылыс материалдарын өндіретін «Теплый дом» ЖШС табысты жобалардың қатарынан орын алып отыр. Компания фасад термоплиттерін (жылуфасадтар), сондай-ақ пенопласт пен фиброполистиролбетоннан жасалған сәндік элементтерді шығару арқылы еліміздің құрылыс индустриясын дамытуға өз үлесін қосып келеді.
–Кәсіпорынның тұрақты дамуы мен өндіріс көлемін арттыру үшін қосымша қаражат қажет болды. Біз «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен ынтымақтаса отырып, екінші деңгейлі банк арқылы «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 12,6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Алынған қаражаттың арқасында заманауи өндірістік жабдықтар сатып алдық. Жоғары жылу оқшаулағыш қасиетке ие, жеңіл әрі төзімді сэндвич-панельдер өндіретін жаңа желіні іске қостық. Бұл панельдер үйлер мен ғимараттардың құрылысы кезінде кеңінен қолданылып, жылу мен дыбыс оқшаулау сапасын арттырады, монтаждауға ыңғайлы әрі тиімділігімен ерекшеленеді. Тәулігіне 1500 шаршы метр сэндвич-панель өндіреміз. Кәсіпорнымыз 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде қордың қолдауымен төрт жобамыз іске асты,-дейді «Теплый дом» ЖШС құрылтайшысы, бас директоры Арман Сағдығалиев.
Жаңа өндіріс желісін жалпы өндірістік циклге біріктіру компанияға айтарлықтай тиімді болмақ. Яғни, басқа жеткізушілерге тәуелділік азайып, ішкі өндірістік қабілет артпақ. «Теплый дом» компаниясының бұл жетістігі – отандық өндірістің қуатын арттырудың және шағын бизнестің тұрақты дамуына бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының нақты нәтижесі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



