Өзгеріс өңірден басталады

razvitiefarm1 Экономика

 Агроөнеркәсіптің кешенді де табысты дамуына септігін тигізетін істердің өңірлерде де өркен жайып отырғанына көз жеткізу қиын емес. Мұны облыс фермерлерінің өздері де растайды.

Ризабек ЖАҚСЫБАЕВ, Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

– Ауданда соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын уақыт талабына сай дамытуға, соның ішінде мал тұқымын асылдандыруға айрықша назар аударылуда. Оған осындағы бірқатар шаруашылық құрылымдары атсалысып келеді. Мәселен, «Жанерке» шаруа қожалығы (жетекшісі Айсұлу Әлмұратова) өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 20 млн. теңге несие алып, Ресей елінен 35 бас асыл тұқымды сиыр малын сатып алды. Осы бағдарлама бойынша «Әбішев Ж.К» ШҚ (Жұмабек Әбішев) қарызға берілген 19,5 млн. теңгеге 650 қой, сондайақ, «Бекет» шаруа қожалығы (Бауыржан Ғұбайдуллин) да Ресейден 100 бас асыл тұқымды «Герефорд» сиырын сатып әкелді. Бұдан басқа «Мерей» ШҚ (Алмас Аманбаев)да биыл несиеге алған 90 млн. теңгеге 150 асыл тұқымды сиыр, 400 қой мен арнаулы ауыл шаруашылығы техникаларын алып отыр. Мұндай шаруашылықтарға несиеден бөлек субсидиялар беру арқылы да қаржылай қолдау көрсетілуде. Шаруагерлер де қолына алған істерін соған сай дамытуға жұмыстануда. Және бір айта кетерім, құм өңіріндегі 30 шаруа қожалығы қыстақта отырып жерсеріктік интернет желісіне қосылып, ауыл, ауданмен сенімді байланыс орнатқан. Қысқасы, аудан өмірінде жағымды жаңалықтар аз емес.

Қонысалы ТӨЛЕУОВ, Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімі:

 – Кейінгі кездері мұнайлы өңір – Мақат ауданында өнеркәсіппен қатар ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылып, басымдық беріліп келеді. Осынау үрдіске біздің Бәйгетөбе елді мекенінің тұрғындары да ілесіп, ден қоя бастады. Бүгінде шаруа қожалықтарын айтпағанда, өз ауласында мал ұстап, атакәсіпті серік еткен ағайындардың қатары көбейді. Олардың әсіресе, табысы көлкөсір деп есептелінетін қой малын өсіруге құлшынысы басым. Тұрғындар тіпті кезекпен мал бағуға дағдыланып алған. Кешкісін, ауылдың іргесін шаңдатып өрістен қайтқан ұсақ жандықты көрсең бұған көзің әбден жетеді.

Көшкінбай МАҚЫШЕВ, Қызылқоға ауданы Жантерек ауылының тұрғыны:

– Шағын ауылымыздағы алпыстан астам үйде 400-ге жуық жан тұрады. Былтыр жаңадан бастауыш мектеп салынып, бұрынғысы кітапхана мен медпунктке берілді. Ауыз су мәселесі шешілген. Ауылдастарымның күнелтіс көзі мал болғандықтан оған жазда жайылым, қыста азық керек. Осы жағы қиын соғып тұр. Жылдан-жылға өріс тарылып барады. Бар жердің өзі шаруа қожалықтарының иелігіне беріліп кеткен. Шөп шабатын шабындық та ауылымыздың маңынан табылмай тұр. Сол себепті, дайын пішеннің бір байламын 5 000 теңгеден сатып алуымызға тура келеді. Осындай жайттар нәпақасын қолындағы азды-көпті малынан айырып отырған ауыл тұрғындарының қалыпты тіршілігіне қиын тиюде. Оның үстіне, елді мекеннің үстімен теміржол желісі мен автокөлік жолын салып жатқан мекеменің топырақ тиеген машиналары өтіп, әрлі-берлі жүргенде ауылдың көшелерін шаңдатып кетеді.

Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметінше, мұнда да аграрлық саланы дамытуға көңіл бөлінгендігі аңғарылады.

Осылайша, былтырғымен салыстырғанда төрт түліктің саны айтарлықтай өсіп, сәйкесінше ет пен сүт өндіру көрсеткіші де жоғарылапты. Соңғы уақытта мал тұқымын асылдандыруға бағыт ұсталып, аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі саналатын «Достан Ата» шаруа қожалығында 500 бас асыл тұқымды қалмақ сиыры өсірілсе, еділбай қойының саны 2 800-ден асыпты. Сол сияқты, «Жаңа таң» ЖШС-інде бүгінде 3 200- ге тарта қаракүл қойы, 400-ге жуық қазақтың айыр өркешті түйесі бағылуда. Ал, бағымындағы еділбай қойының санын 835-ке жеткізген «Талап» шаруа қожалығы осы сала бойынша республикалық палатаға тіркелген. Атакәсіппен қатар өңірде егін шаруашылығы да өркен жайып келеді. Дегенмен қолбайлау болып тұрған қиындық жаздағы құрғақшылық пен қуаңшылық. Соған қарамастан, бар мүмкіндікті жұмылдырып, егін шаруашылығының көрсеткішін молайту мақсат етілуде. Сөйтіп, биыл ауданда аумағы 50 гектарды құрайтын егіс алқабына тиімділігі жоғары тамшылатып суару тәсілі қолданылды. Жалпы алғанда, 220 гектар жерге егін салынып, мұның сыртында 50 гектарға көпжылдық жоңышқа шөбі егіліп, одан 600 тонна өнім алынды.

Әділет ҮМІТҚАЛИЕВ, жеке кәсіпкер, Индер ауданы:

– Мал азығын дайындау, шабындық жайы қай кезде де өзекті мәселе. Оның шешімін табу жолында біздің ауданда да көптеген игі бастамалар қолға алынуда. Өңірдегі бірқатар шаруашылық құрылымдары бұрын егілген жоңышқа өсірумен шұғылдана бастады. Бұлардың қатарында өзім де бармын. Осы мақсатта канал бойындағы алқаптарды пайдаланып, 3 гектар жерге жоңышқа егіп, биыл алғаш рет өнім алдым. Менімен бірге «Тоқпай» шаруа қожалығы (Сағат Сауықов), т.б. әріптестерімнің есімдерін атауға болар еді. Мемлекет тарапынан қолдау да көріп отырмыз. Оның дәлелі – келісім-шартқа сәйкес, пайдаланған судың 85 пайызы субсидия түрінде төленіп, шығынымызды өтеуде.

Дайындаған: Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз