
Өзгенің шығарғанын өзіміз де шығарамыз
Индустриялық серпін мен технологиялық жаңғыру аймақ экономикасының жаңа тынысын ашып, заманауи өндіріс ошақтарының өркендеуіне жол ашып отыр.
Айталық, жылына 1,25 млн. тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы зауытқа қажетті шикізат өзімізде өндіріледі. Бүгінде алып жоба бойынша пиролиз қондырғысы алаңында қазық қағу және іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. Қазан айының соңына дейін дайын өнім шығаратын негізгі екінші қондырғы – полимерлеу қондырғысының құрылысын бастау жоспарланған.
Құрылыс қарқын алған кезеңде жоба 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтымақшы. Ал пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 800 тұрақты жұмыс орны ашылады. 2029 жылы кәсіпорынды толықтай аяқтау және іске қосу жылға жоспарланған. Зауыттың өндірістік бағдарламасына сәйкес, 20-дан астам маркадағы полиэтилен шығару қарастырылған. Оның 40 пайызы премиум санатындағы өнімдер болмақ.
Мұнайлы өңірден – өндірістік хабқа
Жақында Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов мұнайлы өлкеге жұмыс сапарымен келіп, іргелі жобалардың жүзеге асуымен танысқан болатын. Ол бұдан бұрын іске қосылған «KPI» ЖШС-нің полипропилен өндіру зауытында болды. Жылдық қуаты 500 мың тоннаны құрайтын кәсіпорын заманауи америкалық технология негізінде жұмыс істейді. Зауыт екі жылда 456 мың тонна полипропилен өндіріп, оның 430 мың тоннасын экспортқа жөнелткен.
Жыл басынан бері қаңтар-тамыз айлары аралығында зауытта 230 мың тонна полипропилен өндіріліп, оның 200 мың тоннасы экспортқа жіберілген. Негізгі нарықтар – Қытай, Ресей, Түркия және Еуропа елдері.
Кәсіпорында қап, орау материалдары, жиһаз, кілем бұйымдары, бір реттік ыдыс-аяқ және тұрмыстық тауарлар жасауға арналған полипропилен игеріледі.
Сонымен бірге вице-министр бутадиен және оның туындыларын өндіру жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Жобаны 2028 жылы іске қосу жоспарланыпты. Жылдық қуаты – 339 мың тонна өнім. Құрылыс-монтаж кезеңінде 2000-ға жуық жұмыс орны ашылады, ал кәсіпорынды пайдалану кезінде 750-ге дейін тұрақты жұмыс орны қамтамасыз етілмек.
Қазір бірінші технологиялық блокқа және екінші блоктың кеңейтілген базалық жобасын әзірлеуге мердігерді таңдау бойынша конкурс өткізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылы басталып, зауыт 2028 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Сапар аясында вице-министр «Интаго» ЖШС-нің полиэфирлік геосинтетикалық материалдар өндірісімен байланысты Өңірде теңдесі жоқ кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын жылына 15 млн. шаршы метр өнім шығарады. Зауытта толық өндіріс циклі іске асырылып, жол құрылысында қолданылатын материалдар өндіріледі. Бұл отандық өнімнің ішкі нарықта үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ вице-министр «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысып, KMG PetroChem кеңсесінде мұнай-газ химия саласындағы жобалар туралы ақпарат алды. «KUS» ЖШС алаңындағы АЭА-ның инфрақұрылымымен танысты.
Инновациялық экожүйе қалыптастыру керек
Десек те, индустриялық-инновациялық серпінді жолда бірқатар кедергілер де бар. Соның бастысы – кадр тапшылығы. Жоғары білікті инженерлер мен IT мамандар, автоматтандыру және өндірістік цифрландыру салаларындағы мамандарға сұраныс жоғары. Алайда «осы қызметке тұрамын» деушілердің қатары аз болып тұр. Бұл жағдай жергілікті білім беру жүйесіне үлкен жүктеме жүктейді.
Инфрақұрылымның жетілмеген тұстары мен логистикалық кедергілер – жаңа өндірістердің кең көлемде іске қосылуына тосқауыл болады. Бұған қоса кейбір кәсіпорындарда экологиялық талаптар мен тұрақты даму қағидаттарын ескеру жағы әлі де әлсіз.
Атыраудың индустриялық келешегі – тұрақты даму мен технологиялық жаңғырумен тығыз байланысты. Жасыл технологияларды енгізу, энергиялық тиімді өндірістерге көшу, қалдықтарды қайта өңдеу – осының бәрі өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы тиіс.
Инновациялық экожүйені қалыптастыру да маңызды. Бұл – өндіріс, білім, ғылым және бизнестің өзара ықпалдастығын арттыру арқылы жүзеге асатын кешенді процесс. Аймақтағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының әлеуетін өндіріс қажетіне бейімдеу – уақыт талабы.
Атырау үшін өзге де маңызды қадам – инвесторлармен тұрақты әрі сенімді байланыс орнату. Шетелдік және отандық инвестицияларды тарту үшін заңнамалық, әкімшілік және қаржылық жеңілдіктер қарастырылуы керек. Сонда ғана өңір инвестициялық тұрғыдан тартымды бола алады.
Геосинтетикаға сұраныс көп
«Интаго Қазақстан» ЖШС-нің полиэфирлі геосинтетикалық материал өндіретін зауыты іске қосылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Бүгінде 3 млн. шаршы метр өнімін экспорттауға келісім жасап үлгерген өңірде баламасы жоқ кәсіпорын ішкі нарықтың қажеттіліктерін де өтемек.
Иә, жол құрылысы кезінде пайдаланылатын тоқыма емес геосинтетикалық материалдар енді өзімізден шығарылады. Арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасқан кәсіпорын жылына 15 млн. шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы. Бұл бастама құрылысшыларды жергілікті тауармен қамтуға жол ашпақ. Әрі отандық өнімнің ішкі айналымдағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміз полиэфирлі материалдар бойынша импортқа тәуелділіктен арылмақ.
«Интаго Қазақстан» ЖШС бас директоры Азамат Асылбековтің айтуынша, еліміз бұған дейін шамамен 10 млн. шаршы метр тауарды Қытай, Түркия, Ресейден сатып алып келген екен. Демек, өнімге сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 3 млн. шаршы метр көлемдегі зауыт тауарына Ресей тарабымен экспорттық келісім шарт жасалған.
Компания шығарылатын өнімнің 40 пайызын экспорттауды жоспарлап отыр. Қалғаны ішкі нарыққа жұмсалмақ. Келесі жылы кәсіпорын қосымша 4 млрд. теңге инвестиция тартып, тағы 3 жобаны жүзеге асыруды жоспарлапты. Бұл 160 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, кәсіпорын Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан нарығына шығуды ойластыруда.
– Полиэфирлі геосинтетика материалына Ресейде де, Қазақстанда да сұраныс жоғары. Нарықтағы орын бос деуге болады. Бұл зауыт соның орнын толтырады деп сенеміз. Оның үстіне өнім әзірлейтін қондырғылардың да сапалы екеніне көзіміз жетіп отыр. Әлем бойынша сапасы жағынан үшінші орынды иеленген теңдессіз кәсіпорын екенін білеміз. Біз қазірдің өзінде зауыттың төрт ай бойы шығаратын өнімін Ресейге сатып алуға келісімге келіп отырмыз. Өйткені өнімнің бағасы қолжетімді, сапасы жоғары, — дейді «КНТП-геосинтетикалық материалдар» ЖШҚ байқау кеңесінің төрағасы Михаил Комаров.
Атырау облысында шикізаттық база қалыптасқан. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, жас таланттар бар. Бірақ инновациялық индустрияға толық көшу үшін көптеген міндеттерді орындау қажет болады. Егер осы бағыттар жүйелі түрде қолға алынса, Атырау облысы болашақта Қазақстан мен ТМД аясында инновациялық өндірістік хабқа айналуы әбден мүмкін.
Айбөпе САБЫРОВА
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА



