Жарнама
Экономика

Өзен жағасындағы өркендеген өңір

Ел дамуы өңірдің дамуынан басталатыны ақиқат. Осы орайда республиканың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өзіндік үлесін қосып отырған өңірлердің алдыңғы легінде Махамбет ауданын атауға болады. Жайық өзенінің жағасын бойлай орналасқан бұл аудан экономикасының жетекші саласы – ауыл шаруашылығы. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев өз әңгімесінде өңірдің агроөнеркәсіп секторындағы жетістіктеріне нақты тоқталды.

Агросекторда серпіліс бар

Аудан басшысының айтуынша, биыл барлығы 5100 гектарға жуық алқапқа егін салынған. Егін шаруашылығымен шұғылданатын 71 шаруа қожалығы және жеке сектордың күшімен 218 гектарға картоп, 1036 гектарға көкөніс, 516 гектарға бақша және 3311 гектарға малазықтық дақылдары өсіріліпті. Оның көлемі былтырғы көрсеткіштен екі есе артқан. Күзгі жиын-терім жұмысы жүйелі әрі уақытында жүргізіліп, дақылдардың қай түрінен де сапалы өнім алынды.

Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 20 шаруашылықтан берілген 416 тонна жеңілдетілген дизель отынына, 11 шаруа қожалығынан берілген 270 тонна аммиак селитрасына (тыңайтқыш) сұраныс толық жүзеге асыпты.

Биыл ауданда төрт түліктің басы өсті. Атап айтқанда, сиырдың саны 18936 (133,3%), жылқы – 9483 (103%), түйе – 5521 (109,2%), қой-ешкі – 45066 (100,9%) басқа жеткен. Осынша малдың бәрі есепке алынып, бірдейлендіру дерекқорына енгізілді. Жыл басынан бергі он айда – 3671,4 тонна сүт, 1447,1 тонна ет, 33 820,14 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Жаға бекіту жұмыстары жалғасуда

Елді мекендер негізінен Жайық өзенінің бойында орналасуына байланысты көктемгі су тасқыны кезінде үлкен қауіп төндіретіні белгілі. Сондықтан әр ауылда біртіндеп жаға бекіту жұмысы жасалып жатыр. Мысалы, Махамбет ауылының тұсында 4,5, Алға ауылының маңында 3,2 шақырым жаға бекітіліп жатса, Бейбарыс ауылында ұзындығы 1,8 шақырымға өзен жағалауын бекіту жұмысына жобалау-сметалық құжаты жасақталып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Осындай жұмыс Талдыкөл, Есбол және Сарытоғай ауылдарында жүзеге асуда.

Бүлінген инфрақұрылым қалпына келтірілді

Қазір аудан аумағынан 123 шақырым республикалық, 81,4 шақырым облыстық, 286 шақырым аудандық маңыздағы автокөлік жолы өтеді. 2023-2024 жылдары басталған ұзындығы 72 шақырымдық 9 ауылішілік және 2 ауылдың кірмежолын жөндеу биыл аяқталуы тиіс. Оның жалпы құны – 13 миллиард теңге.

Махамбетте автобус аялдамалары салынып, бірнеше ауылда автокөлік жолына қоса тротуар салынды. Барлық елді мекенге кірмежол төселген.

Былтыр көктемгі су тасқынынан бүлінген каналдар биыл жөнделіп, үздіксіз су берілді. Су тасқыны салдарынан ауданда ондаған үй, шаруашылық және кәсіпкерлік нысаны зардап шеккен болатын. Осыған орай арнайы құрылған комиссияға 31 тұрғыннан түскен өтініштің 14-і қанағаттандырылды. Соның нәтижесінде 6 тұрғынды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанамен қамтуға 120 миллион теңге жұмсалды. Ал, 4-еуінің үйін күрделі жөндеуден өткізуге 17 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Тағы да 4 адамның бүлінген жылжымайтын мүлкін бағалау актісіне сәйкес ақшалай жәрдем берілді. Дәлелді себептерге байланысты қалғандарының өтінішін қанағаттандыру мүмкін емес.

Айта кету керек, су тасқынынан ауданда бірде-бір әлеуметтік нысан мен ғимарат материалдық зардап шеккен жоқ. Сол кезде аудан орталығы мен Сарытоғайдың ортасындағы автокөлік жолы жырылып, уақытша көпір салынған болатын. Оны түпкілікті шешу мақсатында жергілікті бюджеттен 87 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, су өткізгіш 8 бетон тұрба салынып, бүлінген жол қайта қалпына келтірілді. Ортақшыл ауылына кіреберістегі жолдың бұзылған жеріне су өткізу құрылғысы жаңартылып, жолы жөнге келтірілді.

Шаруагердің шығыны өтелді

Табиғаттың тосын мінезінен ауданда барлығы 66 кәсіпкерлік субъектісі елеулі зардап шеккен болатын. Оның ішінде шаруа қожалықтары да, ғимараттар мен қора-жайлар да, ешкі сүтін өндіретін зауыт пен салынып жатқан жылыжай да, тіпті балық өсіру зауыты да бар. Солардан аудандық комиссияға түскен 94 өтініш негізінен жеміс ағаштары мен малы зардап шеккендер және егістік алқабы су астында қалған шаруашылықтардан қабылданды. Осылайша, комиссияның ұйғарымымен 69 шаруашылық пен жеке тұлғаға 742 миллион теңге шамасындағы өтемақы жергілікті бюджет есебінен төленген.

Одан басқа, қора-жайы мен қызметтік үйі зардап шеккендерден түскен 41 өтініш облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы арқылы қаралып, оның 29-ына 868,6 миллион теңге, сондай-ақ 3 жеке кәсіпкерге 44,5 миллион теңге көлемінде өтемақы берілді. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша барлығы 1,7 миллиард теңге жұмсалды.

foto 179

Жаңа жоба – қосымша қызмет

Соңғы жылдары аграрлық салада сәтті жүзеге асып, ауылдағы ағайын игілігін көре бастаған жобалар да жоқ емес. Мәселен, алдыңғы жылы «Н.Жұмағалиева» шаруа қожалығы Ақжайық ауылынан аумағы 4 гектар жылыжай кешенін іске қосса, «Атырау Чикен» шаруа қожалығы жылына 5000 тонна құс етін өндіру фабрикасын, «Айдана-Агро» ШҚ ауданы 5,6 гектар жылыжай кешенін, «А-Дана» жеке кәсіпкерлігі жылына 15 миллион дана шабақ өсіріп, 130 тонна балық өндіретін зауыт салуды жоспарлады. Жобалар толықтай іске асқан мезгілде жаңадан 100 жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыс көзімен қамтиды.

Қазір Ақжайық және Ортақшыл ауылдарында үш кәсіпкер тоған шаруашылығын ашумен шұғылданып жатыр. Оған қоса, ауданда заманға лайық қасапхана мен мал бордақылау алаңын ашу бағытында шаруа қожалықтары жұмысты бастап кетті.

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Ауданда тіркелген 1906 кәсіпкерлік субъектісінің 1789-і (93,9%) белсенді жұмыс істеп тұр. Олардағы жұмысшы-қызметкер саны – 1315 адам. Былтыр 19 нысан іске қосылса, биыл қатарға қосылған үш нысанның бірі – «Промгаз ВР» ЖШС-інің автогаз-жанармай құю станциясы. Қыркүйек айында пайдалануға берілген бұл кәсіпкерлік нысанында жанармай-газ құюмен қатар, дүкен, асхана, 14 орындық қонақ үй мен электромобильді қуаттандыратын орын да бар. Қазір мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта да сонша адам тұрақты жұмысқа орналаспақшы.

Жыл басынан бері Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалы арқылы 23 кәсіп иесіне несие берілді. Олар бұған «Агробизнес», «Бизнес-Аймақ» және «Еңбек» бағдарламалары бойынша қол жеткізіп отыр.

Қай шаруа да қаржымен шешіледі

Тоғыз айда аудан бюджеті кірісіне 4 574 469,1 теңге салық, 57 674,3 мың теңге салықтық емес түсімдер, 30 960,1 мың теңге негізгі капиталды сатудан және 7 811 480,0 теңге трансферттер түсті. Салықтан 3 123 135,5 мың теңге көлемінде табыс түсіп, болжам 146,5 пайыз орындалды. Түсімнің болжамнан артық орындалуы негізінен корпоративтік, жеке табыс, әлеуметтік салық, меншік түріне қарамастан алынатын мүлік, жер, көлік құралдарына салынатын салық түрлері есебінен жүзеге асты.

Ал салықтық емес түсімдер бойынша 54 010,0 мың теңгелік болжам 108,8  пайызға орындалды. Бұл жерде табысты негізінен мүлікті жалға беру, мемлекеттік сатып алу, айыппұл, өсімпұл және санкция салғаннан, өзге де салықтық емес түсімдер құрап тұр.

Тоғыз айда – мың адам

Жұмыс іздеген 2359 аудан тұрғыны жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 547 адам уақытша жұмысқа орналасыпты. Оның 71-і «Жастар тәжірибесі», 63-і «Күміс жас» бағдарламалары арқылы, 30-ы әлеуметтік, 359-ы қоғамдық жұмысқа орналасса, 2-еуі «Ұрпақтар келісім-шарты», 22-сі алғашқы жұмыс орнына қабылданған. Ал, 503 адам тұрақты жұмысқа алынды.

Skills арқылы қашықтан оқып, сертификат алған 125 адамға қоса, 184 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 20 адамға 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант берілген.

Жалпы жұмыссыздар саны – 957 адам. Мұның сыртында 80-ге жуық отбасынан 481 адамға 54339,8 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Осы отбасылардағы 1-6 жас аралығындағы 100 балдырған 4895,8 мың теңге қосымша төлеммен қамтылды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бағытында да ауқымды жұмыс бар.

Әлеуметтік саланың әлеуеті артты

Білім беру саласында өңірде 15 мектеп, 16 балабақша, 2 қосымша білім беру мекемесі мен бір психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс істеп тұр. Өткен оқу жылының қорытындысында білім сапасындағы сапа көрсеткіші – 61,2%. Зәмзам Ещанова атындағы балалар өнер мектебінде өнердің 14 түрінен 480 бала, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубында 10 секцияда 640 бала оқуын аяқтады. №8 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде 82 бала тәрбиеленді. Білім беру мекемелерінде барлығы 1053 педагог жұмыс істейді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен былтыр 4 педагог бюджеттік несие, 14 педагог бір реттік көтерме жәрдемақы, биыл 5 педагог бір реттік көтерме жәрдемақы алды.

Денсаулық сақтау саласында да нәтижелі жұмыс бары аңғарылады. Жылдан жылға медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, заманға сай жабдықтармен жарақтандыруға көңіл бөлініп отыр. Емдеу-сауықтыру мекемелерінің білікті дәрігерлермен, орта буын мамандармен қамтылуына күш салынуда. Ескірген қондырғы-жабдықтар жаңартылып, пациенттерді емдеп-сауықтыру мүмкіндігі біртіндеп артып келеді.

Тиісті талап деңгейінде жұмыс жүріп жатса да, саладағы кадр және құрал-жабдық тапшылығы алаңдатып отыр. Тұрғындар саны көбейіп, медициналық қамту контингентінің көбеюіне байланысты жаңадан салынып жатқан нысандар да баршылық.

Мәдениет пен спорт саласында да атқарылған жұмыс көп, жүзеге асуы тиіс жобалар аз емес. Өңірде өнердің өрісін кеңейтіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беретін заман үлгісіндегі мәдениет үйлері, дене шынықтыру кешендері салынып жатыр. Оларға жоспарға сай жөндеу жасалып, жарақтандыруға тұрақты көңіл бөлінуде. Осының бәрі мәдениеттің мәртебесін биіктетіп, спорттың бұқаралық сипат алуына оң әсері мен мол септігін тигізіп келеді.

eac 8653

Жолаушы тасымалы жақсара түсті

Тұрғындардың қалаға барып-келуі үшін Махамбет, Сарытоғай, Жалғансай, Сарайшық, Бейбарыс, Алға, Таңдай ауылдарынан тұрақты жолаушылар тасымалы ұйымдастырылды. Бұрын «Атырау-Махамбет-Сарытоғай» бағы-тындағы автобус күніне екі рет жүрсе, биылдан бастап халықтың сұранысы ескеріліп, күніне үш рет жүретін болды.

Осылайша, алдыңғы жылы «Атырау-Бейбарыс», биыл «Атырау-Таңдай» автобус маршруты ашылды. Оған «Атырау-Сарайшық-Жалғансай» бағыты қосылды. Жыл соңына дейін «Атырау-Ортақшыл-Махамбет-Ақтоғай» марш-рутын іске қосу көзделген.

Су тұтыну көрсеткіші жоғары

Былтыр ауданда 13 су тазарту қондырғысы күрделі жөндеуден өтті. Қазір Махамбет, Сарытоғай, Ақтоғай, Ортақшыл, Есбол, Сарайшық, Ескі Сарайшық, Талдыкөл, Бейбарыс, Ақжайық, Алға, Жалғансай, Таңдай ауылдарындағы су тазарту қондырғылары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, халықты сапалы ауыз сумен қамтып отыр.

Бұрын ауыз сумен қамтылмаған Бала Ораз, Атамбаев, Есмахан және Көздіғара ауылдарына жалпы ұзындығы 65 шақырым су құбыры тартылып, толық пайдалануға берілді. Жоба аясында су айдау мұнаралары орнатылып, қоршаулар салынды. Ішкі абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жарық шамдары орнатылды, ауылішілік су желісі тартылды. Осы ауылдар тұрғындары орталықтандырылған таза суды тұтына бастады.

Осындай игі істердің нәтижесінде аудан бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 98,1 пайызға жеткен. Жалғансай ауылындағы жаңа шағынаудандарға 5,1 шақырым ауыз су құбыры тартылды. Осындағы 16 шақырым жазғы су желісі жаңғыртылды. Талдыкөл ауылындағы әбден тозған жазғы су құбыры толықтай жаңартылуда. Алдағы жылдары Сарытоғай, Махамбет ауылындағы «Жаңа ауыл», «Шаттық» шағынаудандарында, Таңдай және Алға ауылдарында жазғы су құбырын күрделі жөндеу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды.

Электр желілері жаңғыртылуда

Аудан орталығындағы «Мерей» шағынауданы мен Жалғансай ауылында 2019 жылы басталған  электр желілерінің құрылысы биыл қыркүйекте аяқталды. Жоба аясында қуаты 16 мың кВт жаңа подстанция бой көтерді. Жобаның жалпы құны – 4 миллиард 423 миллион 625 мың теңге. Соның нәтижесінде Жалғансайдан 150, Махамбет ауылының «Мерей» шағынауданынан 1260, одан басқа 2362 жер телімін беру мүмкіндігі туды.

Бейбарыс ауылының жаңа шағын аудандарында электр желілері құрылысы аяқталып келеді. Жоспар бойынша жыл соңында пайдалануға беріледі. Алға ауылында да электр, газ және сумен жабдықтау желісі тартылып, түнгі жарық шамдары орнатылуда.

Тобықтай түйін

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев бізге осындай нақты ақпараттар мен мәліметтерді алға тартты. Қайрат Есқабылұлының түйіндеуінше, ынтымақ пен тату тірліктің арқасында махамбеттіктер кездескен кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңе білді. Өзен бойындағы өңірдің бүгінгі жетістіктеріне қарап, келешекте де көп істі тындыруға құлшынысы мол екенін байқау қиын емес.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Махамбет ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button