
Өңір экономикасына серпін береді
Атырау облысында әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүргізіліп, өңірдің экономикалық дамуына оң әсер етіп отыр. Биыл 27 мектеп салынуда, оның ішінде 4 мектеп пайдалануға берілді, ал 9 мектептің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Жаңа білім нысандары тек оқушылар үшін қолайлы жағдай жасаумен шектелмей, құрылыс және қызмет көрсету салаларына жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, жергілікті экономикаға қосымша серпін береді.
Мәдениет және спорт саласында да белсенді жұмыстар жүріп жатыр. Қазір 15 мәдени нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ, Атырау қаласында концерт залы, тарихи-өлкетану музейі, конгресс-холл және бейбітшілік пен келісім сарайы салынуда. Сонымен қатар 33 спорт кешенінің құрылысы басталып, биыл 11 кешен пайдалануға берілді. Алдағы жылы ауылдық округтердің барлығы 100% спорт кешендерімен қамтамасыз етіледі. Бұл жобалар өңірдің туризмін дамытуға, спорттық және мәдени қызмет көрсету секторларын белсендіруге, сондай-ақ, жергілікті жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, әлеуметтік нысандардың құрылысын дамыту тек халыққа қызмет көрсетуді жақсартып қана қоймай, Атырау облысының экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және құрылыс пен қызмет көрсету салаларының дамуына елеулі үлес қосуда.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Ашық дереккөз



