НЕСИЕ НЕСІБЕГЕ ЖОЛ АШСА ИГІ

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалуы қалай?

Елбасының биылғы Жолдауын насихаттау мақсатында Құлсары қаласына ат басын бұрған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов Қосшағыл селолық округінде тұрғындармен және аудан орталығында  «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында Мақат және Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жетекшілерімен, аудандық мәслихат депутаттары, поселке және селолық округтер әкімдері, сондай-ақ кәсіпкерлермен кездесу жиынын өткізді. Бұл жолы «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының орындалу барысы туралы ашық әңгіме үрдісінде өзара пікір алмасты, ой-ұсыныстарын ортаға салды.

 Алдымен өңірде осы бағдарламаның өткен жылғы орындалысы жөнінде Жылыой ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Қайрат Омаровтың хабарламасы тыңдалды. Мәлім болғанындай, бағдарламаның бірінші бағыты: инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша ауданда былтырғы жылы екі жоба іске асырылған. Ол – Ақкиізтоғай селолық округінде №10 жалпы білім беретін мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және Майкөмген селолық округінен отбасылық дәрігерлік амбулатория салу. Нәтижесінде 23 адам жергілікті жерден жұмыспен қамтылды. 

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету,  «Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» мақсатымен 27 несие алушыға 75,0 млн. теңге мал шаруашылығын дамытуға, қоян, құс бағуға, бейнетаспаға түсіріп суреттеу және көркемсурет графикасын жасауға, монша салуға, сұлулық салонын және тігін цехын ашуға, қалааралық тасымалдау қызметіне берілді. Кәсіби даярлау курсын 34 адам аяқтап, 33-і тұрақты жұмыспен қамтылды. 

Асхат Сахибеденұлы жиынға қатысушыларды бағдарламаны жүзеге асыруда және несие алуда нендей кедергі, не болмаса қиындықтар кездесіп отырғанын айтып, өздерінің ой-ұсыныстарын ашық білдіруге шақырды. 

Мақат аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Гүлжанар Өтешова бастаған мамандарының айтуынша, Ескенедегі вагон жөндеу зауытына жұмыс жасау барысында 600 маман қажет екен. Олар, әрине, темір жол мамандары. «Біз айтамыз: кәсіби жағынан, салалары бойынша мамандарды оқытып, даярлап беруге жағдай жасайық деп. Олар әлі күнге нақты ұсыныстарын, қандай мамандықтар қажет екенін ашып айтпай отыр. Егер жергілікті халыққа тілеулестік танытып жатса, қаншама халық жұмысты болып қалар еді». Мақаттық мамандар тұрғындар мүддесіне сай келіп, сұранып-ақ тұрған осы бір шаруаға депутаттық тұрғыдан ықпалдылық танытуға болмас па екен деген ойларын алға тартты.

Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Полымбет Хасанов биыл 2 млрд. 700 млн. теңге несие сұралғанымен оның жартысына жуығы ғана түсіп отырғанын, ал аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қайрат Бақтыгерейұлы соңғы үш жылда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде 767,0 млн. теңге бөлініп, бағдарламаға 1152 адам қамтылғанын, енді тіркелген 30-35 адамға несие қаржы мамыр айында түсетінін қаперге бергеннен кейін, несие төңірегінде әңгіменің тиегі ағытылып қоя берді. 

Несие неге бес айда, неге екі-үш айда қолға тимейді? Мысалы, егіншілер көктемгі егіске дайындықты күн жылына бастап кетпей ме? Жаңа Қаратондық Қуат Аташевтың айтуынша, 2012 жылы  3 млн. теңге несие алып, егіс салған. Көкөніс түйнектеген кезде судың көзі құрғап қалады, бұл – Жем суына Шоқпартоғайдан әрі қарай жол ашылған кез, сөйтіп шығынға батыпты. Жем суы тасымай қалған кезде күйіп кеткен егістік шығынына төленетін өтемақы механизмі де жоқ екен. «Қаралған қаражат көлемі егістің тұқым, тыңайтқышына және соляркіге,  жұмысшыларға төлемге жетімсіз» дейді ол. 

Тұрғызбалық Нұрлан Шегіров те үшінші топтағы мүгедектігіне қарамай, 3 млн. теңге несие алып, он жылқы сатып алғанын, жұмыс күшін айтпағанда, малды бағып күтудің өзіне, жыл бойына банкке төлемін төлеуге (6,7 пайыз) алған қаржысы жетімсіздігін алға тартады. Осындай несие алған шоқпартоғайлық Жеңіс Махамбетов «маған серіктестік аш деп талап қояды, оның құжаттарын жасақтаудың өзіне қыруар қаржы кетеді, онсыз болмай ма, мүмкіндігім келер емес» дейді. Қыс қаһарына мініп келгенде мал басының өлім-жітімі болмай тұрмайтыны тағы белгілі, оны сақтандыру үшін де қаражат көзін жырымдауға тура келетінін айтады шаруа қожалығының басындағылар.

Несие алушылардың көбі жиын барысында айтылғандай, шаруа қожалық иелері екен. Олар «несиені кепілдіксіз (үй-жай, мүлік, т.б.) беруге болмас па екен, оның орнына малымыз бар ғой» деген ұсыныс-пікірлерін де алға тартты.

Бағдарламаны орындау барысынан туындаған толғақты мәселелерді мұқият тыңдаған Парламент Мәжілісінің депутаты А.Бекенов үлкен шаруалардың бастау көзі болып отырған – несие қаржының түсімін мамыр емес, наурыз айына үйлестіру және оның шекті көлемін ұлғайту жөніндегі ұсыныстарды, кәсіпкерлердің басқа да айтқан пікірлі ойларын келелі мәселе ретінде жоғарғы деңгейде көтеретініне уәде берді.

Қаржау Оразбаев,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз