
Нақты нәтижеге бастар жол
Жүйелілік, ауқымдылық және кезеңділік – өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары екені сөзсіз. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан айтарлықтай жолдан өтті, дегенмен облыстар арасындағы өмір сүру деңгейі, инфрақұрылым мен мүмкіндіктердегі айырмашылық әлі де сезіледі. Сондықтан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткен бұл тәсіл – ел дамуы үшін өте орынды және уақыт талабына сай шешім.
Маңыздысы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қордаланған мәселелерді «бір сәтте шешу» емес, керісінше, ойластырылған, бірізді және кезең-кезеңімен іске асырылатын реформаларға басымдық беріп отыр. Бұл – жағдайды терең түсінудің көрінісі. Себебі ондаған жылдар бойы қалыптасқан теңсіздік жүйесін күрт өзгерту жаңа қиындықтарға алып келуі мүмкін.
Өңірлердің әлеуетін ашу идеясы да ерекше мәнге ие. Әрбір аймақтың өзіндік артықшылықтары бар – табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы, туризм, адам капиталы. Егер осы салаларды дамытуға жағдай жасалып, жергілікті тұрғындар белсенді түрде тартылса, нәтиже де ұзақ мерзімді әрі тұрақты болмақ.
Ең бастысы – айтылған қағидаттар іс жүзінде жүзеге асуы қажет. Жүйелілік тек дұрыс стратегияны ғана емес, сонымен қатар нақты бақылауды, жергілікті деңгейдегі адалдық пен азаматтардың қатысуын талап етеді. Осындай жағдай қамтамасыз етілсе, өңірлік реформалар елдің әділ әрі теңгерімді дамуына қуатты серпін беретініне сенім мол.
Людмила КӨБЕНТАЕВА,
ҚХП Атырау облыстық филиалы «Әйелдер қанатының» жетекшісі



