Жарнама
Экономика

Мұнай өңдеуге – жаңа серпін

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы АҚ және елдегі үш ірі мұнай өңдеу зауытының басшыларымен кездесті. Кездесуде 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы аясында өндірістік қуаттарды арттыруға бағытталған жобаларды жеделдету мәселесі кеңінен талқыланды.

Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты бірқатар маңызды жобалар күн тәртібіне қойылды. Атап айтқанда, АМӨЗ-дің өндірістік қуатын жылына 6,7 миллион тоннаға дейін ұлғайту, зауыт тиімділігін арттыру және жөндеуаралық кезеңдерді ұзарту жоспарланып отыр. Бұл қадамдар ішкі нарықты жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, жоғары қосылған құны бар мұнай-химия өнімдерінің экспортын ұлғайтуға жол ашады.

Министр Ерлан Ақкенженов зауыттың жаңғырту жобаларына ерекше көңіл бөліп, әрбір өндірістік нысан бойынша нақты мерзімдер мен орындалу барысын жіті бақылауда ұстайтынын жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсат – елді сапалы, отандық жанармаймен қамтамасыз етіп, шикізаттық тәуелділіктен арылу.

Кездесу соңында министр мұнай-газ өнеркәсібінің ардагерлері мен қызметкерлерін Мұнай-газ кешені қызметкерлері күнімен құттықтап, үздіктерді арнайы наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Қуаныш Бишімов марапатталды. Ал, мұнай-химия саласында 15 жылдан астам еңбек өтілі бар, мұнай тасымалының дамуына елеулі үлес қосқан Жібек Бердібековаға «Мұнай-газ саласының Құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.

Еркеназ ЕРКІНҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button