МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ: «ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ ҚАНДАЙ?»

Еліміздің бизнес саласындағы өткен жылдың үлкен жаңалығы – Елбасының тапсырмасымен шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына мораторий жариялануы еді. Ал, биылдан бастап жоспарлы тексерулерге өзгеріс енгізілді. Біз осы және басқа да өзекті мәселелер жайлы жаңадан құрылған Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мади Такиевпен сұхбаттасып, әңгіме өрбіткен едік.

– Салық және кеден органдарының міндеті айқын. Ал жаңа департаментке қандай жұмыстар жүктелді?

– Біздің департаментке қаржы полициясының экономикалық заң бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және болдырмау, сонымен қатар, «көлеңкелі» экономикамен күрес функциялары берілді.

– Тексеру тұрғысынан келгенде жеке және заңды тұлғалармен арада қиындық туғызып отырған жайттар бар ма? Тиісті салықты төлеуден бас тартқан азаматтармен түсіндіру, ескерту жұмыстары жүргізіле ме?

– Елбасының бақылаушы органдардың алдына қойған басты міндеті бойынша, бизнестің әкімшілік жүктерін жеңілдету мақсатында тексеру түрлері реттеліп, ықшамдалды. Салықтық әкімшілендірудің маңызды бағыттары айқындалды. Өткен 2014 жылы барлығы 2832 тексеру жүргізілсе, оның 2262-сі қосылған құн салығын қайтару туралы талап-өтініштерге қатысты болды. Жалпы, 2014 жылы бюджеттен 143 миллиард теңгеден астам қосылған құн салығы қайтарылды. Ал, басқа тексерулерге жыл бойына мораторий жарияланды.

Енді салықты төлеуден бас тартқан азаматтармен жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтейін. Оларға ең алдымен салық міндеттемесін, міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды есептеу мен төлеу міндеттемелерін орындау жөнінде хабарламалар беріледі. Бұл хабарламалар орындалмай қалса немесе орындалмауы туралы түсіндірме берілмесе, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

– Аймақ, аудандардағы салық жүйесін біріздендіру, жаңа электронды мүмкіндіктер мен заманауи құрылғыларды қолдану бағытында қандай істер атқарылуда?

– Мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеті – көрсетілетін қызметтердің сапасын жоғары деңгейге көтеру және салық төлеушілерге қолайлы жағдай туғызу.  Осы мақсатта 90 пайыздан астам салық төлеушінің мемлекеттік кірістер органдарымен құжаттар алмасуы электронды жүйеге ауыстырылды. Нәтижесінде салық төлеушілер өз кеңселерінен шықпай-ақ, салық есептерін жібереді, дербес есеп бетшелерін қарайды, мемлекеттік кіріс органдарынан жолданған хабарламаларды алады. Мұның өзі аймақтық мемлекеттік кіріс басқармаларында кезекті болдырмауға ықпал етеді.

 Сонымен бірге, жыл сайын электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер артып келеді. Көрсетілетін 52 мемлекеттік қызметтің 29-ы автоматтандырылған. Яғни, «Электронды үкімет» (www.t.gov.kz) және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер Комитеті ведомостволық порталдары арқылы жұмыс жүргізіледі. Өткен жылы облыс бойынша барлығы 52 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде электронды түрде атқарылғаны 39 мыңның үстінде (74 пайызды құрайды).

 Бүгінгі күні төрт аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларының жеті  селолық округінде орналасқан «Салық төлеушілер терминалы» арқылы салық төлеушілердің салық есептерін жіберу мүмкіндіктері жасалған. Ал, Атырау қаласында «Салық төлеушілер терминалы» «Дина», «Көктем», «Мұрагер» сауда үйлерінде орналасқан. Қала бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының «Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығына» кезектілікті басқарудың электрондық жүйесі (КБЭЖ) орнатылды.

– Ал жаңа міндеттер бойынша нендей жобалар іске асуда?

– Мемлекеттік кірістер органдары, бұдан былай кәсіпкерлерден тек салықтар мен кеден төлемдерін алып қана қоймай, салықты жеңіл әрі қолайлы жолмен төлеу тәсілдерін қолданып, сәтті әрі табысты бизнес-орта құруға себепкер болмақ. Мұнымен қатар, кәсіпкер ашық және әділ жұмыс істеуге тырысқан кезде өз құқықтарының толық қорғалатынына сенімді болуы тиіс, осыған жағдай туғызу көзделіп отыр. Салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасында тәуелсіз талдау жүргізіліп, соның нәтижесімен аудит ісі қолға алынуы керек.

Бірінші кезекте, салықтар мен кеден төлемдерін ерікті түрде төлеу деңгейін арттыруды көздеуіміз қажет. Енді, осы жылдан бастап жоспарлы тексерулер жүргізілмейді, жаңадан тәуекелдер деңгейін бағалау негізінде тағайындалатын іріктемелі тексеріс түрі енгізілді.Салық кодексіне сәйкес тексерулер іріктемелі және жоспардан тыс болып екіге бөлінеді.Сонымен қатар, өз еркімен таратылатын заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлерге аудиторлық мекемелердің қорытындылары негізінде таратылуға жеңілдетілген тәртіп енгізілді.

Сонымен қатар, салық төлеушілердің 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап, ерікті негізде электрондық түрде шот-фактураларды (ЭШФ) жазып беру мүмкіндігі пайда болды. Бұл салық төлеушілер үшін өте тиімді болмақ. Айталық, Еуропа елдерінде шот-фактуралардың 90 пайызы электрондық түрде ұсынылады.

– Атырауда салық төлеуден кімдер және қанша адам босатылған?

– Қазақстан Республикасының салық кодексінде белгіленген талаптарға сай, салық төлеушілерге жер, мүлік және көлік салықтарынан жеңілдіктер қарастырылған. Олардың қатарында – Отан соғысының ардагерлері және солармен теңестірілген адамдар, әр санаттағы мүгедектер, мүгедек балалар және т.б. бар. Мысалы, 2014 жылы Атырау облысы бойынша жер салығынан 7145 адам, мүлік салығынан 9373 адам, көлік салығынан 2608 адам жеңілдіктер алған.

– Салық төлеушілер мен салық органдарының арасында даулы мәселелер туындаған жағдайда департамент тарапынан қандай шаралар қолданылады?

– Салық органдары дара кәсіпкерлерден, жекеше нотариустерден, жеке сот орындаушыларынан, адвокаттардан, кәсіби медиаторлардан және заңды тұлғалардан салық міндеттемесін толық орындауды талап етуге міндетті. Орындамаған не тиісті дәрежеде орындамаған жағдайда, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мен салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. Ағымдағы жылдың 1-қаңтар жағдайына Атырау облысы бойынша салық берешегі шамамен 10 млрд.  теңге, оның ішінде жеке тұлғалардың берешегі 151,0 млн. теңге құрады.

2014 жылдың қорытындысы бойынша салық берешегін өтемегені үшін 7 522 салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операциялары, 3 321 салық төлеушінің касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылды.Банк шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу мақсатында 3 321 салық төлеушіге инкассалық жарлық қойылып, бюджетке 478,0 млн. теңге түсті.Мүлікке билік етуді шектеу туралы шешім негізінде 44 салық төлеушіге мүлік тізімдемесінің актісі жасақталды.Активтерді басқару және оңалту компаниясына 15 салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін өндіріп алу туралы қаулы шығарылып, мүлікті өткізуге тапсырылды.Аукционда алты салық төлеушінің 18,0 млн. теңгеге мүліктері өткізілді. Салық қызметi органдары мен олардың лауазымды адамдарының заңды талаптарын орындамағаны үшін 1121 лауазымды тұлға және жеке кәсіпкер әкімшілік жазаға тартылды. Жеке тұлғалардың салық берешегін өңдіру мақсатында сотқа 1 830 талап арыз жолданып, 438 өндіру жөнінде сот бұйрығы шығып, 106 жеке тұлғадан бюджетке 10,0 млн. теңгеден артық қаржы өндірілді.

Сұхбаттасқан

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз