«МӘҢГІЛІК ҚАЗАҚ ЕЛІ» – ОБЛЫСТЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫНЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ ОСЫ

Мұнайшылар күні мерекесінің құрметіне Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының ұйымдастыруымен «Мәңгілік Қазақ елі» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті.

Өнердің осы саласы дегенде ерекше елеңдеп отыратын жұртшылықты құттықтаған «Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев айтыскерлерге жыр додасында сәттілік тіледі. Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев аламанға жыр-тұлпарын сайлаған ақындарды сахна төріне шақырды.

Атырау өңірінде соңғы кезде өнерге деген көзқарас айрықша. Бұрындары әр ауданнан бірлі-жарым айтыскерлер сиректеу көрінетін болса, қазіргі таңда олардың саны қырыққа таяпты. Бүгінгі айтысқа сол ақындардың он үш жұбы қатысуының өзі – халықтың қазынасы саналатын төл өнеріміздің кеңінен өріс жаюының айқын көрінісі.

Аталмыш жыр додасына Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі айтыскер ақын Жәниба Қарасаева, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, ақын Қадыр Жүсіп, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов, ақындар, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегерлері Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбаева қазылық етті. Әр жұпқа жиырма минуттан уақыт берілді. Ақындар осы уақыт ішінде өздерінің ой ұшқырлығын, төкпелілігін, суырыпсалмалығын, философиялық тереңдігін көрсетуі тиіс.

Айтыстың беташарын Нұрболат Нұғыманов пен Жәнібек Садыров ашты. Жұртшылыққа соңғы кезде кеңінен танылып қалған қос ақынды жиналған жұртшылық  қошеметтеп қарсы алды. Ә дегеннен тізгінді қолға алған Нарыннан келген Нұрболат көпшілікті өзіне баурады.  «Нарыннан нартәуекел келіп тұрмын,

Кетсем деп дүбіріңе дүбір қосып» – дей отырып, құрдасқа тән жағымды әзіл-қалжыңды да ұмытпады. Оған Жәнібек те есесін жібермеуге тырысты:

«Қазақтың қара алтынға өкпесі жоқ,

Атағын алты қырдан әрі асырған» немесе

«Тұсында 93-тің Шевронмен,

Қазақстан қатынасын нақтылаған» деп, ТШО-ның Қазақстанға инвестор боп келген жылдарын еске алды.   «Бақытым – байлық емес, ең бастысы,

Көк байрағым желбіреп тұғырда тұр» деген Нұрболаттың өлең жолдары көрермендердің де мерейін асырды.

Ақын халық көкейіндегі айтылатын сырды өлеңімен жеткізеді десек, Жәнібектің «ЭКСПО өткізу де дұрыс шығар,

Ел болып өз алдыңа енші алғасын» немесе

«Нарықтың қыспағында қалт-құлт еткен,

Халықтың қалтасына қол салмасын» деген тұстарының жұртшылық қолпаштауына ұласқаны – осы сөзіміздің  дәлеліндей. Ол сөзінің соңында:

«Басқа әлем дағдарыс деп жатқан кезде

Қаймағын қара алтынның қалқып отыр» деп, қазақтың басына қонған бағының баянды болуына ақын жүрекпен тілеулестігін білдірді.

Екінші айналымға бес жұп өтті. Атап айтар болсақ, Серікбол Панабердиев пен Шынарбек Қабиев, Шалқарбай Ізбасаров пен Айзада Дәулекенова, Жәнібек Садыров пен Нұрбейбіт Нұғыманов, Сырымбек Сәрсенбаев пен Өнербек Дәулекенов және Ғалымбек Мұстафа мен Амангелді Панабердиевтер финалға қатысып, бас жүлдені сарапқа салды.

Шалқарбай мен Айзаданың айтысы қос құрбының жарасымды қалжыңы, қыз бен жігіттің, қайны мен жеңгенің назы мен базынасы ретінде есте қалды. Серікбол Панабердиев пен Шынарбек Қабиевтің айтысы да оралымды ойларымен елге ұнады. Құлсарылық Ғалымбек Мұстафа пен Амангелді Панабердиевтің айтысында өзін көкбөріге теңеген Ғалымбектің ағаға деген дөрекі де тұрпайы сөзі құлаққа түрпідей тигенін жасырмаймыз.  Қазылар алқасы екінші оралымға он минут берген болатын. Әділқазылар алқасының төрайымы Жәниба Қарасаева мен шараны жүргізіп отырған ақын Қойшығұл Жылқышиев «Шаппа-шап айтысыңыздар, ойларыңызды бір-біріңізге қысқа да, нұсқа жеткізіңіздер» деген талап қойды. Алайда, ақындар ол уақытқа сыймады, біреулері бір айналым ғана айтса, екіншісі кезекті бермей қойғаны да жасырын емес.

Айтыс қорытындысында қатысушылардың бәріне Алғыс хат табысталып, 50 мың теңгеден сыйақы берілді. Үшінші орынға Шынарбек Қабиев, Нұрбейбіт Нұғманов, Жәнібек Садыров табан тіреп, олардың әрқайсысына дипломмен қоса 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Екінші орын Айзада Дәулекенова мен Амангелді Панабердиевке бұйырды. Оларға дипломмен қоса 300 мың теңге тарту етілді. Бірінші орынға Шалқарбай Ізбасаров лайықты деп танылып, диплом және 400 мың теңгені иеленді. Ал, бас жүлденің дипломы мен оған арналған 500 мың теңгенің сертификаты Серікбол Панабердиевтің қанжығасында кетті.

Жыр додасының соңында оны жүргізуші, белгілі ақын Қойшығұл Жылқышиев пен қазылар алқасының төрайымы, айтулы айтыскер ақын Жәниба Қарасаева айтыстың алтын арқауы «Мәңгілік Қазақ елі» тақырыбы болғандығын, алайда айтыскерлердің бәрі бірдей оны аша алмағандығын атап айтты. Сондай-ақ, ізденістің аздығы, білім-танымның төмендігі, сөз сиқырына терең бойламаушылық та қазылар алқасының назарынан тыс қалмады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз