Жарнама
Экономика

Лизинг: көлік қолжетімді бола ма?

Ел Президенті жуырда Үкіметке елдегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру бағытында нақты шаралар әзірлеуді тапсырды. Осы тапсырманың алғашқы нәтижесі де көрініс бере бастады, енді қазақстандықтарға автокөлікті лизинг арқылы алу мүмкіндігі ұсынылмақ. Бұл – халық үшін жаңа көлікке қол жеткізудің тиімді әрі икемді жолы бола ала ма? Жалпы, лизинг дегеніміз не?

Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл бастама елдің көлік нарығын жандандырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетінін атап өткен еді.

«Соған сәйкес енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде «KIA Qazaqstan» зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Кәсіпорын болашақта басқа да жаңа көлік түрлерін шығарады деп сенемін. Осылайша, әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қостанай қаласының индустриялық аймағында бой көтерген «KIA Qazaqstan» зауыты – елдің машина жасау саласындағы маңызды жобалардың бірі. 2023 жылы іргетасы қаланған кәсіпорын 62,95 гектар аумақта орналасқан. Зауыт жылына 70 мың көлік өндіруге қауқарлы. Жалпы инвестиция көлемі – 131,5 миллиард теңге, ал ашылған жаңа жұмыс орындарының саны – 1500 адам. Өндірілген көліктер тек Қазақстан нарығына емес, Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де экспортталмақ.

Дегенмен жұртшылықтың лизинг атауын әлі күнге дейін толыққанды түсіне бермейтіні мәлім. Мұны біз жолыққан мамандар да жоққа шығарған жоқ. Белгілі автосарапшы Олжас Оқастан анықтап білгеніміздей, лизингтің енуі – отандық көлік нарығына жаңа леп әкелмек.

– Екінші деңгейлі банктердің қаржыландыру бағдарламалары тоқтаған жоқ. Ал лизинг сияқты әлемдік тәжірибенің Қазақстанда кеңінен қолданылуы – жақсы жаңалық, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Қазір қосылған құн салығының жоғарылауы мен теңгенің девальвациясын ескерсек, көлік арзандамайды. Бірақ лизингтің енгізілуі нарықты сәл қыздырып, азаматтарға қосымша мүмкіндік береді, — деді сарапшы.

Дегенмен, маманның пікірінше, көпшілік «лизинг» ұғымын әлі түсінбейді. «Қазірге дейін лизинг тек жүк көлігі мен арнайы техникаларға ғана беріліп келді. Сондықтан халық арасында бұл жүйеге деген түсінік пен сенім біртіндеп қалыптасады деп ойлаймын», — деді ол.

Автолизинг дегеніміз – көлікті ұзақ мерзімге бөліп төлеу арқылы пайдалану тәсілі. Яғни, азамат белгілі бір көлікті таңдап, лизинг компаниясымен келісім-шарт жасайды. Пайдаланушы өз иелігіндегі көлік үшін ай сайын белгілі бір соманы төлеп отырады. Барлық төлемдер толық өтелген соң, көлік заңды түрде толық иелікке өтеді.

Мұның басты артықшылығы – бастапқы жарнаның аз болуы және төлемді бірнеше жылға бөліп төлеу мүмкіндігі. Бұл, әсіресе, жастар мен жаңа кәсіп бастаушылар үшін тиімді. Сонымен қатар лизингке берілетін көліктер көбінесе жаңа және техникалық тұрғыда толық тексерілгендіктен, тұтынушы сапалы әрі сенімді көлікке ие болады.

Мамандардың айтуынша, автолизинг бағдарламасы көлік нарығын жандандырып, отандық өндірісті де қолдайды. Себебі Қазақстанда құрастырылған көліктер лизинг жүйесі арқылы халыққа қолжетімді бола түседі. Бұл тиісінше экономикаға серпін беріп, жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді.

Шынында да, автокөлік – бүгінгі өмірдің қажеттілігі. Ал оны алу жолы жеңілдесе, әр отбасының тұрмысын жақсартуға нақты қолдау болар еді. Лизинг жүйесі енді жүк көліктерінен бөлек, жеке адамға да жол ашпақ. Бұл тек жаңа қаржылық тетік емес, отандық автонарықтың өрлеу кезеңіне қадам.

Мәлике МӘЛІК

Сурет: pixabay

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button