Жарнама
Экономика

Көтере алмасаң… қосып арқала!

Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті «Атырау жылу электр орталығы» ЖШС-нің 2026-2030 жылдарға арналған жылу энергиясын өндіруге қатысты тариф жобасын талқылау жөнінде қоғамдық тыңдау өткізді. Отырысқа мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді билік органдарының өкілдері мен тұтынушылар қатысты. Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан департамент басшысы Арман Өтегенов өткізіліп отырған шараның қажеттілігі мен маңыздылығына тоқталды.

Өзекті мәселеге орай хабарлама жасаған «Атырау жылу электр орталығы» ЖШС-нің бас директоры Мақсот Әленовтың айтуынша, тарифтің өсуі табиғи газдың қымбаттауына, жабдықтардың тозуына және құны 5,8 млрд. теңге тұратын инвестициялық бағдарламаны іске асыру қажеттілігіне байланысты болып отыр. Нақтылай кетсек, серіктестіктің  атқаратын негізгі қызметі – электр мен жылу энергиясын өндіру және өткізу.

Бүгінгі таңда кәсіпорында бекітілген электр қуаты – 569 МВт-ны, жылу қуаты – 846 Гкал-ды құрайды.  Осыған дейін кәсіпорын тұтынушыларды жылумен жабдықтау қызметін зиянмен атқарып, жылу өндіруге кеткен шығындарды электр энергиясын генерациялау мен сату есебінен жауып келген. Алайда бұл қаражат  жоспарланған өндірістік іс-шараларды толығымен жүзеге асыруға жетпейтін. Сол себепті де осындай қадамға баруға тура келіп отырғаны ашық айтылды.

– Қоғамның талқысына ұсынылып отырған 2026-2030 жылдарға арналған тариф жобасына сәйкес жылу энергиясының құнын (қосымша құн салығынсыз) төмендегідей мөлшерде белгілеу жоспарланып отыр. Тарқатып айтқанда, жаңартылған тариф 2026 жылы – 8 314,93 теңге/Гкал; 2027 жылы – 10 148,43 теңге/Гкал (+22%); 2028 жылы – 11 624,64 теңге/Гкал (+14,6%); 2029 жылы – 12 342,84 теңге/Гкал (+6,2%); 2030 жылы – 13 192,26 теңге/Гкал (+6,9%)-ды құрайды, деп болжамдалуда. Биылғы шілде айынан бастап жылу тарифі өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегімен салыстырғанда екі есеге өсті. Нақтыласақ, былтыр жылу ақысы 1 Гкал-ға (қосымша құн салығынсыз) 3832,06-дан 4353,69 теңгеге көтерілді.  Айта кету керек, 2023 жылы да жылу бағасында өсім жағына қарай өзгеріс болған еді, — деді кәсіпорын басшысы.

Арнайы қондырғы көп мәселені шешеді

Облыстық мәслихаттың депутаты Арман Хайруллиннің пікірінше, кәсіпорын қазірдің өзінде жылу энергиясын өндіру шығындарын электр энергиясының тарифіне енгізіп қойған. Сызба тілімен түсіндіргенде, оны былайынша бейнелеуге болар еді: Табиғи газбен жұмыс жасайтын қазандық агрегаты суды ысытады, одан бу шығады, содан соң бу қысыммен турбина-роторды айналдырып, электр энергиясын өндіреді. Яғни қазандықты қыздыру кезінде алынатын жылуды өндіруге жұмсалатын шығын нақтысында электр энергиясы тарифіне кіріп кетеді. Шындығына келгенде, жылу энергиясын өндіру көлемі өндірістік шығындардың 15%-ын құрайды. Соның салдарынан жылдан жылға жылу-электр орталығының  шығындары ұлғайып келеді.

– Бұдан өзге, жылу энергиясын өндіруге жұмсалатын судың көлемі  де аз емес. Сол су екінші қайтара өңделіп, пайдаланылмайды. Соның нәтижесінде одан келетін шығын да шаш етектен. Дәлірек айтқанда, орталықтың технологиялық қажеттіліктерге жарату үшін Жайық өзенінен алатын судың  көлемі тәулігіне 70 млн. текше метрді құрайды. Содан соң ол құрамындағы тұздармен және сілтілермен қоса «жылы каналға» айдалады.

«Судың да сұрауы барын» ескеріп, онсыз да тапшылығы сезіліп отырған суды мейлінше үнемдейтін мезгіл жетті. Әсіресе, жазда, яғни күннің ыссы уақытында бу шығаратын жабдықтарды суытуға пайдаланылатын суды кәсіпорынның өзінде шығару үшін арнайы қондырғы орнату керек. Сонда пайданылған су қайтадан кәдеге жаратылып, үнемдеуге мүмкіндік берер еді. Мұндай мәселенің көтерілгеніне бір емес, бірнеше  жылдың жүзі болғанына қарамастан, проблемалар түбегейлі шешімін таппауда. Бұл да  бәрімізді ойландырып, толғандыратын жайт. Ал алдын ала жасалған есептеулерге сүйенсек, жоғарыда аталған қондырғы құрылысын салудың өзі ең кемі 20-22 млрд. теңгені қажет ететін көрінеді. Қалай еткенде аса қажет болғандықтан мәселенің шешімін кешеуілдетпеуге тиіспіз. Өйтпеген жағдайда, судың ысырабы азаймай, шығын көлемінің көбейіп, тарифтің өсуіне тікелей әсерін тигізері кәміл, — деп түйіндеді ойын халық қалаулысы.

Газдың да жайы мәз емес

Бас директордың сөзінше, тарифті көтеруге өтінім берудің тағы бір себебі, бүгінге дейін кәсіпорынды «көгілдір отынмен» жабдықтап, қажетін қанағаттандырып келген «Теңізшевройл» ЖШС-нің жаңа жылдан бастап мұндай қызметті көрсетуден бас тартуы болып отыр. Түсіндіруінше, жылу энергиясын өндіру процесінде табиғи газдың үлес салмағы 50%-ға жуықтайды екен. Бекітілген жаңа қағида бойынша, соның негізінде бекітілген ереже талаптарына сәйкес, бұдан былай серіктестік өндіретін табиғи газ тұтастай «QazaqGaz» ҰК» ұлттық газ операторына бағытталып, сонда жіберіледі.

Бұл ендігі жерде ұлттық газ компаниясы «көгілдір отынды» ТШО-ның араласуынсыз, тікелей «Атырау жылу-электр оралығы» ЖШС-іне ешқандай делдалсыз, тікелей сататын болады. 2025 жылдың 4 маусымында жолданған қызметтік хатқа сәйкес, «Атырау жылу-электр орталығы» мен «Теңізшевройл» ЖШС арасында рәсімделген бұрынғы келісім-шарттың әрекет ету мерзімі биылғы 31 желтоқсанда аяқталып, күшін жоятын болады. 

Білгеніміздей, аталған келісім-шартта жылу өндірумен байланысты бұрын бекітілген тарифтің қаржылай көлемі 1 млрд. 778,6 млн. теңгені құраса, 2026 жылдан бастап күшіне енуі көзделген құжатта ол бірден екі есеге көтерілгелі  отыр. Ал 2030 жылы бұл соманың 9 млрд. теңгеге жуықтайтыны болжамдалған. Сайып келгенде, мұның бәрі соңғы сатысында тұтынушыларға  тікелей әсер етіп, теріс ықпалын тигізері даусыз. Осы тұста «Атырау жылу-электр орталығы» ЖШС басшысының сөзіне сүйенсек, «Теңізшевройл» ЖШС жылу-электр энергиясын өндіруші кәсіпорынға тікелей сатқанда табиғи газдың 1 мың текше метрін 7 мың теңгеге, тасымалдап жеткізгені үшін қосымша 5 мың теңгеге (екеуін қосқанда 12 912 теңге) өткізіп келіпті. Ал алдағы жылдан бастап бұл қызметтің (тасымалдау құнымен қосқанда) 1 мың текше метріне 29 мың теңгеге дейін көтеріледі деген есеп жасалуда. Ол жыл сайын 9-11 мың теңге аралығында өсіп отырады. Дегенмен әлі де болса мұның алдын алып, жол бермеу үшін қазіргі уақытта облыс әкімдігі Энергетика министрлігімен, ТШО басшылығымен, басқа да мәселеге қатысты ведомостволар мен құрылымдардың өкілдерімен келіссөздер жүргізіп, бір мәмілеге келуге жұмыстануда.

Инвестициясыз ілгері басу болмайды

Сарапшы мамандардың пікірінше, тарифті көтерудің негізгі себептерінің бірі – әр жылы кәсіпорын бойынша бекітілетін инвестициялық бағдарламада көзделген іс-шаралардың жүзеге асырылуына қажетті қомақты қаражаттың тапшылығы болып отыр. Жобада келтірілгендей, алдағы бес жылда (2026-2030 жылдар аралығы) жоспарланған жұмыстардың (реконструкциялау, жаңғырту мен өндірістік қуаттарды қайта жарақтандыру, т.б.) орындалысын қамтамасыз етуге қажетті қаражаттың көлемі 5,8 млрд. теңге шамасында болады. Жобаны қаржыландыру салықтар мен аммортизациялық шығындарды (аударылымдарды) есептеп, түсетін нақты пайданы есепке алу жолымен жүзеге асады. Осылайша, жай және күрделі жөндеуге жұмсалатын қаржы 2026 жылы – 3,1, одан кейінгі жылдарда 2,4, 2,7, 3,9,  және 2,5 млрд. теңгеге тұрақтайды есептелінуде.

Оның үстіне Атырау жылу-электр орталығы өңірдегі байырғы энергетика нысандарының бірінен саналады. Мұндағы құрылғы-қондырғылардың дені тозығы жеткен. Инвестициялық бағдарламаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуы сөз жоқ, станциялардағы технологиялық процестердің үзіліссіз әрі қауіпсіз жүргізілуіне кепілдік береді.  

Бірінші  кезекте – тұтынушы құқығы

Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты басқосуға қатысқан қоғам белсенділері өз ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті. Олар нарықтық экономика талаптарына сай белгілі бір кезеңге тұтынушыларға көрсетілетін қызмет тарифтерін қайта қарап, мүмкіндігіне қарай оны өсіріп отыру заңды процесс екенін түсінеді. Әйтсе де, бірінші кезекте тұтынушының мүддесі ескеріліп, құқығы қорғалуы тиісті екендігі айтылды. Өйткені тұрмыстағы түйіткілді мәселелерге тарифтің көтерілуі қосылса, жұртшылыққа «көтере алмасаң, қосып арқаланың» кебін кигізетіні анық.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

«Атырау жылу электр орталығы»

ЖШС-нің бас директоры Мақсот Әленов:

Қоғамның талқысына ұсынылып отырған 2026-2030 жылдарға арналған тариф жобасына сәйкес жылу энергиясының құнын (қосымша құн салығынсыз) төмендегідей мөлшерде белгілеу жоспарланып отыр. Тарқатып айтқанда, жаңартылған тариф 2026 жылы – 8 314,93 теңге/Гкал; 2027 жылы – 10 148,43 теңге/Гкал (+22%); 2028 жылы – 11 624,64 теңге/Гкал (+14,6%); 2029 жылы – 12 342,84 теңге/Гкал (+6,2%); 2030 жылы – 13 192,26 теңге/Гкал (+6,9%)-ды құрайды, деп болжамдалуда. Биылғы шілде айынан бастап жылу тарифі өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегімен салыстырғанда екі есеге өсті. Нақтыласақ, былтыр жылу ақысы 1 Гкал-ға (қосымша құн салығынсыз) 3832,06-дан 4353,69 теңгеге көтерілді.  Айта кету керек, 2023 жылы да жылу бағасында өсім жағына қарай өзгеріс болған еді.

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button