Кеше асаба еді… Бүгінде бие байлап, күбі пісіп отыр!

1607066395 d yu v yu 2 Экономика

Бұрын асаба болып той-томалақта топ жарып жүрген атыраулық жігіт  – Мейірман Құрманәлиев бір-ақ күнде кәсібін өзгертті. Нақтырақ айтсақ, қолындағы микрофонын сегіз өрме қамшыға алмастырған ол бүгінде жылқы өсіріп, мал шаруашылығын дөңгелетіп жүрген жайы бар. Бұлай жасауына түрткі болған салмақты себеп те жоқ емес…

Өзінің айтуына қарағанда, еліміз бойынша енгізілген карантиндік шаралар көп адамның кәсіп ауыстыруына себепші болыпты.

– Жер жүзін жайлаған жұқпалы дерттің алдын алу үшін карантиндік шаралар ауадай қажет. Тек темірдей тәртіп орнатқан жағдайда ғана ауруды ауыздықтауға болады деп ойлаймын. Мойындаймын, карантин талаптарын сақтау барысында кәсіпкерлердің жолында кішігірім кедергілер орын алғаны рас. Бірақ, бұл тек уақытша қиындықтар деп қабылдаған дұрыс деп ойлаймын. Сол үшін бастаған ісіңнен бас тартуға да болмайды. Сондықтан мен де асаба мамандығынан біржола бас тартып жатқаным жоқ. Тек бар болғаны «той жоқ екен» деп қол қусырып жүргім келмеді. Сондықтан қазіргі қиын кезде той тойлай алмасақ та, төрт түлік түлетіп, жергілікті ауыл шаруашылығына өз үлесімді қосайын деп шештім. Бұл үшін еш өкінбеймін, – дейді Мейірман.

Расымен де, «мемлекет маған не берер екен?» деп аспанға алақан жайғанша екі қолға бір күрек тапқан жөн емес пе?! Есесіне, кешегі тамадамыз бүгінде зор сұранысқа ие кәсібінің мол нәсібін көріп отыр. Ал, «бір күнде бизнес бастап кету мүмкін емес, оның үстіне, мал бағу бәріне бірдей біте беретін кәсіп емес» дейтіндердің құлағына алтын сырға! Небәрі 29 жастағы кейіпкеріміз – «Еңбек» бағдарламасына қатысып бақ сынаған жандардың бірі. Осылайша, ол мемлекет ұсынған мол мүмкіндікті мүлт жібермей, аналық он жылқы сатып алғанын айтады. Шүкір, қазір жас кәсіпкер таудай талабы мен тынымсыз тірлігінің тәтті жемісін татып отыр.  

Мейірман алдымен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалына барып, ақыл-кеңес сұрапты. Ондағы мамандар қалай және қандай мақсатта несие алуға болатынын, барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берген екен. Сөйтіп, көп күн күттірмей, 4 миллион теңге несиеге берілген сұранысы да қабылданған. Оны кәсіпкер 6 пайыздық жылдық сыйақымен бес жыл ішінде өтеуі керек болады. Кредит төлеу шарттары өте ыңғайлы екенін түсінген шаруагер, тіпті, қаржылық каникулдан да бас тартып отыр. Шынымен де солай, «Еңбек» бағдарламасы жаңадан бизнес бастап жатқан жандарға өте тиімді. Ол әр адамға біреудің қарамағында емес, өзінің келешегі үшін жұмыс жасауға жағдай жасайды. Айтпақшы, биыл 289 атыраулық жалпы сомасы 1 192 021 000 теңгеге шағын несие алғанын айта кеткен жөн.

Алған биелері құлындағаннан кейін сүт сауып саумал сапырған кәсіпкер карантин кезінде ауруға шалдыққан науқастардың аз уақытта аяққа тұрып тап-таза жазылып кеткенін өз көзімен көргенін де айтады. Жылқы сүтін қымыз қылған оны арнайы іздеп келетін тұтынушылардың да қарасы көп.

– Иә, жасыратын несі бар, бұрын отбасылық салтанатты той-жиындарды басқарып, тамақ асырап келдім. Енді сайран салып, сауық құрған күндерім алыста қалды. Пандемия жоспарымыздың барлығын түбегейлі өзгертіп жіберді. Бұл тек Атырауда, болмаса, Қазақстанда ғана орын алып жатқан жоқ қой, шартарапты шыр айналып шықсаңыз да, осындай көрініске куә боласыз. Демек, бүгінгі сын шақта сабырлық сақтап, қандай кәсіптің болса да кілтін табуға тура келеді деген сөз. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген сөз бекерге айтылмаса керек.

Міне, карантин адамзат баласына барды бағалап, болашақты болжай білуді үйретті. Ендеше, әр сынақтан сабақ алуға тиістіміз деп ойлаймын. Ауылшаруашылық саласы мен отандық өндірушілерді қолдағысы келетін тұрғындарға ойланбастан мал өсіруге кеңес беремін. Табиғи таза өнімді тұтынған біздің балаларымыз болашақта еңбекке жарамды ел азаматтары болып өсері сөзсіз, – дейді кәсіпкер.

Ендеше, ауыл шаруашылығына аттаған алғашқы қадамың құтты болғай, кәсіпкер!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

2020120413183027197 d yu v yu 1
1533536650 karmakshy 001 1
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз