«KEGOC»: БАРШАҒА ТИІМДІ БАҒДАРЛАМА

Елімізде «Халықтық IPO» бағдарламасы 2012 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акцияларын  сатылымға шығарудан басталғандығы белгілі. Нәтижесінде 34 мыңнан астам қазақстандық алғашқы эмитент-компанияның акционері атанғандығы да мәлім. Енді, міне, сол игі бастама жүйелі жалғасын тауып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы ең ірі және келешегі келісті компаниялардың бірінен саналатын «KEGOC» акционерлік қоғамы басшылығы биыл аталған бағдарламаға қатысуды ұйғарды.

Осыған орай, Атырау қаласындағы «Ренессанс» қонақ үй кешенінде еліміздегі электр желілерін басқару жөніндегі ұлттық оператор-кәсіпорынның өкілдері әлеуетті инвесторлармен кездесу өткізді. Шараны облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева кіріспе сөзбен ашып, оған қатысушыларды аймақ басшылығының атынан құттықтап, ұйымдастырушылардың жұмысына сәттілік тіледі.

Алғашқы сөз кезегін «Халықтық IPO» бағдарламасын өткізу жөніндегі эмитент-компанияның өкілі, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік басқару мәселелері бойынша орынбасары Жаңабай Бексары алды. Ол алдымен жалпы компания туралы мәліметтерді келтірді. Аталмыш компанияның негізі 1997 жылы қаланған. Ал, 2004 жылдан бері Қазақстанның біртұтас энергетикалық желісін басқарумен қамтамасыз ететін жүйелік оператордың міндетін атқарып келеді. Қазіргі таңда компания акцияларының 100 пайызы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на тиесілі. Деректерді келтірсек, 24,5 мың шақырым электр қуатын беру желілері, энергиямен сенімді және үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 77 қосалқы станса – мұның бәрі ұлттық компанияның басқаруындағы өмірлік маңызды нысандары. Тек өткен жылдың өзінде компания арқылы тұтынушыларға жалпы көлемі 41,4 млрд. квт. сағат электр қуаты таратылған.

Тәулік бойына толассыз жұмыс жасайтын компанияның еліміздің тоғыз өңірінде өз филиалы бар. Бүгіндері мұнда барлығы 4,7 мың адам еңбек етеді.

Және бір дерек, 2009 жылмен салыстырғанда 2013 жылы компанияның активтері – 34, негізгі қорлары – 31, ал тапқан пайдасы 124 пайызға өскен. Атқарылған жұмыстардан бөлек, компанияның 2014-2018 жылдар  аралығында жүзеге асырылуы жоспарланған бірнеше серпінді жобасының барын да білдік. Сол сияқты, 2025 жылға дейінгі мерзімде еліміздің энергетикалық қуаттылығын арттыруға бағытталған 15 ауқымды жобаны іске қосу көзделген. Оған қоса, «Ұлттық электр торабын жаңғырту» жобасының екінші кезеңінде межеленген жұмыстар да жалғасын тауып, аяқталуға таяған. Елбасының тапсырмасына сай, ағымдағы жылы  «Үшінші транзит» – 500 кв. Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» деп аталатын ірі жоба іске асырыла бастаған. Бұл жоба толықтай жүзеге асқанда, оның «Солтүстік-Шығыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарындағы электр қуатын өткізу қабілеттілігі артады.

Атап өтер тағы бір жайт, қызметі халықаралық деңгейдегі рейтингілік агенттіктердің оң бағасын еншілеп жүрген бұл компания өткен жылдың қорытындысымен, еліміздегі ең ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша «Парыз-2013» президенттік сыйлығы мен «Алтын белгіні» иеленген. Ал, үстіміздегі жылдың сәуір айында өткен «Сенім-2014» республикалық  конкурсында аталмыш акционерлік қоғам «Үздік жұмыс беруші ұлттық компания» аталымымен жеңімпаз танылған. Осындай үдемелі ілгерілеу үрдісі мен жетістіктердің бәрі жинақтала келе, акционерлік қоғамның «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысып, эмитент-компания ретінде танылуына толық жағдай туғызып отыр. Осыны қаперге алған  ҚР Үкіметі компанияның бағдарламаға қатысу мүмкіндіктерін айқындайтын негізгі параметрлері туралы шешім қабылдаған. Осы құжатқа сәйкес, «KEGOC» АҚ Қазақстанның қор биржасына (KASE) 10% минус бір акция көлеміндегі топтама немесе біреуінің бағасы 505 теңге болатын 25 999 999 акцияны (құнды қағаз) орналастырмақ.

– Алға қойылып отырған басты міндет, – деді одан әрі баяндамашы – біріншіден, қазақстандықтардың, яғни, республика азаматтарына елдің ең ірі, іргелі, ауқатты кәсіпорындарының бірінің акцияларын иелену мүмкіндіктерін ұсыну. Екіншіден, халықтың қаржылай жинақтарын инвестициялау мен көбейтудің жаңа құралын қалыптастыру. Үшіншіден, бағалы қағаздар нарығының әрі  қарай  дамуын қамтамасыз ету.

Компанияның акцияларын сатып алу жөніндегі өтінімдерді қабылдау қараша айының 5-інде басталып, 3 желтоқсанда аяқталады. Желтоқсан айының 19-ынан бастап, акциялар KASE жүйесінде еркін айналымға шығарылады. Айта кету керек, IPO барысында негізгі басымдық жеке инвесторларға, яғни Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі. Соның ішінде, 14 000 данаға дейінгі мөлшерде құнды қағаздарды сатып алуға өтінім бергендердің сұранысы бірінші кезекте және толығымен қанағаттандырылады  деп күтілуде. Ескерер бір жайт, сұраныстың көлемі ұсыныстан асып кетпеуі тиіс.

Осыларды егжей-тегжейлі түсіндірген компанияның өкілі сөзінің соңында кездесуге қатысушыларды «Халықтық IPO» бағдарламасынан тысқары қалмай, белсенділік танытып, «KEGOC»-пен бірге халықтық акционерлердің қатарынан орын алуға шақырды.

Келесі сөз кезегін еншілеген, бағдарламаның ойдағыдай ұйымдастырылуына мүдделі құрылымдардың бірі – «Halyk Finanse» акционерлік қоғамының өкілі Азиза Анапьянова акцияларды қалай сатып алуға болатындығын түсіндірді. Халықтық акционер атану үшін алдымен жасалынуы қажет  қадамдарды атады. Айтылғанындай, бағдарлама қатысуға ниетті инвестор (жеке азамат) әуелі брокерлік есепшот ашуы тиіс.

Екінші қадам – брокерлік есепшотты толықтыру. Нақтылай кетсек, акцияларды сатып алуға өтінім берердің алдында инвестор өзінің брокерлік есепшотын жеткілікті қаражатпен толтыруы қажет.

Үшіншіден, алдын ала жолданған өтінімде көрсетілген көлемдегі акцияларды сатып алу үшін клиенттік тапсырыстар беріледі. Атап айтқанда, бұнда инвестор акцияларды нақты сатып алуға бекітілген нұсқада толтырылған тапсырысын ұсынады.

Бағдарламаға қатысушылардың «Halik Finanse» АҚ-нан өзге осы жұмысты бірлесіп жүзеге асыруға ынталы бірден-бір қаржылық ұйым – «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы мен оның аймақтық бөлімшелерінің трансфер-агенттік қызметін пайдалануына да шек қойылмайды.

Күн тәртібіндегі мәселе төңірегіндегі тартымды әңгімені одан әрі «Қазпошта» АҚ-ның атқарушы директоры Санат Ақанов өрбітті. «Халықтық IPO» бағдарламасының бірінші кезеңінен бастап, осынау елдік іс-шараның ойдағыдай өткізілуіне атсалысып келе жатқан аталмыш кәсіпорын өкілінің айтуынша, бағдарламаның сәтті жүзеге асуы оның барысында көрсетілетін брокерлік қызметтердің сауатты жүргізілуі мен сапасына байланысты көрінеді. Бұл ретте «Қазпоштаның» атқарар рөлі, алар орны, үлес салмағы басым екенін байқадық. Баяндалғанындай, еліміз бойынша клиенттерге ұсынылатын брокерлік қызмет түрлерінің 60%-ы осы мекеменің еншісінде немесе соған тиесілі болып шықты.

Республика аумағында өткізілетін бұл бағдарламаның алғашқы сатысында «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшелерінде ашылған брокерлік қызмет орталықтары арқылы 20 мың инвестор тартылса, екінші кезеңде 35 мыңға жуық азаматты қамту межеленген. Бағдарламаның кезекті сатысы басталғалы бергі санаулы күндерде 200-ге тарта брокерлік есепшот ашылып, жалпы құны 35 млн. теңгенің акциясы сатылған, былайынша айтқанда халықтық акционерлерге таратылған. Жұртшылықтың «Қазпоштаның» бұл саладағы қызметіне  сенімділігінің тағы бір көрінісі сол, мекеменің өз  клиенттерімен байланыс арналарының ауқымы екі есеге ұлғайған.

Түйіндей келгенде, баяндамашылардың қай-қайсысы да жиналғандарды ұсынылып отырған бағдарламаға белсенділікпен қатысып, халықтық акционер атануға үндеді. Осындай қадам жасап, тәуекелге барған инвестордың түбінде ұлттық, отандық компаниялардың акцияларының бір бөлігіне иелік ету құқығын еншілейтіндігін қаперледі. Соңынан журналистер мен жұртшылық өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайтарылды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз