ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Қосшағыл мұнай кенішіне –  80  жыл

«Жылыой өңірі – қазақ мұнайының алтын бесігі» деп тегін айтылмаса керек. Қазақстан «қара алтынының» алтын бесігі атанған Қарашүңгіл дәл осы Жылыой ауданының аумағында қоныс тепкен. Әрине, мұнай-газ саласының тыныс-тіршілігінен хабары бар адам мұнай кенішін іздестіру, оны табу, игеру деген машақаты мол жұмыс екенін жақсы түсінеді. Осындай ұзақ жылғы еңбектің жемісін көру жергілікті тұрғындарға бұйырған екен. 1899 жылы Қарашүңгілден мұнайдың табылуы – осы ерен еңбектің жемісі. Алайда, Қарашүңгілден кейін бұл өңірде ұзақ жылдар мұнай көзі табылмай, араға біраз жыл түсті. Геологтардың іздестіруі үнемі сәтсіздіктерге тап болып отырды. Бізге жеткен тарихи деректерге көз салсақ, Жылыой жерінен табылған екінші мұнай кенішін геологтар емес, құла түзде қой бағып, шаруа қамымен жүрген қарапайым еңбек адамы тапқан деседі.

 

Сонымен, 1926 жылы Жылыой өңірінен Қосшағыл мұнайы табылып, ал 1935 жылы Қосшағыл мұнай кеніші ашылады.

Биыл «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Қосшағыл мұнай-газ өндіру кен орнының өндірістік пайдалануға берілгеніне 80 жыл толып отыр. Қосшағыл мұнай кен орны 1935 жылы іске қосылып, 1938-1941 жылдары Ембі мұнайының 78 пайызын беріп тұрған. Қосшағыл мұнай кәсіпшілігі бүгінде Қазақстандағы ескі кен орындарының бірі болып саналады. Алайда, Қосшағыл мұнайы күні бүгінге дейін өндіріліп, ел қазынасын молайтуға өзіндік үлесін қосып келе жатқанын баса айтқан жөн. 

Кешегі күндер еске түскенде…

«Бір кісі бұлақ қазса, жүз кісі су ішеді» дегендей, ембілік ардагер мұнайшыларымыз ашқан, игерген Қосшағыл кен орнының толағай табысы Ембінің атын көпке танымал етті. Жергілікті жұртшылыққа жаңа жұмыс орны табылып, елдің еңсесі көтерілді. Қосшағыл кен орнын алғашқы ашушылары ретінде Бешім Қызылбасұлының, геолог-ғалым, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Петр Яковлевич Авровтың  және Сисен Рақышевтің, Төлеп Есеналиевтің, Ұзақбай Аязбаевтың, Мұқан Бешімовтің, Боранша Құлбаевтың, Беркінғали Досмұхамбетовтің есімдерін зор мақтанышпен еске аламыз. Ел қазынасын еселей түскен мұнай кенішін алғашқы игергендердің қатарынан Әбдиев Тәнкілі, Әлденов Бисен, Бекенов Майлан, Еремин Виктор Викторович, Ермишев Мұхамбет, Есенғазиев Баймұқан, Есмағанбетов Меңдібай, Жаналиев Шотықбай, Жасақбаев Нілғали, Жетібаев Көшмағанбет, Зихатов Қойшығұл, Құттыбаев Тақаш, Лаврентьев Яков Васильевич, Оңдашев Төлеген, Тайпақов Жақсығали, Үркімбаев Мақтымның да есімдерін сыйластықпен айтамыз.

Қосшағылдық мұнайшылардың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбектері туралы деректер өз алдына бір төбе. «Жеңісті жақындатуға үлес қосамыз» деген қосшағылдық «қара алтын» өндірушілер өнім өндіру жоспарын бұрын-соңды болмаған үлкен көрсеткіштерге жеткізді. Жаңа горизонттарды табумен қатар, бұрғылау жұмыстары да қарқын алды. Тағы да нақты дерекке жүгінсек, соғыс жылдарында қосшағылдық мұнайшылар жалпы ел бойынша өндірілген мұнайдың 19 пайызын берген екен. Бұл – бірлік, татулық орын алған ұжымда ғана болатын толымды табыс. Қосшағылдық мұнайшылар осы биіктен табыла білген. «Қара алтын» өндірушілердің майдан қажеттілігі үшін жіберген мұнайының орны бөлек екеніне сол кездегі тарихи деректер куә. Майдан даласындағы біздің ұшақтар, танктер осы өңірден өндірілген мұнайдың арқасында жанар-жағармаймен толық қамтылып отырылды. Мұнайшыларға арнайы әскерден босату үшін бронь берілгенімен, көптеген мұнайшылар өз еркімен майданға сұранып, ұрыс даласында ерен ерліктерімен көзге түсті. Қаһарлы жылдары «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранды ту ететін, ақын Асқар ағамыздың «Мұнайшылар, мұнай бер» өлеңімен жігерленген аудан мұнайшылары ерен еңбектің үлгісін көрсете білді.

Соғыстан кейінгі онжылдықтарда жаңа кен орындары игеріліп, мұнай өндіру жоспары артығымен орындалды. Қазақ ұлтынан шыққан алғашқы  жұмысшы табы мұнайшылар екені даусыз. Бүгінгі күндері Ембі мұнайының бастауында болған мұнайшылардың үшінші,  төртінші буын ұрпақтары аталар ісін жалғастырып, еселі еңбек етіп, мұнайшылар әулетін қалыптастыруда. Ембінің атағы «мұнайшылар әулеттерінің» мектебі болуымен де көпке танылған. Жалпы, Қосшағылда ұзақ жылдар еңбек еткен мұнайшы аға буын кәсіпшіліктің мамандар ұстаханасы болғанын мақтанышпен айтамыз. Цехтың мақтанышы болған О.Бердіғожин, Қ.Қалабаев, Х.Мұқанов, Р.Агаджанов, Ж.Қалиев, Б.Қарамұрзиев, И.Качарова, А.Каплан сынды майталман мұнайшылардың есімдері күні бүгінге дейін есімізде. Олардың қызмет еткен кезеңдерін үнемі айтып отырамыз. Ардагерлердің еңбек жолдары бізге әрқашан өнеге.

Қосшағыл мұнай кенішінде барлау-бұрғылау жұмыстары 1956 жылға дейін қарқынды дамыған. Жаңа әдістер де өндіріске батыл ене бастауымен ерекшеленген жылдар. Сол жылдарда мұнай қабаттарының өнімін арттыру мақсатында жер қойнауын тұз қышқылымен өңдеу, көлдете су айдау әдістері қолданысқа енген. Қосшағылдық аға буын қолданысқа енгізген өндірістің тиімді әдістері, шынын айтқанда, әлі де өзінің тиімділігін жойған емес. 

Бүгінгі мұнай кәсіпшілігі

Бүгінде мұнайшылар алдыңғы толқын ағалардың ізімен мұнай өндіру саласында үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Жылыойлық мұнайшылар үшін 2015 жылдың басты жаңалығы Қисымбай және Қосшағыл мұнай-газ өндіру цехтарының қосылуы нәтижесінде үлкен өндіріс аумағын қамтыған Қосшағыл мұнай-газ өндіру цехы құрылды.

Қосшағыл мұнай-газ өндіру цехында жыл басынан бері 128540 тонна мұнай өндірілді, жоспарда бекітілген көрсеткішке қосымша 315 тонна мұнай артық өндірілді. Мұнай өндіру көрсеткішінің өсуіне жаңа ұңғымалардың қазылып, іске қосылуы және олардың күрделі жөндеуден өтуі әсер етуде. Бұл орайда, бұрғылаудан №79 ұңғыма Қисымбай мұнай кен орнынан қазылып, пайдалануға берілді. Мұнай өндіруді арттыру үшін Ақінген мұнай кенішінде он ұңғымаға, Құлсары кенішінде екі ұңғымаға, Қисымбай мұнай кенішінде үш ұңғымаға, Аққұдық кенішінде бір ұңғымаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соңғы уақыттарда жақсы шешімін тапқан мәселе – Ембі өңіріндегі мұнай-газ кен алаңдары толықтай әлеуметтік нысандармен қамтылды. Ендігі мақсат – мұнайшылар жатақханасы мен асханасын кеңейту, оларды күрделі жөндеуден өткізу. Бұл орайда, Қосшағыл мұнай-газ өндіру цехында игілікті істер өз жалғасын табуда. Қисымбай кен орнындағы мұнайшылар жатақханасы толықтай күрделі жөндеуден өтіп, Аққұдық пен Қосшағыл кен орнына жаңадан операторлық вагондар орнатылуда.

Цехта еңбек ететін 109 адамның негізгі бөлігі – аудан тұрғындары. Демек, аталмыш цех аудандағы жұмыссыздық проблемасының шешімін табуына да үлес қосуда.

 «Ембімұнайгаз» АҚ қолдауымен Қосшағыл ауылы тұрғындарының сұранысы бойынша  ауылға алты шақырымдық электр желісі тартылып, екі дана ток күшейткіш трансформатор қондырылып, елді мекенді жарықтандыру мәселесін шешу жолында қажетті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілді. Күз айларында қосымша тағы екі дана осындай трансформатор қойылатын болады. Себебі, бұған дейін бұл ауылда электр жарығы өте әлсіз болып, жиі-жиі жарық өшіп, оқушы балалар сығырайған жарық сәулесімен көз майын тауысып, сабақтарына дайындалуға мәжбүр болған. Тағы да бір атап өтетін қуанышты хабар, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жұмысшыларының күшімен ауылдағы мәдениет үйі мен «Бешім ата» саябағы күрделі жөндеуден өтіп, ауыл тұрғындары мен демалушыларға үлкен қуаныш сыйлады. Мектеп-интернаттың ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл цехқа жаңадан Қисымбай мұнай кенішіне екі  дана, Ақінген мұнай кенішіне бір дана соңғы үлгідегі автоматтандырылған  су тазартқыш қондырғысы орнатылды. Қисымбай кен орнына ауыз су тазартқыш қондырғысы қойылып, жаңадан су айдау ұңғымаларына екі шақырымдық шыны-талшықты құбыр төселді.

2015 жылдың мамыр айында Қосшағыл ауылдық округінің әкімінен «Ембімұнайгаз» АҚ атына өтініш келіп түсті. Онда Қосшағыл ауылын сумен толықтай қамтамасыз ету мақсатында, компанияның еншісіндегі Қосшағыл ауылындағы 5000 текше метрлік болат тік қазанды ауыл тұрғындарының қажеттілігіне орай жергілікті атқару билігіне беру жөнінде айтылған. Қосшағыл елді мекенінде қазіргі таңда 4890 тұрғын (781 түтін) мекендейді десек, оның 3 157 тұрғыны суды тасымал арқылы, қалған 1733 тұрғын ауыз суды құбырлармен су тарату бекетінен алып отыр. Су тарату бекетінің су жинау ыдысы әбден ескіріп, жаңартуды қажет еткелі қашан? Осыған байланысты 5000 текше метрлік су қазаны ауыл тұрғындарына беріліп, 2017 жылы республикалық «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Қосшағыл ауылының әр үйіне су құбыры құрылысын салу жоспарланып отыр. Су тарату бекетінің 2500 текше метрлік ыдысы бұл құбыр желісін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмайды. 5000 текше метрлік су қазаны ауылдықтардың сұранысы бойынша ауылдық округтің еншісіне берілсе, Қосшағыл ауылының тұрғындарын ауыз сумен толықтай қамтуға жол ашылады. Атқарылған жұмыстардың барлығы да – отандық мұнай өндіруші компанияның мұнайлы өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шарасы. Жергілікті атқарушы билікпен бірлескен жұмыс алдағы уақытта да жалғаса берері даусыз.

Қанатбек Қасымғалиев, «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз