ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАМТУДЫҢ КӨКЖИЕГІ

инвесторлармен икемді жұмыста көрінеді

Мемлекет басшысының елімізде еңбек етіп жатқан инвесторлар алдына тұрақты қойып жүрген басты талабы – қазақстандық қамтуды күшейту. Сайып келгенде, тәуелсіздік алған жылдардан бері республикада дүниежүзілік озық технологиямен бәсекеге қабілетті кәсіпорындар көбейді. Шағын және орта бизнес өкілдері де әлемдік стандарттарға қол созуда. Демек, шетелдіктерге де қажетін алыстан ат арытып тасығанша, осы жерден алған тиімді емес пе?..

Міне, осы орайда биылғы 6 қазанда «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы, «ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (ҚМГ), елімізде жұмыс жасайтын «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК), «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ТШО), «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. (ҚПО) компаниялары Алматы қаласында «Ақтау Декларациясы: синергия және жергіліктендіру» атты жабдықтаушылардың бірлескен форумын өткізді. 

Басқосу барысында ҚПО Басқарушы директорының орынбасары Марат Кәрімов айтқанындай, компания ҚР Үкіметінің жергілікті қамту бойынша бастамаларын толық қолдайды және бұл бағытта жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп жұмыс жасайды. Өз кезегінде ТШО Бас директоры Тим Миллер «Ақтау Декларациясында көрсетілген басымдыққа ие бағыттар ТШО және өзге компанияларға қазақстандық қамтуды дамыту бойынша іс-әрекеттерін өзара үйлестіруге мүмкіндік береді» деп атап өтті. Соның нәтижесінде Қазақстанға ұзақ мерзімдік тұрақты пайда әкелінеді.

Жалпы осы Декларация аясында машина жасау мен сервистік қызметті дамыту, адам ресурстары мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қамтуды арттыру, алдын ала біліктілік үдерісі мен тендерлік рәсімдерді біріздендіру, сондай-ақ, қазақстандық өндірістің бірыңғай деректер базасын құру көзделген. Декларация ниеттерінің жүзеге асырылуын Энергетика министрлігі қадағалайды. НКОК Басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев Ақтау Декларациясының ережелері компанияның 2015-2017 жылдарға арналған жергілікті қамтуды дамытуға байланысты әзірленген орта мерзімді жоспарында ең іргелі аспектіге айналғанын айтты.

Ал, Алматыдағы форумның мақсаты – өнеркәсіпті Декларацияның орындалу барысымен таныстыру, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді өндіру және мұнай-газ секторы үшін қажетті басым өнім топтарын жергіліктендіру үшін ішкі нарықты дамытуға ықпал ету. Оның жұмысына 70 шақты қазақстандық машина жасау мен инженерлік кәсіпорындар және 30-дан астам шетелдік өндірісшілер өкілдері, Энергетика мен Инвестиция және даму министрлігінің жауапты қызметкерлері қатысты. Форумның ұйымдастырушылары Қарашығанақ, Солтүстік Каспий мен Теңіз жобалары кен орындарына шолу жасап, қатысушыларды қысқа және орта мерзімді перспективадағы басым өнімдер санаттарының қажеттілігімен таныстырды. Ақырында, ҚМГ компаниясының бизнесті қолдау жөніндегі басқарушы директоры Серік Кеулімжаевтың пікірінше, бұл шара – жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді, өндірісті құру мәселелерін, бизнесті кеңейту, мемлекет пен ірі және орта бизнес тарапынан нарықтағы барлық өкілдермен байланысты орнату үшін тиімді алаң.

* * *

Алматыда өткен «Ақтау Декларациясы: синергия және жергіліктендіру» форумы аясында Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) және «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ТШО) Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдауға арналған екі жылдық бағдарламаға қол қойды.

ЕҚДБ  жүзеге асыратын бағдарламаға ТШО 458 мыңеуро (515 мың АҚШ доллары шамасында) қаржы бөлді. Бағдарламаның 2015-2017 жылдарға арналған бастапқы екі жылдық кезеңі Қазақстанның барлық аймағындағы шағын және орта бизнес (ШОБ) өнімділігі мен қуатын арттыру арқылы экономикалық өсімге ықпал етуге бағытталған. Ол кәсіпкерлікті ынталандыруды мақсат етеді. Сонымен қатар, келешегі бар компанияларға инновация алуға, бәсекелестікті нығайтуға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Оған ТШО-ның қазіргі және әлеуетті жеткізушілерімен қатар бұл компанияға еш қатысы жоқ басқа да ШОБ өкілдері қатыса алады. Бағдарлама мақсаты – ноу-хау мен қаржыны қолжетімді ету, іскерлік байланыстарды нығайту, кеңестер беру мен ең үздік практикалық біліммен таныстыру. Міне, байқап отырғанымыздай, отандық кәсіпкерлер алдында кең мүмкіндіктер ашылғалы отыр.

ЕҚДБ-ның Қазақстандағы директоры Джанет Хәкманның айтуынша, ШОБ тұрақты экономикалық өсіммен Қазақстан экономикасының әртараптануына өте мұқтаж. Мұндай бағдарлама барын бизнес білуі керек. ЕҚДБ осындай мүмкіндікті баршаға қолжетімді ете отырып, шығындардың бір бөлігін өтейді. Сондай-ақ, жергілікті жеткізушілердің бастамасын қолдау арқылы мемлекеттік-жеке кәсіпкерлік серіктестігін жақсартуға және күшейтуге септігін тигізеді.

Ал, ТШО Бас директоры Тим Миллердің пікірінше, компанияның осы бағдарламаны қолдауы – қазақстандық кәсіпорындарға  тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға, жергілікті және шетел нарығына шығуға көмегінің дәлелі.

Бағдарлама жоспарына сәйкес кәсіпкерлер стратегия, маркетинг, адам ресурстарын басқару, қаржы және бухгалтерия тәрізді әртүрлі салада іскерлік семинарлар мен басқарудан бастап көптеген сала бойынша өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін кеңесшілер мен халықаралық сарапшылардың  жәрдемін алады. Компанияларға аталмыш қызметтерді қолдануға жұмсалған шығындардың бір бөлігі өтеледі. Ол жоба құнының 75 пайызына дейінгі мөлшерді құрамақ. Ақырында, ЕҚДБ шағын бизнесті қолдау тобы Қазақстандағы шағын және орта бизнестің 1200-ден аса субъектісіне қолдау көрсетті.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз