ҚАЗАҚСТАН – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САУДА ҰЙЫМЫНДА!

Ол елде ауқымды реформаларды жүзеге асыруға жол ашады 

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі елде ауқымды реформаларды жүзеге асыруға жол ашты. Бұл туралы кеше қазақстандық БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берген Дүниежүзілік сауда ұйымы Мүшелікке қабылдау жөніндегі департаментінің директоры Чиду Осакве айтты.

«Бүгін – Қазақстан үшін барынша маңызды күн. Сіздердің Президенттеріңіз үшін де айрықша сәт десек болады. Қазақстанның ДСҰ-ға қабылдану барысында барынша байыпты шешімдер қабылданды. Бұл сіздердің елдеріңіздің ауқымды реформалар жасауына жол ашады әрі экономикаларыңызды жақсарта түседі», – деді ол.

Оның атап өтуінше,  Қазақстанның аталған ұйымға кіруі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан өте жоғары деңгейдегі жұмыстар атқарылды.

«Сіздердің елдеріңіз, Президенттеріңіз келіссөздер барысында жоғары деңгейдегі көрегендігін көрсетіп, барынша икемді саясат ұстана білді. 1995  және 2015  жылдар аралығында ДСҰ-ға 33 ел қабылданды. Ал, Қазақстан осынау жиырма жылдық кезеңдегі 34-ші ел болмақ», – деді Ч.Осакве.

Сонымен қатар, ол ұйымға кіру қиын екендігін, өйткені, елде көптеген реформалар жүргізіліп, заңдардың өзгеріске түсуі, тарифтердің қысқартылуы, ішкі елдік стандарттар халықаралық деңгеймен теңестірілуі қажеттігін баса айтты.

«ДСҰ-ға кіретін әрбір ел жаһандық экономикаға қосылатын болады», –  деп түйіндеді сөзін департамент басшысы.

Айта кетейік, кеше Женевада Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне орай ресми шара өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 

Ел тәуелсіздігінің әр жылы айтулы бір оқиғамен ерекшеленіп келеді. Міне, кеше еліміз үшін ерекше тарихи күн – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атандық. Елбасымыздың қатысуымен Женевада Қазақстанның осы халықаралық  қоғамдастыққа ресми кіру салтанаты өтті.

Бұл – әрине, Мемлекет басшысының, саясаткерлер мен экономистердің ірі жеңісі. Әлемнің іргелі мемлекеттері елімізді терезесі тең, дамудың даңғыл жолына түскен, жерінде тұрақтылық пен бейбітшілікті қалыптастырған, сауда-саттық жасауға жарамды әріптес ретінде қабылдады. Осы ұйым аясында берілетін он мүмкіндікті жеке саралап, терең талдауға болады. Мәселен, алдағы уақытта сырттан әкелінетін тауар құнының төмендігі ішкі нарықта да бағаның түсуіне әсер етеді екен. Ал, бұл құбылыс отандық өнеркәсіпке қалай әсер етеді?

Сөз жоқ, қарапайым халық үшін күнделікті тұтынатын тауар бағасының арзандығы тиімді. Ол өз өніміміз бе, әлде  тыстан тасылған бұйым ба – оны жұрт айырып жатпайды. Отбасы бюджетін үнемдеуге туғызылған әр мүмкіндікті қалт жібермейді.

Ал, ертеңгі күні осындай күнделікті тұтынатын тауарлар өзімізде де шығарылады. Атыраулықтардың аға буыны жақсы біледі, кеңестік кезде қаладағы химия зауыты пластиктен шелек, киім ілгіш, гүл егетін ыдыс, т.б. шығарған. Дүкен сөрелері соларға толып тұратын. Қазір сол істі жандандыруға бағытталған шаралар жүзеге асуда. Облыс территориясында бой көтеретін республикадағы тұңғыш мұнай-химия кешені дәл сондай күнделікті керекті бұйымдардың жүзден астам түрін дайындамақ. Бұл жобаның құны алты миллиард теңге шамасында. Ертең жаңа өнеркәсіп қатарға қосылғанда жұмсалған қаражатты қайтару қажеттігі туады. Демек, өндірілген өнім бағасы өседі. Тұтынушы соған дайын ба? Бұрынғыша арзанына шауып кетпей ме?

Турасын айтқанда, Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) сырттан әрі арзан, әрі сапалы тауарлар ағыны артуына мүмкіндік береді. Жұрт, әрине, соған ұмтылады. Күні кеше ғана дерлік орын алған автокөлік саудасына оралайық. Ресей рублінің бағамы төмендеп, көрші мемлекетте жылжымалы мүлік құны арзандап еді, күллі қазақстандықтар соған ұмтылды. Ал, соның соңы не болды? Көршілер көл-көсір табысқа кенелгенімен, еліміздің автокөлік саласы тығырыққа тірелді. Шығыс Қазақстан облысындағы машина жасау зауытының қуаты кеміді. Ашығын айтқанда, осы өндіріс орнының өнімі онсыз да аса үлкен сұранысқа ие емес. Бұдан бес-алты жыл бұрын зауыт басшылығы республиканың батыс өңірін аралап, көліктерін саудалап жүретін. Сонымен, біз тек Ресейдің ғана арзан көлігінің нөпірінен уақытша шектеу қойып құтылдық. Ал, ертең әлемнің ондаған мемлекеті өнімін ұсынғанда не болмақ? Біздің кәсіпорындар соған дайын ба?

Экономика ғылымдарының докторы Мағауия Шырдабаевтың пікірінше, импортты ырықтандырудың жалғыз ғана жолы бар. Ол – отандық өнімдердің әлемдік бәсекеге қабілеттілігі. Егер өзімізде бағасы да арзан, сапасы да жоғары бұйымдар көбірек шығарылса, онда отандастарымыз сырттан әкелінетін тауарларға еш қызықпайды. Қай нәрсе де салыстырмалы түрде сарапқа салынады. Жақсы ма, жаман ба – оны тұтынушы таразыға тартады. Отандық өнімді алуға қаншалықты құлшынса да, бойында патриоттық сезімі болса да, жұрт талғамы сапалы да арзан нәрсені таңдайды. Сондықтан, осындай бәсекелестікте биіктен көрінбесек, кәсіпорындарымыз тауарларын өткізе алмай тығырыққа тіреледі.

Мұндай қауіпті Елбасымыз да ескертті, мамандар да айтып отыр. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген соң тауар ағынына еш кедергі болмайды. Барлық шектеу алынады, экономикалық және сауда шекаралары ашылады. Сол кезде отандық тауар өндірушілер бұрынғыдан да қатаң бәсекелестікпен бетпе-бет кездеседі. Қазірдің өзінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында қазақстандық кәсіпкерлер Беларусь пен Ресейдегі әріптестерімен жұмыс істеуде. Таяу келешекте бұл одаққа мүше мемлекеттер көбеймек. Демек, мұнда да сауда нарығын иелену жолында күрес қызбақ. Ал, ертең үлкен ұйымның қатарынан табылғанда бірнеше елдің тауарына төтеп беруге тура келеді.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Құрманғазы Есқазиевтың айтуынша, Қазақстанның экспортқа шығаратын негізгі өнімдері – шикі мұнай мен бидай. Кейін солардан жасалған тауарлар өзімізге дайын бұйым ретінде қымбат бағасына қайта оралады. Демек, біз әзірге өзгелердің өңдеу өнеркәсібін өрістетіп отырмыз. Өзіміздің осы саламыз әлі ақсауда.

Рас, республикадағы үш мұнай өңдеу зауыты қайта жарақтандырылуда. Атырауда еліміздің тұңғыш мұнай-химия кәсіпшілігіне керекті бензолдың алғашқы партиясы алынды. Таяуда параксилол шығарылмақ. Енді, келешекте осы өнімдерімізді тысқа тасымалдай аламыз ба? Әлемдік талап үдесінен табылу үшін күресуіміз қажет. Ал, дүниежүзілік нарықта тапсырыс беруші табылар ма екен? Әрине, күнделікті тұтыну бұйымдарын дайындауға қажетті мұндай шикізат өзімізге де керек. Соның нәтижесінде «Қазақстанда жасалған» белгісімен экспортқа дайын тауарлар жөнелтіп жатсақ, мәртебеміздің өсе түсері сөзсіз.

Бүгінде Қытай тәжірибесі, аспанасты елінің даму үрдісі туралы жиі айтады. Рас, ол – дүние жүзінің аса дамыған алғашқы үштігінің қатарынан орын алатын алып мемлекет. Мұнда ежелден қолөнер жақсы дамыған. Ұсақ кәсіпкерлік миллиондаған халқы бар елге өзін асырауға мүмкіндік берген. Кеңестік кездегі ұрпақ Қытай тауарларының сапасын жақсы біледі. Сол жақтың қол шамдары, электр сымдары, т.б. кең қолданысқа ие еді.

Әйтсе де, ДСҰ мүшелігіне өтуі алып мемлекеттің аграрлы сектордан индустриялы мемлекетке айналуына септігін тигізді. Сыртта ғана емес, іште де бәсекелестік дамыды. Өндіріс алдын ала жетілдірілді. Ауыл шаруашылығы көбірек дамыған мемлекет аз ғана уақытта өндірістік алыпқа айналды. Кәсіпкерлер нарықтағы сәл өзгеріске тез бейімделді. Бүгінде сол жақтан Қазақстанға келіп жатқан күнделікті тұтынатын бұйымдар – елдің ішкі аймағындағы ірі кәсіпорындарда жасалған өнімдер емес. Шекаралық өңірде осындай нәрселерді даярлайтын шағын зауыттар толып тұр. Қазақстандық сауда жасаушылар әрі бармай, бергі беттен керегін алып кері қайтады. Сайып келгенде, Қытайдың шекаралық аймағындағы адамдарды байытып жатқан біздер. Тұрақты тұтынушы тауып алған олар өнімдерін бері қарай тонналап жөнелтуде. Міне, бізге де осындай сенімді сауда әріптес керек.

Рас, еліміз ДСҰ мүшелігіне кіргенде өз нарығын сенімді қорғау шараларын алып жатыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығына кең қолдау көрсетілмек. Әйтсе де, қайталап айтқанда, дүниежүзілік додаға түскен соң одан өз орныңды алуға ұмтылған жөн. Оған Үкімет те, бизнес қауымдастығы да даяр болуы шарт.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз