Жарнама
Экономика

«КҚК» АҚ-ның бас директоры Николай Горбань: «БІР МИЛЛИАРД ТОННА МҰНАЙ – БҰЛ БАРШАМЫЗДЫҢ ЖЕҢІСІМІЗ!» 

Қойнауы «қара алтынға» толы Тәуелсіз Қазақстанды мұнай-газ саласынсыз елестету мүмкін болмас. Өйткені, қазба байлық ел экономикасының тірегі ғана емес, халықтың тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын анықтайтын қуатты күш. Бұл сала еліміздің қарқынды дамуына серпін беріп, халықаралық беделін нығайтуға ықпал етті. Соның ішінде Каспий аймағынан әлемдік нарыққа мұнай тасымалдаудың ең сенімді әрі тиімді жолына айналған бүкіл әлемдегі  теңдессіз Теңіз – Новороссийск – Каспий Құбыр Консорциумының орны бір бөлек.

Бүгін Атырау жерінде «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ-ның бас директоры Николай Горбань консорциумның мұнай тасымалы саласында жылдар бойына тайсалмай қажырлы қызмет етіп келе жатқан бір топ  кәсіби маманның еңбегін елеп, ведомстволық және корпоративтік марапаттар табыстап, жылы лебізін білдірді. Жиында КҚК жүйесіндегі үздік мамандар еңбегі лайықты бағасын алды.

Ғасыр жолы

Каспий Құбыр Консорциум басшылығы атап өткендей, бүгінгі көрсеткіш ұжымның кәсібилігі мен ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Консорциум құрамындағы елдер мен серіктес компаниялардың өзара ынтымақтастығының арқасында мұнай тасымалының сенімділігі мен тиімділігі артқан.

Бас директордың айтуынша, консорциум жыл сайын тасымалдау көлемін арттырып, өндірістік қуатты кеңейту бағытында жұмыс істеп келеді. Тек соңғы жылдардың өзінде КҚК арқылы 9 мыңнан астам танкерге мұнай тиеліп жөнелтілген.

Бүгінде Каспий Құбыр желісі Консорциумының Теңіз кен орнындағы терминалы іске қосылған сәттен бастап жөнелтілген мұнай көлемі 1 млрд тоннаға жетіп отыр. Бұл тек статистика ғана емес, жобаның тұрақтылығы мен тиімділігін, халықаралық ауқымын айқындайтын көрсеткіш. КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен 85%-ы Қазақстан кен орындарынан шығады. Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры Каспий аймағынан әлемдік нарыққа мұнай жеткізудің ең сенімді жолы саналады.

КҚК ұжымын миллиард тонна мұнай жөнелтілуіне байланысты бас директоры Николай Горбань арнайы құттықтап, зор алғысын жеткізді.

– Білесіздер ме, осындай маңызды себеппен жиналғанымызға қуаныштымын. Жұмыс істей бастағаннан бері 1 миллиард тонна жүк жөнелтіліп, КҚК өз тарихындағы ерекше кезеңге жетті. Әрине, келесі миллиардтарды көруіміз екіталай.

Бұдан бұрын да мен өз үндеуімде ұжымға жылы лебізімді білдірген болатынмын. Баршаңызға жанқиярлық еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Біз –әртүрліміз. Менталитетіміз де – әртүрлі. Әртүрлі елде тұрамыз. Бір елде болса да, әртүрлі аймақтарда өмір сүреміз. Бірақ соған қарамастан, компания мен атқарып жатқан жұмысымызға деген көзқарасымыз бірдей. Біздің компанияда «корпоративтік мәдениет» деген даңғаза ұғым жоқ шығар, бірақ ішкі мәдениет қалыптасқанына сенімдімін. Мүмкін, бұл қауіпсіз өндіріс мәдениетін енгізе бастағанымыздан болар. Сіздер білесіздер, бұл үдеріске бәрі қатысады және бұл бізді біріктіре түсті деп ойлаймын. Соның арқасында осындай тамаша нәтижеге қол жеткіздік. Біз мұны бірге жасадық.

2019 жылы, естеріңізде болса, біз айтарлықтай 63 миллион тонна рекордтық көрсеткішке жеттік. Бірақ содан кейін пандемия басталды. Тағы да түрлі қиындықтар…  Алайда, бәріне қарамастан сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жетістікке жете білдік.Тіпті, бір миллиард! Қалай жеттік?! Елестету қиын. Бұл – ғарышқа қарап, сондағы жұлдыздардың санын елестетуге тырысқанмен бірдей. Айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан баршаңызды осындай керемет жетістікпен құттықтаймын!

1990 жылдардың өзінде сарапшылар біздің құбыр жүйесін  «ХХІ ғасырдағы жол» деп атады. Міне, енді консорциум ұжымы жобаның рөлі мен ауқымын бағалауда олардың қателеспегенін іспен дәлелдеді. Біз барлық стратегиялық міндеттерімізді жүзеге асыруды жалғыстыра береміз. КҚК алға қарай да мұнайды нарыққа шығарудың қауіпсіз, логистикалық тұрғыдан дұрыс, экономикалық жағынан тиімді бағыты ретінде дами береді, — деп атап өтті өз сөзінде КҚК бас директоры Николай Горбань.

Марапат – еңбектің жемісі

Жиында Мәскеуде мұнайшылар күніне орай алған марапаттары туралы да бөліскен Николай Горбань «бұл марапат – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі» деп, бір топ қызметкерге марапат табыс етті. Ол еңбегі еленбеген қызметкерлердің де бар екенін айтып, ертеңгі күні Теңіз кен орнында қосымша марапаттар табысталатынын мәлімдеді.

Компанияның «Еңбек ардагері» медалімен «КҚК-Қ» АҚ пайдалану және техникалық қызмет көрсету жөніндегі бас инженері Виктор Мирошниченко, Атырау МАС сынақ зертханасының техник-зертханашысы Татьяна Канина және «КҚК-Қ» АҚ  жобаларды іске асыру қызметінің басшысы Ерлан Дабысов марапатталды. Сонымен қатар, бас директор өз сөзінде ҚР Энергетика министрлігінің ведомстволық наградасы – «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен Теңіз МАС сынақ зертханасының техник-зертханашысы Светлана Ищановаға, Теңіз МАС электр қондырғыларына қызмет көрсету жөніндегі электрмонтері Мұрат Ищанов пен «Теңіз» МАС бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика технигі Константин Симоновке табысталатынын айтты.

Бас директор, осы жетістіктің артында мыңдаған қызметкердің маңдай тері мен табандылығы тұрғанын атап өтіп, болашақта да Қазақстан мен Ресей үшін маңызды жобалар жалғасын табатынына сенімін білдірді.

Николай Горбань әлеуметтік жауапкершілік тақырыбына да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, компания тек өндірістік нәтижеге ғана емес, сонымен қатар қоғамның әл-ауқатына үлес қосуға тырысып келеді.

«Тағы да, компания басшылығының, директорлар кеңесінің атынан баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. Сіздер жасап жатқан жұмыстарыңыз  үшін және  ең бастысы оны тиімді атқаратындарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Болашақта да біздің бірлескен жұмысымыз Қазақстан мен Ресей үшін үлкен нәтижелер әкеледі деп үміттенемін. Акционерлер үшін бұл әрине, бизнес болар. Бірақ біз үшін бұл – ­біз өмір сүріп жатқан екі елдің әл-ауқаты. Біз қайырымдылық арқылы, өз іс-әрекетіміз арқылы тек жұмыс орындарын құрумен ғана шектелмей, айналамызда қолайлы орта қалыптастыруға тырысамыз. Балабақшалар мен мектептерге көмектесеміз, медициналық құрал-жабдықтар тарту етеміз. Биылдың өзінде бірінші сыныпқа баратын оқушыларға сөмкелер таратылып, 20 мыңнан астам бала қамтылды», — деді ол. Сонымен қатар, мәдени және шығармашылық жобалар арқылы да балаларға болашағын анықтауға мүмкіндік беріліп жатқанын жеткізіп, «бұл – балалардың болашақта өз жолын табуына себеп болатын кішкентай қадам», — деді Н.Горбан.

Жаңа бағыт, жаңа мүмкіндік

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта компания газтурбиналық жетекті (ГТЖ) магистральдық сорғы агрегаттарын (МСА) Ресейде өндірілетін электр қозғалтқышы бар МСА-ға алмастыру бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Теңіз терминалы акваториясында шығарылатын айлақ құрылғысын алмастыруға дайындық жұмыстары жүргізіліп, зәкір-кессондар орнатылуда. СКАДА жүйесін диспетчерлік бақылау және басқару жүйесіне алмастыру  да жүзеге асуда. 

Бүгінде КҚК жүйесі арқылы Қазақстанның Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілген мұнай Ресейдің Новороссийск портындағы теңіз терминалына дейін жеткізіледі. Құбырдың жалпы ұзындығы – 1 511 шақырым.

КҚК – бұл халықаралық ынтымақтастықтың нақты үлгісі десек те болады. Ал ендігі басты мақсат – тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қазақстан мұнайының әлемдік нарыққа тұрақты жеткізілуін сақтау болып отыр.

Биылғы жылы КҚК инфрақұрылымына қатысты бірқатар техникалық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, мұнай айдау станцияларының қуаты арта түскен. Консорциум сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму бағытында да жаңа бастамаларды қолға алып отыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда консорциум құрамына әлемнің ірі мұнай-газ саласымен айналысатын 11 акционері кіреді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company, LUKARCO B.V., Mobil Caspian Pipeline Company, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited, BG Overseas Holding Limited, Eni International N.A. N.V. және Oryx Caspian Pipeline LLC.

Тарихи белес

Естеріңізге сала кетейік, Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесін пайдалану 2001 жылдың соңында басталған болатын. 2004 жылдың ортасына қарай КҚК дамудың бірінші кезеңінің толық өткізу қабілеттілігі көрсеткішіне – 28,2 миллион тоннаға жетті. 2005 жылдан бастап консорциум үйкеліске қарсы қоспаларды қолдана отырып, 2010 жылы жылына 35 миллион тоннаға жеткен тасымалдау көлемін біртіндеп арттырды.

Ал, 2011 жылы консорциумның құбыр жүйесін кеңейту жобасы басталды. Жаңа нысандарды кезең-кезеңімен пайдалануға беру мұнайды құбыр арқылы тасымалдау көлемін біртіндеп арттыруға мүмкіндік беріп,  2014 жылы КҚК теңіз терминалында 40 млн тоннадан астам жүк тасымалданды. Бұдан соң 2016 жылы консорциум әлемдік нарықтарға 44,3 млн тонна мұнай жіберді.

Компания үшін 2016 жыл тағы бір тарихи кезең болып, КҚК мұнай құбыры жүйесінің ресурстық базасы айтарлықтай кеңейе түсті. Қазақстандағы теңіз және Қарашығанақ ірі кен орындарына Қашаған кен орны, сондай-ақ Ресей кен орындары қосылды.

Мұнай айдау көлемінің ұлғаюымен 2017 жылдың тамыз айында жарты миллиард тонна мұнай жөнелтілді. Содан бері КҚК қуаттарын кеңейту жобасы да, тар жерлерді жою жобасы да аяқталды, бұл Қазақстан Республикасының аумағынан мұнайды тасымалдау бойынша жылына 72,5 млн тоннаға дейін және жалпы жүйе бойынша жылына 82 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде Қазақстанның мұнай өнімдері Еуразияның ондаған елдеріне экспортталады. Оған қоса, «қара алтынды» игеретін басқа да жаңа нарық көздері қарастырылуда. Тәуелсіздіктің 34 жыл ішінде еліміздің мұнай-газ саласы айтулы жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізсе, бұған экономикада алғашқы халықаралық жоба ретінде жүзеге асқан КҚК-ның үлесі қомақты екені даусыз. Біз бүгінгі өткен іс-шарадан да осыны түйдік. Каспий Құбыр Консорциумы – ел мұнайын экспорттаудың ең төте жолы болып қала бермек.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген  Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ

*Сіз не дейсіз?

Татьяна КАНИНА,

Атырау МАС сынақ зертханасының техник-зертханашысы:

­–КҚК ұжымында қызмет еткеніме келер жылы ширек ғасыр толады. Еңбегімді бағалап, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталғаныма қуанышым шексіз. Техник-зертханашы болғандықтан біздің құбыр арқылы жөнелтілетін  мұнай құрамына жіті сараптама жасап, сапа төлқұжатын береміз. Мұндай көңіл-күй жұмысыма деген ықыласымды арттыра түспек.

Ерлан ДАБЫСОВ,

«КҚК-Қ» АҚ  жобаларды іске асыру қызметінің басшысы:

­–«Еңбек ардагері» медалі біздің ұжымда бірнеше жыл жемісті жұмыс жасаған қызметкерлерге ғана берілетін салмағы жоғары марапат. Міне, бүгін мені осындай абыройға лайықты деп таныған Каспий Құбыр Консорциум басшылығына зор ризашылығымды жеткіземін. Шындығында, бұл кәсіби еңбектің жемісі. Мұнай-газ саласындағы еңбек жолымды осы ұжымда бастаған едім. Одан бері он жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында мұнай экспорттау саласының дамуына аз да болсын үлес қосқаныма қуаныштымын.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button