
Кәсіпкерлерге қолдау керек
Еліміздегі кәсіпкерлік саласы — экономиканың қозғаушы күші, халықты жұмыспен қамтып отырған негізгі тірек. Бүгінде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға жуықтаса, жұмыспен қамтудағы үлесі 50 пайызға жетіп отырғаны — аз жетістік емес. Алайда, бұл көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайды. Себебі кәсіпкерлік әлеуетін толық ашып, өндірісті жолға қоймайынша, ел экономикасының серпінді дамуына қол жеткізе алмаймыз.
Президент халыққа Жолдауында осы мәселелерді орынды көтеріп өтті. Әсіресе, өнім өндіретін кәсіпкерлердің үлесі бар болғаны алты пайызға жетпейтіні — үлкен мәселе. Бұл көрсеткішті арттыру үшін кәсіпкерлерге нақты қолдау керек. Қазір бизнес көбіне сауда мен қызмет көрсету саласына бағытталған, ал өндірісті дамытуға ынталандыратын орта жоқтың қасы. Сол себепті мемлекет тарапынан өндіріс саласына бағытталған жүйелі саясат қажет.
Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы кәсіпкерлер үшін үлкен үміт тудырған құжат болды. Бірақ, өкінішке қарай, бұл Жарлықтың толық орындалмай жатқаны да ашық айтылды. Бұл жағдай орталық және жергілікті атқарушы органдардың бизнеске қатысты нақты шешім қабылдауда салғырттық танытып отырғанын көрсетеді. Президенттің министрлер мен әкімдердің жеке жауапкершілігін арттыру туралы айтқаны өте орынды. Кәсіпкер үшін ең маңыздысы — тұрақты әрі түсінікті ереже мен әділ талап.
Заңнаманың тым күрделеніп кетуі де — бизнестің дамуына кедергі. Қазір қолданыста 21 кодекс пен 300-ден астам заң бар екені айтылды. Оларға енгізілген сансыз өзгерістер мен бір-біріне қарама-қайшы нормалар кәсіпкерлерді адастырып, жұмысты қиындатып отыр. Бізге қарапайым, түсінікті және тұрақты заңдар керек. Бұл ретте жасанды интеллект технологияларын пайдалану — заман талабы. Заңнаманы жүйелеу үшін Интеллект арқылы реттеу орталығының құрылуы — дұрыс шешім.
Бизнес үшін ең маңыздысы — айқын ереже, әділдік және мемлекет тарапынан көрсетілетін шынайы қолдау. Президенттің Жолдауда айтқан мәселелері — қазіргі кәсіпкерлердің басты проблемалары. Соларды шешу үшін нақты әрекет керек. Мемлекеттік құрылымдар тек есеп үшін емес, шын мәнінде кәсіпкерлікті қолдау үшін жұмыс істеуі тиіс.
Мейрамбек ҚАЖЕТОВ,
жеке кәсіпкер
Құрманғазы ауданы
Сурет: Shyndyq.kz



