
Кәсіпкер қолдауды сезіне білу керек
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы ойлар мен бастамаларды кәсіпкер ретінде зор ықыласпен қабылдадым. Себебі Президент көтерген мәселелердің әрқайсысы бүгінде бизнес қауымдастығын толғандырып жүрген өзекті тақырыптарға дәл келді. Шынында да, кәсіпкерлік – елдің экономикалық қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды сала. Ал бизнестің табысты дамуы үшін ең әуелі тұрақтылық, әділ ережелер және мемлекет тарапынан нақты қолдау қажет екенін Президент айқын айтты.
Қазір елімізде шағын және орта бизнеске үлкен көңіл бөлініп келеді. Дегенмен өндіріс пен өңдеу саласына бет бұрған кәсіпкерлердің саны аз екені рас. Бұл – экономикамыздың ең әлсіз буындарының бірі. Сауда мен қызмет көрсету өз орнын тапқанымен, елдің шынайы дамуы үшін өнім өндіру мен экспортты арттыру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Үкіметтің өндіріс бағытындағы кәсіпорындарға басымдық беруі – дер кезінде қабылданған және болашаққа сенім ұялататын шешім.
Сонымен қатар Президент атап өткендей, кәсіпкерлерге ең қажетті нәрсе – айқын әрі әділ ереже. Бүгінде заңнаманың көптігі мен бір-біріне қайшылығы бизнестің ілгерілеуіне айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Кәсіпкер қағазбастылыққа емес, нақты іске көңіл бөлуі керек. Сондықтан реттеу шараларын жеңілдетіп, барлық процестерді автоматтандыру – бизнесті дамытудың заманауи және тиімді жолы. Бұл ретте жасанды интеллектті қолдану арқылы әкімшілік тосқауылдарды азайту бастамасы өте орынды деп санаймын.
Мемлекет пен бизнестің мүддесі ортақ – халықтың тұрмыс сапасын арттыру және елдің экономикасын нығайту. Сол себепті мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге бақылаушы емес, серіктес көзқараспен қарауы керек. Әрбір әкім мен министр өз өңіріндегі іскерлермен ашық диалог орнатып, олардың нақты ұсыныстарын ескерсе, бұл өзара сенімді арттырып, жаңа жобаларға жол ашады.
Президент Жолдауында айтылғандай, бизнесті әділ, ашық және тұрақты ортада дамыту – баршамыздың міндетіміз. Егер осы бағыттағы тапсырмалар толық жүзеге асса, елімізде кәсіпкерлік мәдениеті мен жауапкершілігі жаңа деңгейге көтеріледі. Біз, кәсіпкерлер, мемлекетпен бірлесе отырып, елдің экономикалық қуатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосуға әрдайым дайынбыз.
Асылбек МҰРАТОВ,
кәсіпкер,
«Миялы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің» директоры.
Қызылқоға ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды


