ҚАШАҒАН ҚҰРЫҚТАЛМАЙ ТҰР

Сөз жоқ, дүние жүзінде соңғы қырық жылдың жетегінде ашылған ең алып кен
орны саналатын Қашаған кенішін игеру – әлемдік мұнай-газ тарихында ерекше оқиға. Оның кеңінен қолданысқа енгізілуі тек жалғыз Қазақстан экономикасын ғана жаңа сатыға көтеріп қоймайды, күллі жер бетінде көмірсутегі шикізатына қатысты сұранысты мейлінше қамтамасыз етуде өзіндік рөл атқармақ. Кеніштен өнім алу көлемі шырқау шегіне жетіп, жылына 50-75 миллион тоннаны құрағанда еліміз дүние жүзіндегі мұнайлы мемлекеттердің алғашқы бестігіне енбекші. Бұл – жай айтыла салған сөз емес, Мемлекет басшысының алға қойып отырған нақты тапсырмасы.

Әйтсе де, өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбританияның Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның қатысуымен Солтүстік Каспий жобасының мәреге жетуі ресми түрде жарияланғанымен, бүгінде Қашаған кен орнынан өнім алу уақытша тоқтап тұр. Оған қомақты инвестиция салған тұтас еліміздің де, әлемде азулы саналатын компаниялардың да келешекке межелеген стратегиялық жоспарларына елеулі өзгерістер де енгізілмекші. Дүниежүзілік ақпарат құралдары да сан салалы болжам жасап, әртүрлі мәліметтер таратуда. Әрине, үкілі үміттің жібі әлі үзілген жоқ. Дегенмен, бір нәрсе ақиқат. Ол – Қашағанның «қара алтыны» мүлдем құрдымға батпағанымен, тағы да қашықтап кеткені.
Осы орайда Қашаған кенішімен бастапқы бұрғы салынған сәттен бастап, журналистік соқпағы бүгінге дейін ажырамаған тілші ретінде өзіміз де біраз тұжырымымызбен бөліскенді жөн көрдік. Сонымен …

ТҰҢҒЫШТЫҢ ТӘУЕКЕЛІ

Жалпы, бұған дейін де талай айтылғанындай, Қашаған – Қазақстан тарихында айдын төсінен ашылған алғашқы кен орны. Рас, қазір де республиканың батыс өңірінде, соның ішінде іргелес жатқан Атырау мен Маңғыстау облыстарында су астында қалған байырғы ұңғымалар болғанымен, олардың бәрі де сонау жылдары құрғақта қазылғандар. Кейін Каспий деңгейі әр жылы талай мәрте көтерілгендіктен, бұлардың орналасқан жерлерін теңіз шайып кетті. Қазір қос облыста олардың саны жарты мыңға жуық. Әр жылы он шақты ғана ұңғымаға қалпына келтіру шаралары жасалып жатқанымен, соларды қауіпсіздендіру толық жүзеге асырылған жоқ. Бұған, біріншіден, орталықтан бөлінген қаражаттың аздығы себеп десек, екіншіден, осы арнаулы іспен шұғылданатын кәсіпорындар қатары да шектеулі. Демек, бұдан ондаған жылдар бұрын бұрғыланып, енді өнім өндіру уақытша тоқтатылған сол ұңғымалардан кез келген сәтте теңізге мұнай ағып кетуі ықтимал. Бірақ, қайталап айтқанда, бұлар айдыннан қазылған ұңғымалар қатарына жатпайды.
Ал, бес мыңнан аса тереңдіктен теңіздің тура төсіне бұрғы бойлату – ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Сондықтан, тұңғыштың тәуекелі де басым. Кезінде Теңіз кенішінде орын алған апат сабағы да ескерілді. Онда құрлықтағы №37 ұңғыманы әбден ауыздықтау үшін екі жылға жуық мерзім қажет болса, бетін әрмен етсін, Қашағанның ықтимал апатының зардабы одан да қомақты болмақ. Мұнда айдынға неше мың тонна мұнай төгіліп, жағалаудағы бес мемлекет бірігіп пайдаланып отырған теңіздің тұтас экологиясына қаншалықты нұқсан келмек? Ауаға қанша тонна зиянды қалдықтар шығарылмақ? Міне, сондықтан және Қашаған кенішінің өнімі тым тереңде орналасқандықтан, «қара алтын» құрамында күкірт қышқылдары мол болғандықтан, кен орнын қоршаған ортаға залалсыз игеру талабы қойылды. Сонау мұхиттың арғы бетінен, мынау Еуропаның біраз елінен әкелінген жабдықтарды игерілмекші кеніштің өзіндік ерекшелігіне орай пайдаланып көру қажеттігі туды.
Сондықтан, саналы ғұмырын мұнай-газ саласына арнаған атыраулық майталман мамандардың өздері де түпкілікті тұжырым жасауға бата алмаған. Бәрін де кен орнын «тәжірибелік игеру» деген атау ойландырған. Өйткені, расында да, кенішті әбден жайғастырып, одан коммерциялық өнім алғанша, осы сатыдан өту керек еді. Яғни, дүниежүзілік тәжірибені басшылыққа алып, әлемнің талай ғалымдары мен мамандары талқыға салған, озат саналған техника мен озық есептелген технология осында сыналмақшы. Ендеше, Қашаған кеніші өзіндік сынақ аймағына айналды. Демек, оның сабағы айдын төсінде ашылар кейінгі кен орындарында ескерілмек.
Жалпы, сонау жылы іргелес Ресейдің көршілес Астрахан қаласында «Сұңқар» аталатын жүзбелі бұрғылау қондырғысы жасалып, ол айдынға түсірілгенде дәстүр бойынша «сәт сапар» тілеген бүгінде өмірден өтіп кеткен аяулы ақын апамыз Фариза Оңғарсынова еді. Сол салтанатқа отандық мұнайшылардың бұрынғы басшысы Нұрлан Қаппаров, кезінде Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдері болған Иманғали Тасмағамбетов пен Ляззат Қиынов қатысқан. Айдын төсінде жұмыс жасап тұрған осы қондырғының қызметін өзіміз де тамашалағанбыз. Бұрғылауға қатысты негізгі қызметінде ұқсастық болғанымен, оның бұған дейін талай көрген жер үстіндегі жабдықтардан едәуір айырмашылығы барлығын да байқағанбыз. Сонда шетелдік мамандар мұндай қондырғылардың бұрын-соңды еш жерде қолданыста болмағандығын айтқан-ды. Әттең, сол сынақтың алғашқы сәтте-ақ сыр беріп, діттеген меженің алынбай қалғандығы қынжылтады.

БІЗ НЕДЕН ҰТЫЛДЫҚ?

Сөз жоқ, Қашаған кенішінің уақытында игерілмегені, оның өнімінің мерзімінде алынбағаны тұтас ел экономикасына кері әсерін тигізеді. Жақында ғана орталық ақпарат құралдарында таратылған деректерге қарағанда, соның салдарынан Қазақстан күніне үш миллион доллар жоғалтады екен. Оны жылға шаққанда бір миллиард болады. Бұл – еліміздің ішкі жалпы өнімінің 0,5 пайызы.
Енді осы қомақты қаражатқа не тындыруға болады? Мамандар оны да есептеп қойыпты. Мәселен, күнде қоржынымызға түспей жатқан үш миллион доллар біздің облыста ғана аз қамтылған отбасылар бағдарламасы бойынша 30 екі-үш пәтерлік тұрғын үй тұрғызуға молынан жетеді екен. Сонда шамамен 11 мың пәтер. Бір отбасында орта есеппен төрт адам бар дегенде, 40-45 мың тұрғын баспана тойын тойлайтын еді. Бұл шағын қала емес пе? Тұрғын үй проблемасының қазір мұнайлы мекенде күйіп тұрғандығы ешкімге жасырын емес. Облыс және қала басшылығының қабылдауына келетіндердің дені баспана сұрайды.
Немесе үш миллион долларға күніне кем дегенде бір ауылдық мектеп тұрғызуға болады. Сонда жылына 365 оқу ордасы қатарға қосылатын еді. Құны 1,5 млн. доллар дегенде 700-ден аса балабақша салынбақшы-тын. Мұның бәрі – қажетті құрылыс материалдарының тыстан тасымалданатындығымен болжанған меже. Бүгінде облыста құрылыс индустриясы қолға алынып жатқандығын ескерсек, жоғарыда аталғаннан да көп әлеуметтік нысандардың бой көтеруін күтер едік-ау.
Міне, бір жылда ғана осындай көл-көсір шығынға батып отырмыз. Ал, Қашағанның қатарға қосылуы тағы да екі-үш жылға созылса, бұдан да көп қаржыдан қағылмақпыз.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың айтуынша, биыл Қашағаннан мұнай өндіру 8 млн. тоннаны құрауы керек еді. Ол келесі жылы 12 миллионға жеткізілмекші-тін. Алайда, кеніште қалыптасқан күрделі жағдай отандық мұнайшыларды кейбір есеп-қисабын қайта санауға мәжбүр етті. Мәселен, Солтүстік Каспий жобасына қатысушылар оны жүзеге асыру үшін бұрынғы жұмсаған шығындарына қосымша тағы да біраз қаржы бөлуіне тура келеді. Бұл консорциумның өзге мүшелері секілді «ҚазМұнайГаз» компаниясына да жеңіл тимейді. Отандық мұнайшылар биылға дейін-ақ осы сегіз миллиард доллар үлесін беруі тиіс. Егер қазақстандық «қара алтын» өндірушілер өздері қатысатын өзге жобаларға да жалпы мөлшері 20 миллиард доллар үлес қосуы қажет десек, бұл аз шығын емес. Оның үстіне, түрлі мерзім аталғанымен, өнім өндіру уақыты әлі нақтыланған жоқ. Рас, жақында еліміздің Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басын атады. Бірақ, бұл нақты мерзім бе? Содан соң кен орнын игеру қалыпты қызметіне кірісе ме?
Әрине, лауазым иесіне сенімсіздік танытып отырғанымыз жоқ, бірақ кеніште бұрғылау жұмыстары аяқталып, мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы тұрғызылып, теңізден құрлыққа құбыр тартылып болғаннан кейін де талай меже аталды емес пе? Тіпті сонау жылдары белгіленген мерзімді айтып та отырғанымыз жоқ. Соның бәрінде уәделі уақыт жұтылып кеткен. Енді қаншалықты сенім бар? Сәл шегініс жасасақ, барлық даярлық жұмыстары жасалып, сақадай сай делінгенімен, өткен жылғы 11 қыркүйекте қатарға қосылған кеніштегі өнім өндіру 24 қыркүйекте тоқтатылды. Оған себеп – таратылған ақпаратқа қарағанда, жоспарлы тексеру кезінде D жасанды аралынан құрлықтағы қондырғыға тартылған газ құбырында ақау болуы. Ол жөнделіп, қайта іске қосылғанымен, тоғызыншы қазанда құбыр қайтадан сыр берген. Міне, содан бері еш өнім алынған жоқ, айдын төсі жым-жырт.
Сөз жоқ, Қашаған «қара алтынының» кешігуі еліміздің алға қойған жоспарына түбегейлі өзгерістер енгізді. Алдымен, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, соның салдарынан Қазақстан биыл ішкі жалпы өнімнің 0,5 пайызын жоғалтады. Ал, бұл – бюджетке түспеген қыруар қаражат.
Одан әрі, жоғарыда айтылғанындай, Солтүстік Каспий жобасына қатысушы әріптес ретінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы да қосымша қаржы шығындамақ. Оның үстіне, теңгенің долларға шаққандағы бағамының құнсыздануы шетелдіктермен тығыз қарым-қатынасы бар отандық мұнайшыларға алым-берімін қайта есептеуге соқтырады.
Сонымен қатар, биылдан бастап Ресейден «қара алтын» тасымалдау біраз шектелді. Демек, ішкі сұранысты қамтамасыз ету салмағы отандық мұнайшыларға түседі. Сыртқы саудада экспорттық міндеттемелері де бар «ҚазМұнайГаз» мұндай ауыртпалықты еркін көтере ала ма?
Сондай-ақ, Солтүстік Каспий жобасына қатысушылар Қашаған мұнайын дүние жүзінің төрт бұрышына жеткізу жолдарын да ойластырып қойған-ды. Бұл ретте Каспий тұрба құбырлары консорциумы (КТК) жүйесі де, Атырау-Самара-Новороссийск құбыры да, Атырау-Тамань темір жолы да жоққа шығарылмайды. Алдымен Ақтауға темір жолмен жеткізіліп, одан әрі Баку мен Батумиға теңізбен тасымалданатын бағыт та ескерілген. Рас, әріптестер КТК жүйесін тиімдірек санайды. Демек, кешенді кеңейту жұмыстары жүргізілген соң Қашаған өнімінің дені осы құбырмен жөнелтілмек. Яғни, КТК кілтін ұстағандар мол мұнайдан үміттеніп отыр. Өйткені, тасымал тарифі арқылы өздеріне пайда түсіреді емес пе? Ал, кезекті кешіктіру олардың да жоспарын қайта қарауға соқтырады. Аталмыш құбырдың акционерлері қатарынан табылатындықтан, ел бюджеті де біраз табыстан қағылды.
Жалпы, былтыр облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында болған Аджип ҚКО компаниясының атқарушы директоры Умберто Карраро алғашқы өнім алу мерзімі сол жылғы наурыздан маусымға шегерілгенін айтқан-ды. Инвестордың мәлімдеуінше, ол Солтүстік Каспий жобасына қатысушылар мен ел үкіметі арасындағы құжаттарда қаралыпты. Сол келісім бойынша, егер өткен жылғы 1 желтоқсанға дейін өнім өндірілмесе, онда Қазақстан консорциумға жобаны жүзеге асыруға жұмсалған шығынды өтемейтіндігін айтқан. Міне, осы үзілді-кесілді талап инвесторларды асықтырса керек. Расында да, қашанға дейін төзуге болады? Бұған дейін де соңғы саналған талай мерзім бұзылды емес пе?
Оның үстіне, алдыңғы жылғы күзде НСРОС компаниясының атқарушы директоры Ханс Баккердің алғашқы өнім келісілген уақытта, яғни 2013 жылғы наурызда алынатындығын айтқаны тағы бар. Сонда кенішті игерудің бастапқы белесінде тәулігіне 75 мың баррель мұнай өндіру көзделген-ді. Ал, тұтастай бірінші сатыда кеніштен коммерциялық «қара алтын» алу тәулігіне 450 мың баррельге жеткізілмек еді. Егер кен орнының қоры 9 млрд. баррельден аса көлемде бағаланып, айдын төсінде әрқайсысының тереңдігі бес мың шақырымнан асатын 41 ұңғыма дайын тұрғандығын ескерсек, бұл межеге еркін қол жететін еді. Әттең, сенімді саналған құбыр сыр берді.

ИНВЕСТОРЛАР ИКЕМГЕ КЕЛЕ МЕ?

Қалыптасқан жағдайда Солтүстік Каспий жобасына қатысушылар өздерін қалай ұстамақ? Турасын айтқанда, Қашаған кеніші бастап игерілген кезден бері оған мүше шетелдік компаниялардың талайы өзгерді. Яғни, жобадағы үлесін сатып кеткендер бар. Бізден гөрі ақшаны дұрысырақ есептейтін олардың бұл әрекетін түрліше түсінуге болады. Біріншіден, кеніштің тез арада толық қуатына шығуына сенімсіздік пайда болды. Демек, одан жылдам пайда түсіру үміті үзілді. Екіншіден, мүмкіндігі мол, қалтасы қалың өзге инвесторлар жоба құнын түрлі себептермен қымбаттатуда. Ал, оны кейбір компанияларының қауқары көтермейді. Аттылыға жаяудың ере алмайтыны белгілі емес пе? Әлі де Солтүстік Каспий жобасы мүшелерінің өзгеріске ұшырауы ықтимал.
Жалпы, о бастағы келісім бойынша инвесторлар барлау, бұрғылау және өндіру шығындарын өз мойнына алып, кейін оның шығынын мұнайды сату арқылы жабуы тиіс-ті. Содан соң ғана табысының едәуір бөлігін келген елінің еншісіне беруі керек-ті. Сол шарт әлі де күшінде. Дегенмен, мамандар кейбір өзгерістер енгізілуі ықтималдығын да жоққа шығармайды.
Тағы да өткенге сәл шегініс жасасақ, сонау 1997 жылғы күзде қол қойылған келісім негізінде Қашаған кенішін барлауға төрт жыл мерзім берілген-ді. Бұрғылау барысында кездесер ықтимал қиындықтар ескеріліп, оны тағы да екі жылға созу мүмкіндігі ескерілген. Кенішті бағалауға да төрт жыл жұмсалуы тиіс-ті. Содан алғашқы өнім алу уақыты ретінде 2008 жыл белгіленген.
Алайда, 2001 Мемлекет басшысы алғашқы мұнай алу мерзімін ілгері жылжытуды талап етті. Жасыратыны жоқ, еліміз қаржы тапшылығын сезінді. Сол кезде Солтүстік Каспий жобасының операторы ауысып, итальяндық Eni компаниясы тағайындалды. Оның алдына Елбасы бес нақты талап қойды. Біріншіден, оператор 2005 жылы алғашқы өнімді алуы міндетті. Екіншіден, сыртқа сатылуға тек мұнай ғана емес, сонымен қатар ілеспе газ да тасымалдануы тиіс. Үшіншіден, мердігер ретінде қазақстандық кәсіпорындар тартылуы қажет. Төртіншіден, «ҚазМұнайГаз» компаниясы қосымша оператор мәртебесіне көтерілуі керек. Бесіншіден, Каспий теңізінің экологиялық тұрақтылығы сақталуы шарт. Жоба операторы Eni компаниясы бұл ұсыныстардың бәрін құп алды.
Содан 2003 жылдың қазанында кенішті игерудің бағдарламасы жария етілді. Ол үш сатыдан тұрды. Біріншісі өндірістік-тәжірибелік сәтті қамтыды. Екінші және үшінші сатысында кеніш толық қуатында жұмыс жасауы шарт еді. Төрт жылға созылатын бастапқы белесінде-ақ тәулігіне 450 мың баррель мұнай алу жоспарланған. Бұл алдыңғы межеленген мөлшерден төрт есе көп болатын. Үш жылмен шектелген үшінші сатысында мұнай өндіру екі есе артуы көзделді. Ақырында, бес жылға есептелген төртінші бөлігінде тәулігіне 1,2 млн. баррель «қара алтын» тұтынушыға жол тартуы тиіс еді. Жалпы пайдаланылуы 40 жылға келісілген жоба осылай өрілуі керек-ті.
Міне, осы меженің бәрі бұзылды. Жоғарыда айтқанымыздай, шыдамағандар қатардан шықты. Қазір жобаның өзге қатысушылары итальяндық операторға реніш те білдіре бастаған. Сайып келгенде, сыр берген тұрбаны төсеуге мердігер таңдаған да сол емес пе? Демек, жауапкершілік те содан сұралмақ.
Кенішті игеру басталғанда мұнайдың әр литрінің бағасы 10-12 доллар болатын. Соңынан ол 140 долларға күрт көтерілгенде инвесторлар мол табысты тезірек түсіруге ұмтылып, шығын көлемін мүлдем ұмытты. Жабдықтар нарық құнынан қымбат бағаға сатып алынды. Енді жалпы шығын мөлшері 50 млрд. долларға жеткенде жағдайдың күрделі екендігі көрінді. Егер жобаға қатысушы компаниялар өздерінің қателескендерін мойындаса, онда акционерлер тарапынан наразылыққа тап болады. Біздегіден гөрі, шет елдерде бұған қатты қарайды. Ұлыбританияда да, Италияда да компаниялардың акцияларын сатып алғандар–оның шығынын да, табысын да қадағалап үйренгендер. Компания басшыларын бірден сотқа сүйрейді. Оның үстіне, Өнімді бөлісу шарты инвесторлардың барлық шығынын инфляция деңгейімен жабуды қарастырған. Демек, қайткенде де, жай акционерлер зардап шекпеуі тиіс. Ол өз алдына бөлек тақырып, бұл жолы қысқаша ғана қамтып отырмыз. Әйтсе де, атап айтар бір жайт – кейбір болжамдарға қарағанда 2018 жылға қарай кенішті толық іске қосуға жұмсалатын қаржы 90 млрд. долларды құрамақ.
Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс келешекте дайын өнімді тасымалдауда қосымша проблема туындатпақ. Қашаған мұнайы Новороссийскіге шығынсыз шыға ма? Оны даулы Қара теңіз жағалауы қауіпсіз қабылдай ала ма? Бұл Баку-Тбилиси-Жейхан құбырының мүмкіндігін шектемей ме?
Осы орайда әлемнің мықты мемлекеттерінің Ресейге қарсы қолданып жатқан экономикалық санкциясы қазақстандық компанияларға да кері әсер етеді. Бүгінде, жасыратыны жоқ, Қазақстан мұнайын ресейлік құбырлармен тасымалдау тәуекелі жоғары. Егер «қара алтынды» Иран арқылы жөнелткенде, бұл ел күрт өсетін тасымал көлеміне дайын ба? Оған біздің Каспий теңізіндегі терминалдарымыздың мүмкіндігі жете ме?

ТҮЙІН

Солтүстік Каспий жобасы – Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға. Еліміз тұңғыш рет теңізден мұнай өндіруге ұмтылды. Бұл бағытта жағалаудағы өзге көршілерімізден кеш қалсақ та әлемде соңғы қырық жылда ашылған ірі кенішке ие болдық. Оның қорының молдығын, мүмкіндігінің жоғарылығын шетелдік ғалымдар мен мамандардың өздері де мойындауда.
Осы кеніштің икемді игеріліп, толық қуатында жұмыс жасауы Қазақстанды дүние жүзіндегі мұнайлы державалардың бестігіне қосады. Бұл – Елбасы тапсырмасы. Ел межесі де – осы. Ендеше, оған шошына қараудың да қажеті жоқ. Жер үстіндегі байлығымыз да жеткілікті болғанымен, айдын төсін де меңгерген жөн. Әйтпесе, мұнайдың да өзен секілді жылғаланып ағатынын ескерсек, ол жағалаудағы өзге мемлекеттердің меншігінде кетеді.
Осы жобаны жүзеге асыру барысында шетелдік инвестиция күшімен көршілес Атырау және Маңғыстау облыстарында ондаған әлеуметтік нысандардың бой көтергендігін, жүздеген жұмыс орны ашылғандығын, миллиондаған теңгеге қазақстандық тауарлардың сатып алынғандығын жоққа шығаруға болмайды. Белгілі мұнайшы-ғалым Мағауия Шырдабаев айтқандай, Солтүстік Каспий жобасы жүзеге асуы тиіс, бірақ еліміздің экономикалық та, экологиялық та әлеуеті артпаса, кемімеуі шарт.
Сонау 1994 жылы еліміздің Мұнай және газ министрлігі құрылып, оның тізгінін біздің жерлесіміз Равиль Шырдабаев ұстаған-ды. Қазір де отандық мұнайшылардың басшылығы атыраулық Ұзақбай Қарабалиннің қолында. Шіркін-ай, осы салмақты құрылымның құрылғанына тура 20 жыл толғанда Қашағанның «қара алтыны» қазанымызға құйылғанда нұр үстіне нұр болар еді-ау. Әттең, күткен меже алынбады.
Сонау жылы Шанхай бестігінің кезекті отырысына аттанып бара жатып, Елбасы Атырауда сәл аялдаған-ды. Қашаған кенішіне ұшып, кейін оралған соң әуежайда шетелдік және қазақстандық журналистерге берген сұхбаты кезінде кен орнының мұнайы құйылған ыдысты көрсеткен. Сол сәттің де куәсі болып едік-ау. Әйтсе де, үкілі үміт жібі әлі үзілген жоқ, келер күндердің қуанышын күтеміз.
…Кенішке Қашаған атауы белгілі жыршы Қашаған Күржіманұлының 150 жылдығы құрметіне берілген-ді. Ал, «қашаған» сөзінің қазақша «асау, ұстатпайтын» деген баламасы да бар. Расында да, теңіздегі мол мұнайға құрық салынып, ол ноқталанғанша біраз тер төгуге тура келетіндей…

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз