КАРАОКЕ ЖҰЛДЫЗЫН ЖАҚТЫ

Атырау қаласындағы Қайырғали Смағұлов атындағы бульварда тұрғындар «Karaoke Buttle» караоке әндерінің сайысында бақтарын сынады. Осылайша атыраулықтар үш күн бойы – өткен ғасырдың 50, 60, 70-ші жылдарғы шетел және отандық орындаушылар мен танымал кинотуындылардан үздік деген әндерді орындады.

 

Барлығы үш бөлімнен тұратын байқаудың алғашқы іріктеу кезеңінде кез келген өтініш беруші өз таңдауы бойынша ән шырқады. Екінші кезеңге өткен 12 қатысушы екі әннен орындады. Ал ақтық кезеңде қатысушыларға бір ретро, бір қазақ немесе шетел әнін орындау міндеттелді. Соңғы үшінші әнді таңдау қатысушылардың өз еркіне берілді.

Ескірсе де естен кетпейтін әдемі әуендер, сағынышқа айналған сағым әндер мен заманауи музыка көрермен жүрегіне жол таба білді. Әсіресе, жас орындаушы Асхат Жалғабай кеңестік дәуірдегі жастардың алтын дауысына айналған ресейлік әнші Юрий Шатуновтың «Детство» атты әнін шебер орындады.

– Бала кезден ән айтуды ұнатамын. Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында оқып жүргенімде талай рет ән байқауларына қатыстым. Соның ішінде, «Лучший город KZ» «Х-фактор» секілді үлкен жобаларда бақ сынадым. Болашақта вокалмен кәсіби тұрғыда айналысқым келеді. Өмірімді музыкамен байланыстыру – арманым, – дейді ол.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Шамшинұр Мекесов иеленіп, сыйға тоңазытқыш алды. Бірінші орын алған Наурызбек Тайыров – ноутбук, екінші тұғырдан көрінген Асхат Жалғабай – ұялы телефон, ал, үшінші орынды қанағат тұтқан Жансая Қажығали смартфонға ие болды. Сондай-ақ, Алтынай Рахметова көрермендер көзайымы атанды, Альфия Наурызова қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды.

Амандық АБДОЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз