«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» ҚҰНЫ

немесе бензин арзандауының астарында не жатыр?

(сараптама)

Нарық қыспағында қымбатшылықты ғана сөз ететін халық енді арзаншылықты да аузына ала бастады. Бұл жанар майға қатысты. Соңғы жарты жылдың ішінде әлеуметтік саналатын АИ-92 бензині мен дизель отыны құны үш мәрте төмендеп, қазір әр литрі 99 теңгеден сатылуда. Бұл бензин бағасының тұрақтанғаны ма, әлде алдамшы көрініс пе? Соны саралап көрелікші.

Энергетика министрі Владимир Школьник жақында 2016 жылы шикі мұнайды өңдеу көлемі жылына қазіргі 14 млн. тоннадан 18,5 миллионға артатынын айтты. Әсіресе, үлкен сұранысқа ие АИ-92 бензинін дайындау 12-ден 21 пайызға көбеймек. Ал, АИ-95 пен АИ-98 де бүгінгі 0,7 пайыздан онға өспекші. Молшылық емес пе? Тіпті 2016 жылы республикадағы жанар май құю бекеттері тек отандық өніммен ғана жұмыс жасамақ. Оның ар жағында да бензин мен дизель отынына еш тапшылық болмайды, оларды сырттан тасымалдау мәжбүрлігі тумайды.

Әрине, өте жақсы жаңалық. Тек мұндай мәлімдемені сонау 2011 жылы сол кездегі мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев та жасап еді-ау. Оның айтуынша, 2015 жылдың соңында еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты қайта жарақтандырылып, олардың өндірістік қуаты артуы тиіс еді. Алайда, бұл мерзім кейінге шегерілді. Оның үстіне, республикада төртінші осындай зауыттың қажетсіздігі де айтылды. Енді Елбасы жанар майға деген мұқтаждықтан толық құтылу үшін осындай тағы бір өндіріс ошағын ашу керектігін айтқанда ғана министрлер қайта ойлана бастады. Мүмкін сол кезде құрылысты бастап кеткенде, ендігі аяқталып та қалар ма еді, кім білген?.

Сонымен, бензин бағасы арзандады. Арзандағанда бұрынғы бағасынан кеміді. Өйткені, кейбір сарапшылардың пікірінше, бізде бензин бағасы о баста орынсыз көтерілген көрінеді. Мұны әлемдік нарықтағы «қара алтын» құнымен байланыстырғанымен, елде өндірілетін мұнайдың өзіміздің зауыттарға жеткілікті мөлшерін республикада қалдыру жөніндегі талап бар. Сол қатаң сақталғанның өзінде-ақ елімізде жанар май тапшылығы болмас еді ғой. Әйтпесе, өткен жылғы жаздағы дүрбелең әлі жадымызда.

Былтырғы оқиғаны энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин өзінше түсіндіріп, бізде бензин мен дизель отынына тапшылық жоқ, оларды сырттан келгендер тасымалдап кетіп жатқанын айтқан. Лауазым иесінің сөзіне сенсек, көршілес Ресейдің, Өзбекстанның, т.б. көліктері біздің шекараға жететін ғана жанар маймен келіп, әрі қарай арзан бензинімізді тұтынатын көрінеді. Ал, анау ауыр жүк көтеретін алып көліктер бір сәтте тоннаға жуық жанар майды құйып алады екен. Сонда өзімізде не қалады? Шарасыздық салдарынан бағаны көтеруге тура келген.

Жә, нарықтық қатынастар құрылған соң бағаның құбылуы да заңдылық. Оның үстіне, көршілес Ресеймен экономикалық тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, көрпемізді де соған қарап көсілеміз. Бұл жолғы бензин бағасының өзгеруін де солай түсінуіміз керек. Бүгінде іргелес ел біраз қиындықты бастан кешіп отыр. Украинадағы оқиғаларға байланысты батыстың алпауыт мемлекеттері салған санкция Ресей экономикасына да салқынын тигізді. Рубль бағамының теңгеге шаққандағы салмағы тым жеңілдеп кеткені де сондықтан. Қазір Ресейдегі арзаншылықты пайдаланып, сол жақтан жылжитын да, жылжымайтын да мүліктер сатып алушылар көбейді. Соның ішінде қазақстандықтар да кездеседі. Ал, мұның біздің экономикамызға тигізер нендей әсері бар?

Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда тек екі айда ғана автокөлік сату 40 пайызға құлдыраған. Демек, бұл сала әбден тұралады. Егер өнімі өтпесе, кәсіпорын тығырыққа тірелмей ме? Жұмысшыларға жалақыны кім төлейді? Міндетті төлемдер немен өтелмек? Жергілікті бюджет қалай толмақ? Автокөліктер бағасын күрт кеміткенде оған жұмсалған шығын орны толар ма?

Жанар майға қатысты әңгіме де солай. Әрине, оның бағасының арзандағаны тұтынушыға жақсы. Жүргізушілер қазір арзан бензинге қуанып жүр. Бұрынғыдай шектеу де жоқ. Кейбіреулер үлкендеу ыдыс алып, кейінге сақтауды да ойластыруда.

Бірақ, шарасыздықтан туған арзаншылық біздің экономикамызға қалай әсер етуде? «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Сауат Мыңбаевтың мойындауынша, қазір отандық мұнай өңдеуші зауыттарда дайын өнімдер тұрып қалған. Оны бұрынғыша алыс сапарға шығатын көршілес Ресей немесе Өзбекстан жүргізушілері тұтынбайды. Өйткені, өздерінде де бензин құны кеміді. Ал, біздің зауыттардағы қазандарда толып тұрған бензин мен дизель отыны өндірістің одан әрі дамуына кедергі. Себебі, даяр өнім өтпей тұрса, оны үстемелеп дайындап қажеті не? Сыртқа тасымалдауға алғалы тұрған тұтынушы да жоқ. Міне, әр нәрсенің аса арзаншылыққа ұшырауының, сайып келгенде, осындай кері әсері де бар. Бюджетке түсер түсім де төмендейді. Жұмысшылардың қысқартылуына жол берілмегенімен, олардың жалақысын сатылап өсіру тоқтайды. Қысқарту демекші, қазір Атыраудағы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты жанар май құю бекеттерінде операторлар таңертеңгілік 9.00-ден кешкі 17.30-ға дейін ғана жұмыс жасайды. Бұрынғыдай түнгі мезгілде қызмет көрсету тоқтатылған. Әр жүргізуші автокөлігіне бензинді өзі құйып алады. Бұл қауіпсіздік техникасына қайшы екендігі, оператордан өзге адамның оған құқы жоқтығы басшылардың қаперіне де кірмейтін тәрізді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, ертеңгі күні оқыс оқиға болса, кім жауап береді?

Бүгінде жанар май құю бекеттерінде бензин мен дизель отынының молдығына, олардың бағасының қолжетімділігіне қуанып жүрміз. Ал, оның тапшылығы мен қымбаттығы да кездескен жоқ па? Сол кезде тауарлар мен тағамдар бағасы да ұшынып кеткен. Енді түсті ме? Мәселен, Ресейден төмен бағасына арзан жанар маймен өнім тасушылар оның құнын кемітті ме? Немесе негізінен Оралдан әкелінетін ет неге арзандамайды? Біздің кәсіпкерлеріміз бен делдалдарымыз бұған дейін өзара келісіп қойып алған бір бағаны өзгертуге құлықсыз. Бұл, мүмкін, облыстық Кәсіпкерлер палатасының шұғылданатын шаруасы шығар? Мемлекет басшысы күнделікті тұтынатын тауарлар мен тағамдар бағасын қалыпты ұстау қажеттігін айтып жатқанда, сауда орындары оған неге құлақ аспайды?

Рас, қазір отандық өнімдерді алу керектігі туралы бастама көтерілді. Бұл – өте дұрыс ұсыныс. Кәсіпорындарымыздың тұралап қалмауына атсалысуымыз керек. Әрине, оның сапасының да жақсы болғанын қалаймыз. Әйтсе де, өз өндіріс ошақтарымыздың қызметі қалыпты жүрсе, жергілікті бюджетке де қомақты түсім түседі. Сондықтан, амалсыздан жасалған арзаншылыққа алданбайық. Оны екіжақты таразылағанда ұтарымыз да, ұтыларымыз да бар.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, 2015-2017 жылдары мұнайдың әр баррелінің құны 80 доллардан 50-ге, ал 2018-2019 жылдары 60-қа төмендеуі мүмкін. Осы елу долларлық бағаммен таразылағанда ел бюджеті бір триллион теңге шамасында қаржы жоғалтады екен. Бұл қыруар қаражат емес пе? Оған республикада өнеркәсіп көлемінің 0,3 пайызға қысқаруы ықтималдығын қосыңыз. Ал, Ұлттық банкінің болжамынша, экспорт 44,7 және импорт 21,8 пайызға азаймақ. Бұл – тиісінше 43,6 және 34,7 млрд. АҚШ доллары деген сөз. Міне, сыртқы құбылыстардың біздің экономикамызға тигізер салдары осындай. Республикада іргелі жобалар қолға алынып, ірі құрылыстар жүргізілгенімен, дүниежүзілік дағдарыс жан-жағымыздан төніп келеді. Мамандар келесі жылдың қиындығын қазірдің өзінде ескертуде. Мұны Елбасымыз да Қазақстан халқына Жолдауында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында құлағдар етті. Халықты тарықтырмау бағытында нақты тапсырмаларын берді. Соның бәрі – сақтық шараларының нәтижесі.

Сонымен, бензин бағасы арзандады.
            Жоғарыда айтқанымыздай, бұл – амалсыздықтан жасалған шара. Кәсіпорындардың қызметі тоқтап қалмауы үшін істелген шаруа. Бұдан өндіріс ошақтары өздеріне көздегендей қомақты қаражат түсіре алмайды. Жұмысшылардың жалақысы да өспейді, жергілікті бюджетке аударылар салық та артпайды. Сондықтан, мұндай арзаншылыққа бөркімізді аспанға атып қуанудың да қажеті жоқ.

Рас, кезінде АИ-92 бензиніне тапшылық болғанда бірқатар сарапшылар мұны қолдан жасалған қысастық ретінде бағалады. Яғни, кейбір жеке меншік мұнай компаниялары «қара алтын» өңдеу зауыттарына тапсырған шикізаттан даярланған өнімдерін уақытында алмай, жанар май құны қымбаттауын күтіп жүрген. Ал, сұраныс қашан да ұсынысты тудырады. Жетіспеушілік баға саясатына тура әсер етеді. Жұрт тапшы нәрсені қандай бағасына да сатып алуға ұмтылады.

Немесе жекелеген мұнай компаниялары шикізатын сыртқа шығаруға ұмтылды. Әрине, оны да түсінуге болады. Әлемдік нарықта «қара алтын» құны шарықтап тұрса, неге пайда тауып қалмасқа? Әйтсе де, қазіргі жағдай өзгеше. Мұнай бағасы әлі күткендегідей деңгейге көтерілген жоқ. Демек, оны экспортқа шығарудан табар табыс та шамалы. Одан да ішкі сұранысқа сатқан тиімді. Сондықтан, қазір республикадағы мұнай өңдеу зауыттары шикізатқа зәру емес. Кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс жасауы үшін жағдай бар. Даяр өнімдер де тұтынушыға кідіріссіз жеткізілуде. Ал, мол нәрсені өткізу үшін оның бағасын түсіруге тура келеді.

Әйтсе де, бұл – алдамшы құбылыс. Мұнай бағасы қазіргідей төмен күйінде тұра бермейді. Бірер жыл ма, әлде бес-алты жыл ма – әйтеуір көтеріледі. Шарықтау шегіне де жетеді. Елбасы айтқанындай, дүние жүзіндегі текетірестің де аяқталар кезі болады. Сонда жанар май бағасы да өседі. Тек халықтың соған сәйкес сатып алу мүмкіндігі болсын.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз