ҚАЛАНЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ КАРТАСЫ

аймаққа инвестиция тарту мүмкіндігін арттырады

Отандық бизнестің өрісін кеңейту үшін аймаққа инвестиция тартудың мүмкіндіктерін арттыру мақсатында облыс аумағындағы жер телімдері жөніндегі деректердің электронды базасын құру қажет.

Осындай іскерлік ұсыныс білдірген Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің бастамасын экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қолдады. Осыған орай жұмысшы тобы құрылып, оның мүшелерінің алғашқы кездесу-кеңесі өтті. Онда өңірдегі жер телімдері туралы мәліметтердің онлайн базасын жасақтау жұмысының негізгі бағыттары талқыланды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының конференц-залында ұйымдастырылған басқосуға облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы басқармалары, сондай-ақ, «Atyrau Innovations» ЖШС-нің өкілдері қатысты.

Кездесуді  аймақтық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ардақ Төкенова кіріспе сөзбен ашып, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, электронды базаға облыстың индустриалды аймақтарында орналасқан жер телімдері жайлы деректерді енгізу жоспарланған. Яғни, кез келген инвестор (отандық немесе шетелдік) интернет арқылы индустриалды аймақтың территориясымен, өндіріс орындарымен, инфрақұрылымдық нысандарымен таныса алады. Мұның өзі өңірімізге қосымша инвестициялардың тартылуын қамтамасыз етеді.

Ал, облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, күні бүгіндері Атырау қаласының электронды картасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде,  осы шаралармен шұғылданып жатқан «Казгипроград-1» ЖШС-нің мамандары электронды карта мүмкіндіктерінің таныстырылымын жасады.

– Атап айтқанда, дәл осындай картаның көмегімен өзіңізді қызықтырған қандай да бір нысанның қай жерде орналасқандығын, оның пайдаланылып немесе пайдаланылмай отырғандығын, арақашықтығын, т.б.ақпараттарды білуге болады. Және де мұндай мүмкіндіктер бір емес, бірнеше индустриалды аймақтарға қатысты қарастырылған. Әрине, электронды карта әлі де дайындалу сатысында. Сол себепті де, егер сіз бізге жекелеген аймақтар туралы тың деректерді ұсынсаңыз, оларды осы құжатқа енгізуге әзірміз. Яғни, бұндай жағдайда аймақтар бойынша мәліметтер базасын жеке-жеке қалыптастырудың қажеттілігі болмайды,-дейді олар.

Ортаға салынған пікірлерді жинақтап, кездесуді қорытындылай келе, жұмысшы тобының мүшелері бұл шаруаны аяғына дейін жеткізу үшін өкілетті органдардан индустриалды аймақтар бойынша қажетті деген ақпараттарды сұрастырып, оларды облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасына ұсыну жөнінде шешім қабылдады. Соңында бұл мәліметтердің түгелдей Атырау шаһарының электронды картасына енгізіліп, базадағы деректерді толықтыра түсетіндігі қаперленді.

Дәулетқали АРУЕВ.       

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз