КАДРДЫҢ ҚАДІРІН БІЛУ

бұл қазақстандық мамандарға деген шынайы
қамқорлықтан көрінеді

Қандайма еңбек нарығы болмасын, оның жетістігі кадрларының біліктілігімен өлшенеді. Осы ретте шетел инвесторын тартудың тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген «Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда, оларға қамқорлық танытуда оңды істердің жаршысы болып келеді. Бүгін біз «КИОГИ-2013» мұнай және газ халықаралық көрмесі алдында кәсіпорынның адам ресурстары басқармасының бас менеджері Шолпан АЛТЫБАЕВАМЕН болған сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

– Шолпан Батырбекқызы, әлемдік мұнай бизнесінде өзіндік орны бар кәсіпорынның өндірістік көрсеткіші көңіл қуантады. Тек үстіміздегі жылдың бірінші жартысында 13,9 миллион тонна (108,7 миллион баррель) мұнай өндіріліп, 675 мың тоннаға жуық сұйытылған газ, 3,5 миллиард текше метр құрғақ газ сатылғанын жақсы білеміз. Бұған қоса, кәсіпорын 1,8 миллион тонна күкірт сатты. Осынау ауқымды табыстың кадрлар еңбегінің нәтижесі екендігі даусыз.
– Әрине, кәсіпорын жетістігі күллі ұжымның, әрбір қызметкер мен маманның еңбегіне тікелей байланысты. Ал, әрбір қызметкер – біздің құнды активіміз. Сондықтан да, олардың еңбек етулеріне және Теңіздегі вахталық қалашықтардағы тұрмыстарына жайлы жағдайлар туғызу компанияның маңызды стратегиясының бірі болып саналады.
– Алдымен, өндіріске көрік берер қызметкердің біліктілігін арттырудың, оларды шыңдаудың жолдарына тоқталсаңыз.
– Ұжым қызметкерлерінің анағұрлым нәтижелі де тиімді жұмыс істеуіне ықпал етуді көздейтін басты бағыттар – қауіпсіздік техникасын сақтау, көшбасшылықты дамыту, жастарды шыңдау, тілге оқыту. Мұнай өндірісінің өзіндік ерекшелігі болғандықтан, бізге әр қызметкердің үйіне аман-сау оралып, отбасымен қауышқаны керек. Бұл бағытта дайындалған бағдарламалар Қазақстан Республикасының заңдылықтары негізінде компанияның талаптарын ескере отырып жасалды. Бағдарлама міндетті оқулардан тұрады.
Біз кез келген қызметкердің бойынан көшбасшылықты көруге ұмтыламыз. Олардың бойындағы көшбасшылықты дамыту бағдарламалары басшылыққа тән біліктілікті, жан-жақты білімді, машықты арттыруды көздейді. Өзіндік іскерлігімен, талантымен ерекшеленген жастарды шыңдауға бағытталған бағдарламалар оларды қолдауға, ресурстармен қамтуға негізделген.
Қызметкерлеріміз әлемдік мұнай бизнесін игеру үшін, олардың қазақ, ағылшын, орыс тілдерін білгені абзал. Бұл бағытта оларға тіл үйрету курстары көмекке келеді. ТШО-дағы оқыту бағдарламаларының бәрі қызметкерлердің мамандықтары халықаралық стандарттарға сай болып, олардың сала бойынша әлемдегі ең мықты деген кәсіби шеберлерімен бәсекелесе алуларына ықпал етуге бағытталған. ТШО құрылғаннан бері мыңдаған адам оқытылды.
– Бұдан жиырма жыл бұрын «Теңізшевройл» кәсіпорны құрылған кезде, қазақстандықтардың үлесі небәрі 50 пайыз болды. Қазір бұл көрсеткіш 87 пайызға жетті. Кәсіпорын қызметкерлерінің басым бөлігін құрайтын қазақстандықтар арасында басшылық құрамға енгендер бар ма?
– Біздің мақсат та – қазақстандықтар арасынан басшылық құрамға кадрлар даярлау. Күні бүгін жоғары және орта буындағы басшылар құрамының 76 пайызын ұлттық кадрлар құрап отыр. Соңғы бес жылда қазақстандық 91 қызметкер бұрын шетелдік мамандар атқарып келген менеджер, орта буын басшысы және жетекші инженер-техник лауазымдарына тағайындалды. Олар тағайындалған лауазымдар арасында стратегиялық жоспарлау бөлімінің бас менеджері, салық тобының менеджері, зауыт бастығы, қазынашылық менеджері, жеткізілім желісі бөлімінің категориялық менеджері, бақылау-тексеру тобының жетекшісі және қоршаған ортаны қорғау тобының басшысы сияқты қызметтер бар.
Сайып келгенде, біздің жұмысымыз – кез келген ауқымды шаруаларды жүзеге асыра алатын жоғары білікті мамандар даярлау. Осы мақсатта техникалық оқыту, компьютер курстары, тұлғааралық қарым-қатынас орнату ережелерін меңгеру және ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі басшыларға арналған тренингілер мен тіл ұстарту курстары жыл өткен сайын жетілдіріліп, заңды жалғасын табуда. Жыл сайын компанияның ондаған қызметкері мамандықтарын ұштау үшін шетелге барады, ал, анағұрлым қабілетті қызметкерлер шетелдерде ұзақ мерзім жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Әсірелегенім емес, осындай оқыту бағдарламаларынан өткен біздің қызметкерлер – әлемнің кез келген түкпіріндегі кез келген мұнай компанияларында жұмыс істей алатын өз ісінің шеберлері. Бұл бізге табысты жұмыс жасап қана қоймай, болашақта бәсекелестік артықшылыққа ие болуымызға да мүмкіндік береді.
– Кадрларды оқыту, олардың біліктілігін шыңдау бар жерде олардың өнімді еңбек етулеріне оңды жағдай да туғызылатын шығар…
– Әңгімемнің басында кадр – біздің құнды активіміз дедім. Ендеше, құнды активке инвестиция салудан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Көпшілікке мәлім, Қазақстан бойынша ТШО өз қызметкерлеріне әлеуметтік пакеттер беруімен ерекшеленеді. Аталмыш бағдарлама өсімсіз тұрғынжай несиесін беруді, банк салымдарын қосымша қаржыландыруды, отбасы мүшелеріне жәрдемақы беруді және емделу төлемдерін қарастырады. Мәселен, қызметкерлерге тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын жайын жақсартуға өсімсіз несие беру тәжірибесі ТШО-ның өзіндік ерекше дәстүрі болып табылады. Әріге бармай-ақ қояйын, тек 2010 жылдан бері 500-дей қызметкер пайызсыз несие алып, тұрмыс жағдайларын жақсартты. Бұрын банктен несие алуға қол жеткізе алмаған олардың көпшілігі қазір өз жанұялары үшін тұрғын үй жағдайларын жақсартып қана қоймай, несие бойынша әдетте банктер ұсынатын пайызы жоғары өсімдер төлеу машақатынан да құтылды. Тұрғын үй үшін берілетін несие бағдарламасы компания қызметкерлері арасындағы ең танымал болып саналады, тіпті кейбір қызметкерлер несиесін өтеп болғаннан кейін екінші қайтара алуға тағы да өтініш білдіреді.
Банктік салымдарды қосымша қаржыландыру бағдарламасы да кәсіпорын қызметкерлерінің көңілінен шықты. Қызметкер банктегі өзі ашқан арнайы есеп салымына жылдық жалақысының 10%-ына дейін аудара алады, ал, кәсіпорын сол жинақтау салымына оның жалақысының 3%-ы көлемінде қосымша қаржы қосады. Үш жылдық мерзімді құрайтын салым кезеңінде жоғары өсімді сыйақы мен үстеме есебінен аталмыш қаржы көлемі едәуір өседі.
Жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған грант та өзін ақтауда. Гранттар компания қызметкерлерінің балаларымен бірге, республика мектептерін үздік бітірген қазақстандықтарға конкурстық негізде беріледі. 1998 жылдан бері ТШО тек гранттың өзіне 3,2 миллион АҚШ долларын бөлді. Үміткерлерді іріктеу кезінде олардың мектептегі көрсеткіштері, компьютерлік сауаттылықтары және отбасыларының табысы негізге алынады.
– Тұрмыс жайлы болса, еңбек өнімді дейміз. Ал, еңбектің өнімділігі денсаулыққа, салауатты өмір салтына қатысты. Кәсіпорынның бұл бағыттағы жұмысын тарқатып айтсаңыз.
– Бізде қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын нығайтуға арналған бірнеше бағдарлама бар. Кәсіпорын қызметкерлері Қазақстандағы жетекші медициналық сақтандыру агенттіктерінің сақтандыру сертификаттарын өз қалаулары бойынша таңдау мүмкіндігіне ие. Вахтамен жұмыс істейтін қызметкерлер Теңізде заманауи медициналық құралдармен жабдықталған клиникалардағы жоғары білікті дәрігер мамандардың қызметтерін пайдалана алады. Мұнда олар жыл сайын медициналық байқаудан өтеді, сондай-ақ жедел медициналық көмекке қоса басқа да дәрігерлік қызмет түрлерін пайдалана алады. Кеніште жұмыс істейтіндер үшін заманауи жабдықтармен қамтылған тамаша жаттығу залдары мен спорт алаңдары бар. Ал, Атырауда жұмыс істейтіндер компания есебінен ең үздік фитнес клубтар мен дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарына бара алады.
– Шолпан Батырбекқызы, алдымен адам қамын алға қоятын кәсіпорынның қызметкерлерге қамқорлығы алда да өз жалғасын табады деген сенімдеміз. Осынау қамқорлыққа бөленген қызметкерлердің Теңіздей телегей кеніштің бүгінінен ертеңін нұрлы етері сөзсіз. Кадрларыңыз ел дәулетін еселеуге лайықты үлесін қоса берсін! Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Светлана ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз