ҰЙЫМ БЕДЕЛІ – БЕЛСЕНДІЛІКТЕ

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс XXVII конференциясы өтті.

 

Кәсіподақтар үйінде өткен жиында аталмыш қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қилымғали Қайненов мұның алдында өткен XXVI конференциядан кейінгі атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Арыз-шағымдармен жұмыс жөнінде де тоқталып өткен ол: «Біздің міндетіміздің бірі –  жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында қалыпты еңбек қатынастарын сақтау. Облысымызда білім саласы қызметкерлерінің арасында еңбек даулары, әлеуметтік жанжалдар жоқ. Өйткені, мұғалімдерге жан-жақты қолдау жасалып, еңбекақылары мезгілінде төленіп отыр. Десек те облыс бойынша (қала, аудандық филиалдарды қосқанда) кәсіподақ мүшелерінен 143 арыз-шағым түсті. Оның ішінде, облыстық кәсіподақ ұйымына тікелей түскен 40 арыздың 24 – і мекеме басшыларының еңбек заңнамаларын толық сақтамауынан болып отыр» деді. Оның айтуынша, мектеп директорлары «Білім туралы» заңға, ҚР Еңбек кодексіне, нормативтік құқықтық актілерге қатысты мәселелерде заң бұзушылықтарға жол берген. Мысалы, біліктілік санатына сәйкестігі жөніндегі 17 өтініш қаралып, оның 16-сында мұғалімдердің білімі бойынша еңбек ақылары дұрыс төленбегені анықталған. Атырау қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №19 орта мектептің және Құрманғазы ауданындағы Нұржау орта мектебінің басшылары екі мұғалімнің еңбек демалысына шыққан кезде төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақысын «тиісті емес» деп төлемеген. Облыстық кәсіподақ ұйымынан заңға сәйкес жауап барған соң ғана есептеп аударған. Сонымен қатар, Атырау облысының қала және аудандарында мұғалімдердің сауықтыруға арналған жәрдемақысы әртүрлі төленетіндігі анықталып отыр. Мәселен, Атырау қаласы, Құрманғазы, Жылыой аудандарында кейбір мұғалімдердің оқу жүктемесі 27 сағат болса да жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кезінде төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақылары бір мөлшерлеме көлемінде (18 сағат) төленген.

«Осы мәселені түпкілікті шешу мақсатында біздің тарапымыздан ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне хат жолданды. Аталған министрліктен келген жауап хаттамұғалімдердің сауықтыруға арналған жәрдемақысы барлық сағат жүктемесі бойынша төленуге тиістілігі айтылған. Осыған орай аталған қала және аудан әкімдеріне, облыстық білім басқармасына, білім бөлімдері басшыларына заң талаптарын орындау туралы хат жолданды. Қазіргі уақытта мәселе оңынан шешілуде» деді Қилымғали Қайненов.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз