Іскерлік іздері

Кеңестік кезде кең тараған бастамалардың бірі – артта қалған шаруашылықтарды басқаруға тәжірибелі мамандардың жіберілуі. Міне, «Ембіде» басэкономист, «Сам» кеңшарында директор болып істеген Қуаныш Ғилымовтың «Қосшағылға» келу себебіде осы. Ал, жаңа басшы өзіне жүктелген сенімді толығымен ақтады, борышқа белшесінен батқан елеусіз еңбек ұжымын алдыңғы қатарға шығарды, қысқа мерзімде күллі одаққа белгіліетті.

Байқап отырсақ, Қуаныш Ғилымұлының сол кездегі шаруашылық басқару тәсілі – бүгінгі күнге де үлгі. Одан қазіргілер өнеге алса да артық емес. Мәселен, неге адамдар тек жоғарыдан нұсқау күтіп отырады? Сайып келгенде, әр шопан өзінің отарына, ферма меңгерушісі қол астындағы шаруасына жауапты емес пе? Түпкі нәтиже – жоғары жетістік. Ендеше, әркім өзіне тапсырылған міндетті абыройлы атқара білуі керек. Міне, кеңшар директоры осы жауапкершілік сезімін баршаның бойына сіңіре білді. Шаруашылық басқару тәсілін түбірімен жаңартты.

Оның өзі де әр істі қолға аларда оған мемлекет мүддесі тұрғысынан баға беретін. Жоғарыдан түскен нұсқауды көзсіз орындауға жаны қас-ты. Мәселен, бір күні кеңшарға көкөніс сақтайтын қойма салу туралы тапсырма берілді. Ал, мұндай күрделі құрылыс керек пе еді? Шаруашылық шөлейт өңірге орналасқан, егін егуге мүмкіндік жоқ. Бірнеше гектар жоңышқа алқабы ғана бар. Оның үстіне, кеңшар тек төрт түлік өсірумен шұғылданады. Мемлекетке мал өнімдерін тапсырады. Ендеше, өзін ақтамайтын, текке тұратын көкөніс қоймасының қажеті қанша?

Немесе малшыларға газет-журнал тарату жайы. Бұрын оны аудандық пошта бөлімшесі әр фермаға жеткізіп, әрі қарай шаруашылық көлігімен апарылатын. Енді кеңшар орталығынан таратуды ұсынады. Ау, сонда жанармай шығынын кім өтейді? Ертең ол кімнен сұралмақ? Бұл мәселе шешілмеген. Кеңшар директоры мұндай тиімсіз тәсілден бас тартады.

Содан жоғарыдағылар «Ғилымов – партизан, айтқанға көнбейді, өз дегенін істейді» деп ренжиді. Кеңшар директоры соның бәрін өзінің қарабасы үшін жасап жатыр ма? Сайып келгенде, бұған дейін шаруашылықтың шаруасы ақсап, мыңдаған сом борышқа белшесінен батқанының бір себебі де осындай тиімсіз қызмет атқарғанының салдары емес пе? Қолда барды тиімсіз пайдаланып, шашпашылдыққа салынған шығар? Ендеше, бұрынғы қателікті қайталағаннан гөрі, жұмысты жаңаша жүргізген жөн.

Тағы бір мәселе – аудандық агробірлестікке қатысты. Осындағы отыз шақты адам не тындырып отыр? Төрт кеңшар техниканың қосалқы бөлшектерін де, құрылыс материалдарын да, малдың жемшөбін де облыстан алады. Басқа қажеттілік те сол жақтан өтеліп жатыр. Ендеше, аудандық құрылым қызметкерлерін қысқартып, босаған мамандарды шаруашылықтарға жіберген жөн ғой. «Ғилымов тағы бір бәлені шығарды» деп жоғарыдағылар шулады. Байқап отырсақ, соның бәрі әр саланы тиімді басқарып, мемлекет қаражатын мейлінше үнемдеуге үндейін бүгінгі күн талабымен үндес.

Кеңшар директоры алдымен адамдарды ойлайтын. Соларға жағдай туғызу керек. Байқап қараса, шаруашылықта екі-үш мың шамасында түйе мен жылқы болғанымен, оларға тұрғызылатын қоралардың жобасы да жоқ. Сонда қалай салынбақ? Бота күтушінің, тайлақ бағушының еңбекақысы нақтыланбаған. Ендеше, ертең жалақысы қалай төленбек? Қаншама жылдан бері түйе сауылып келе жатқанымен, әлі күнге сиырға арналған агрегат қолданылады. Одан өнімділік бола ма? Міне, жаңа басшыны осындай проблемалар толғандырды.

Елді мекенде салынатын тұрғын үйлердің жобасы жоқ. Кеңшар территориясымен «көгілдір отын» құбыры өтіп жатыр. Ал, адамдар қара май жағады немесе газ баллондарын орталықтан тасиды. Оған да кез келгеннің қолы жете бермейді. Бұл мәселе аудан көлемінде де, облыс ауқымында да көп жылдан бері шешілмеген. Содан бір күні аймаққа сол кездегі одақтық Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Н.Байбаков келе қалды. Қуаныш Ғилымұлы тығырыққа тіреліп тұрған проблеманы соның алдына қойды. Мұндай мәртебелі адамның назарын шағын шаруашылыққа аудару үшін үлкен батылдық керек еді. Сол мұның бойынан табылды. Көп ұзамай өзі де қажет құжаттарды алып, тура Мәскеуге тартты. Күрмеулі мәселенің түйінін сонда тарқатты.

Малшылар жыл бойы далада жүреді. Жазда жайлауда, қыста қыстақта төрт түліктің тірлігін тілейді. Ал, балалары әркімнің үйін жағалап, орталықта оқиды. Ендеше, кеңшарға бір мектеп керек емес пе? Оның жанынан интернат тұрғызған дұрыс. Оған қажетті қаражат та табылды. Бүгінде белгілі меценат-кәсіпкер, «Ғимарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайыржан Балжігітов осы құрылысты жүргізген екен.

– Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары ғой, – дейді ол, – іргелі мекемелердің өздері сең соққан қайықтай күй кешіп жатқан. Содан №902 жылжымалы-механикаландырылған колонна тарап, соның ізінде корпоративті құрылыс басқармасы құрылды. Мен соның Құлсарыдағы филиалының бастығы едім. Қосшағылдағы мектеп-интернат құрылысын қолға алдық. Қиын кез ғой, адам күші жетіспеді. Сонда Қуекеңнің іскерлігіне таң қалдым. Адамдармен тіл табыса білетіндігі соншалық, құрылысқа осындағы мамандардың бәрін жұмылдырды.

Әлі есімде, жанымызға жиі келетін, құрылысшыларды көтермелеп, сыйлықтар беретін. Бір күні «Теңізмұнайқұрылыс» басқармасының басшысына Ільяс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын тарту етті. Әлгі татар жігіті Ақтөбеде тұратын, екі жылдан бері қатынасып жұмыс жасайтын. Содан кітапты қолына алып тұрып, «Мен сіздің емеурініңізді түсіндім, енді осында тұрамын, отбасымды көшіріп әкелемін» деген.

Шын мәнінде халықтық құрылысқа айналған мектеп-интернат мерзімінде қатарға қосылды. Оқушылар оның табалдырығын аттағанда, қуанбаған жан қалмады. Осы оқу ордасы қазір де қызмет істеп тұр. Содан бері одан қаншама түлек қанаттанбады десеңізші…

Қуаныш Ғилымұлы шаруашылықта дербес құрылыс бригадасын құрды. Маманды да алыстан іздеген жоқ. Кеңшар жолдамасымен оқып келген жігіт бар еді, соған тапсырды. Сылақшы ретінде жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді тартты. Солардың күшімен шопандардың қыстақтары да күрделі жөнделетін. Жалпы, кеңшар директоры инкубатордан шыққан жұмыртқадай бір текті құрылыстардан қашатын. Қолданысқа қолайлы, тұрмысқа ыңғайлы үйлерді қалайтын. Бұл үнемі ізденіске бастайтын. Сұлулықты сүйетін. Кеңшар кеңсесінің алдынан саябақ салды. Отбасылық-дәрігерлік амбулатория тұрғызды. Өзге кеңшарлар директорлары бұған таң қалып, өздерінің құрылысшылар таба алмай жүргенін айтқанда, миығынан күлетін. Істі ұтымды ұйымдастыра алмаған өздерінен көрмесе, кім кінәлі?

Қосшағылда сәл жел тұрса, ала шаң аспанға көтерілетін. Өйткені, ағаш жоқ. Оны суармақ түгілі, ішер суыңды құдықтан қауғалап аласың. Ал, ар жағындағы кенішке тартылған құбыр кеңшар территориясымен өтіп жатыр. Ендеше, неге соны пайдаланбасқа? Дереу «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігі басшылығымен сөйлесті. Орынды талапқа мұндағылар да қарсылық танытпады. Сөйтіп, ауылға ауыз және техникалық сулар жеткізілді. Тұрғындар аулаларына тал-теректер отырғызып, кейбірі егін де салды. Әлі игілігін көріп отыр. Міне, бұл – бүгін жиі айтатын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жемісі. Шаруашылық басшысы шефтік мекемелер басшыларымен батыл сөйлесіп, оларға орынды міндет жүктей білді.

Кеңшардың жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің жұмысы жолға қойылды. Сайып келгенде, малшылардың тамағы біртекті. Көбіне ет пен нан, арасында шұбаты бар. Яғни, дәрумені мол тағам тапшы. Содан түрлі дерт шығады. Жаңа басшы дүкендердің азық-түлікке толып тұруын талап етті. Алыстағы малшылардың қысы-жазы барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілуін қадағалады. Сайып келгенде, кеңшар жұмысшылары іргедегі мұнайшылар мен бұрғышылардың қалай тамақтанып және киініп жүргенін, қанша жалақы алатынын көріп отыр. Олардан кем тұрғысы келмейді. Ал, Қуаныш Ғилымов кеңшарды басқарған кезде бірде-бір шопан немесе жылқышы жұмысын ауыстырған жоқ. Міне, еңбек адамына жасалған қамқорлық жемісі!

Жағдайы күрт көтеріліп, шаруасы шалқыған шаруашылыққа қызғанышпен қарайтындар та табылды. Сонау артта қалған жылдары елеусіз еді, енді тырнақ астынан кір іздейтін болды. Әр жылы бәйгеден оза шауып, көмбеден алдымен көрініп жүрген бұған Махамбет ауданының сол кездегі басшысы қарсы шыққан. Бәйгенің алдын бермей жүргеніне ренжіген түрі. Бұл да қарап қалмады. Расында да, егер тұтас аудандағы сегіз шаруашылықтың түсіріп отырған табысын жалғыз «Қосшағыл» қайтарса, марапат алмайтын несі бар?.

Ол ішкі үнемділікті жүйелі жолға қойды. Үздіктерді анықтағанда тиімділікке баса назар аударды. Мәселен, бірінші ферма 100 тонна ет тапсырып, міндеттемесін орындады. Жұмсаған шығыны – бір мың сом. Ал, екіншісінің көрсеткіші сәл ғана төмен. Бірақ, екі есе арзан. Сонда қайсысы озат? Алғашқысы неге көп қаражат шығарды? Демек, тапсырманы орындау өз алдына, әр өнімнің өзіндік құнын да ойлау қажет. Бұл да бүгінгі талаппен үндес емес пе?

Қуаныш Ғилымұлы әр маманның жеке жауапкершілігіне жете назар аударды. Мәселен, кеңшардағы мал дәрігерлері немен шұғылданып жүр? Байқап қараса, ауырған немесе өлген малдың есебін ғана алады екен. Соны хаттап, жоғарыға жібереді. Сонымен іс бітті ме? Неге алдын алмасқа? Сайып келгенде, ол емдеуші емес пе? Мүмкін шаруашылық жетекшісі аудан немесе облыс басшылығы ойлайтын іске араласып жүрген шығар? Бірақ, соның бәрін кім үшін жасайды? Жеке басының пайдасын күйттей ме? Немесе атақ алғысы келе ме? Абырой – атадан қалған мұра емес. Ер жігіт оған ерен еңбегімен өзі-ақ кенеледі. Тура мінезіне орай жоғарыдағы бәзбіреулер жақтырмаса да, толағай табысын сыртынан қызғанса да кеңшардың қол жеткізген жарқын жетістігін ешкім жоққа шығармады. Мұнда Социалистік Еңбек Ері Кісенбай Асабаев, мемлекеттік сыйлықтың иегері Аманжол Кенжеғараев, т.б. тарландар еңбек етті. Кеңшар директорының өңіріне Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медаль тағылды.

 …Міне, осы абзал азамат тірі болса, алдымыздағы 20 мамырда 85 жасын тойлар еді. Әттең, арамыздан ерте кетті. Тірі болса, әлі талай іс тындырар еді-ау. Әйтсе де, жалт еткен қысқа ғұмырында артында өшпестей із қалдырды. Шаруашылықты басқарудың тың тәсілін өмірге әкелді. Шын мәнінде, бүгінгі нарықтық қатынастардың, әр іске мемлекеттік тұрғыдан баға берудің, тиімді жұмыс жасаудың, істі ұтымды ұйымдастырудың іргетасын сол кезде-ақ осындай жандар қалады. Сонау жылдары жабайы жекешелендіру салдарынан іргелі шаруашылықтардың тарап кеткені өкінішті-ақ. Қуаныш Ғилымұлы жұмылған жұдырықтай жұмыс жасауға сол кезде-ақ үндеген-ді. Мемлекеттің бүгінгі ұстанып отырған бағыты да – ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру. Қазақ «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді. Айтпақшы, кеңшар тарап, әркім өз үлесін бөлісіп жатқанда ол түк те алмаған. Бұған, мүмкін, бәзбіреулер таң қалар. Бірақ, шындық осы. Кейбір басшылар тәрізді өзіне молырақ тартпады, бәрін қатардағы еңбеккерлерге бөліп бергізді.

Міне, осылай бүкіл саналы ғұмырын туған жерінің түтіні түзу ұшуына арнаған жайсаң жан есімін елі ұмытқан жоқ. Ендеше, соған сай лайықты ұлығылау шаралары да қажет-ақ.


 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз