
Инвестиция – саланың өсу нүктесі
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Химиялық инженерия және процестер» бағыттары бойынша кадрлар даярлау жөніндегі оқу-әдістемелік бірлестіктің көшпелі отырысы өтті. Бұл алаң Қазақстанның химия және газ-химия саласындағы білім беру, ғылым және инновацияны күшейтуге бағытталған маңызды стратегиялық қадам болды.
Іс-шараның тақырыбы – «Қазақстанның мұнай-газ-химия кешенін ғылыми-технологиялық дамыту тұжырымдамасын іске асыру: университеттер, ғылыми ұйымдар және өнеркәсіптік кәсіпорындардың өзара ықпалдастығы» деп аталды.

Жиында университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Гүлзада Шакуликова еліміздің мұнай-газ-химия саласы қазіргі таңда инновациялық серпілістің негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс екенін атап өтті.
– Концепцияны жүзеге асыруда университеттер мен ғылыми ұйымдардың рөлі ерекше. Қазір Қазақстанда жаңа үлгідегі ғылыми-білім кластерлері қалыптасып келеді. Университет тек білім ордасы емес, өндіріс пен ғылымды біріктіретін инновациялық хабқа айналуы қажет, — деді ректор.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті оқу-әдістемелік бірлестігінің төраға орынбасары, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ернар Иманғалиев өз сөзінде елімізде инженер мамандарға сұраныстың жоғары екенін атап айтты.
–Сала қарқынды дамып келеді, ал инженерлік кадрлардың жетіспеушілігі айқын сезілуде. Бұл жағдай кәсіби бағдар беру саясатын қайта қарауды және мектеп түлектері арасында химия-инженерлік мамандықтардың тартымдылығын арттыруды талап етеді, — деді ол.

Іс-шараға қатысқан Францияның Поти университетінің профессоры Фредерик Ричард «Жасыл химия: мұнайхимиядағы каталитикалық процестер» тақырыбында баяндама жасап, экологиялық қауіпсіз технологияларды дамытудағы жаңа шешімдерімен бөлісті.
Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Айгүл Буканова өз сөзінде «Мұнай және газды өңдеу және іске асыру технологиясы» бағыты бойынша кәсіби стандарттар мен оқу нәтижелерін жаңарту – білім беру бағдарламаларының сапасын арттырудың негізгі тетігі екенін айтты.
Көшпелі отырыс барысында «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС компаниясының өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Ахат Оразбаев кәсіпорындардың білім беру саласындағы жауапкершілігі мен рөліне тоқталса, «Силлено» компаниясының жетекші инженері Алмаз Ахметәлиев полиэтилен өндіретін зауыт жобасының ағымдағы және болашақ даму жоспарларынмен таныстырды.
Сонымен қатар «KMG PetroChem» компаниясының өкілдері Дмитрий Макеев пен Сәния Исмаилова мұнай-газ-химия жобаларының жүзеге асырылуы және жас мамандарды даярлау жөніндегі Qadam Pro бағдарламасының нәтижелерін ұсынды. Аталған бағдарлама аясында 2026 жылы 69 студент өндірістік тәжірибеден өтіп, жаңа зауыттың іске қосылуына дайындық жүргізбек.
Отырыс соңында оқу құралдарын баспаға ұсыну мәселесі қаралды. М.Әуезов атындағы университеттің профессоры Гаухар Төребекова төрағалық еткен талқылауда 17 оқу құралы мен әдістемелік нұсқаулықты баспаға ұсыну туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ қазіргі энергетикалық көшу және баламалы отын түрлерін дамыту үрдістеріне байланысты, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры Рауаш Маңғазбаева «Химиялық инженерия және процестер» мамандығына қабылдау кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу комбинациясын «Химия – физикадан» «Химия – биологияға» ауыстыру қажеттілігі жөнінде ұсыныс енгізді. Бұл өзгеріс жаңа буын инженерлерінің биотехнология, экология және тұрақты өндіріс салаларындағы құзыреттерін күшейтуді көздейді.
Жиын аясында білім мен өндіріс арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, кадрлар даярлаудың жаңа форматтарын енгізу және мұнай-газ-химия саласын инновациялық бағытта дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Мәлике МӘЛІК



