Жарнама
Экономика

Инфляцияны тежеудің тиімді жолы

Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл жаңалық қоғам назарын аударып, түрлі пікір туғызды. Алайда экономикалық тұрғыдан алғанда, мұндай шешімнің инфляцияның үдеуіне қарсы жасалған орынды әрі уақытылы процесс екенін атап айтқан жөн.

Соңғы айларда баға өсімінің қарқыны бәсеңдемей отыр: тамызда инфляция 12,2% болса, қыркүйекте ол 12,9%-ға жетті. Бұл көрсеткіш Ұлттық банктің болжамынан асып түсті. Демек, ішкі нарықта баға тұрақтылығын сақтау үшін ақша-кредит саясатын қатаңдату қажет болды.

Базалық мөлшерлеме – инфляциямен күрестегі негізгі құрал. Ол арқылы Ұлттық банк нарықтағы ақша айналымын реттейді. Мөлшерлеме артқан сайын несие алу қиындайды, ал бұл өз кезегінде тұтынушылық сұранысты азайтады. Сұраныстың төмендеуі баға өсімін тежейді, яғни инфляциялық қысым әлсірейді.

Әрине, мұндай шешімнің қысқа мерзімдік әсері бар. Біріншіден, банктер несиелер мен ипотекаларды қымбатырақ ұсына бастайды. Бұл азаматтардың тұтынушылық белсенділігін азайтады. Бірақ ұзақ мерзімде дәл осы қатаң саясат ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, баға өсімін бақылауға алады.

Мөлшерлеменің жоғары болуы теңгеге деген сенімді арттырады. Инвесторлар мен қарапайым азаматтар үшін теңгеде сақтау тиімді бола түседі, себебі депозиттердің табыстылығы артады. Бұл халықты ақшаны жұмсаудан гөрі жинақтауға итермелейді. Нәтижесінде экономикадағы «артық ақша» көлемі азайып, инфляцияның өсуі тежеледі.

Бизнес секторы үшін де бұл шешімнің оң жағы бар. Иә, несие қымбаттайды, бірақ айырбас бағамының тұрақтылығы мен болжамды экономикалық ахуал кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді. Тұрақты теңге мен түсінікті нарықтық саясат — инвестиция тартудың басты факторы.

Сондай-ақ мұндай саясат бюджеттік тәртіпті нығайтып, қаржы жүйесіндегі тәуекелдерді төмендетеді. Нарықта тек төлем қабілеті жоғары клиенттер қалуы – экономикалық тепе-теңдіктің бір белгісі.

Қазіргі жағдайда Ұлттық банктің шешімі – батыл, бірақ қажетті қадам. Экономиканы «салқындату» арқылы инфляциялық үдерістерді тежеу – алдағы тұрақты дамудың алғышарты. Бұл уақытша қатаңдық болашақта халықтың нақты табысын сақтап, ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Инфляция – халықтың әл-ауқатына ең үлкен қауіп. Онымен күрес бүгін ауыр болғанымен, ертең оң нәтижесін береді. Сондықтан базалық мөлшерлеменің көтерілуі — экономикалық өсімнің іргетасын қайта бекітуге бағытталған шешім деп қабылдау қажет.

Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button