Геология: ТҰҢҒИЫҚ СЫРЫ ЕНДІ АШЫЛАДЫ

Ұланғайыр қазақ жері Менделеев кестесіндегі барлық химиялық элементтерге бай.  Еліміз бүгінгі таңда титан, мырыш, қорғасын, темір, мыс және болат сынды металдар өндірісінде әлемдік нарықтағы жетекші елдердің біріне айналды. Оның үстіне Елбасының биылғы халыққа Жолдауында геология саласын мейлінше дамыту басты міндет етіп қойылып отыр.

 Өйткені, бүгінде жоғарыда аталған барлық өнімдерді беріп, Қазақстан экономикасының өрлеуіне теңдессіз үлес қосып келе жатқан бұл  саладағы кен орындарының барлығы дерлік сонау кеңес заманында барланып, іске қосылған. Ал, Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылдың ішінде  барланған кен орындары жоқтың қасы. Пайдаланып отырған кен орындары бүгінде тозуға айналған әрі өнім сапасы да жылдан-жылға нашарлап барады. Республика аумағындағы кен орындарын барлау үшін құрылған «Қазгеология» кәсіпорнының құзыреті жеткіліксіз. Мұны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісіне қатысқан Үкімет басшысы  Серік  Ахметов ашық айтты.

«Мәселен, тау-кен саласында біз өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарында, соғыстан кейінгі жылдары ішінде академик Қаныш Сәтбаев барлаған ресурстар қорын пайдаланып келеміз», – деген Премьер-министр ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін кен барлауды дамыту, сирек және сирек құрамды металдар өндіруді арттыру, инвестиция тарту үшін жағдайлар туғызу сияқты мәселелерді қоса алғанда тау-кен өндіру секторын дамытудың тиісті жоспарын енгізу керектігін ескертті.

Айта кетерлігі, геологиялық барлау саласына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да зор көңіл бөлетіндігі белгілі. Елбасы өзінің ағымдағы жылғы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн», – деп ерекше атап өткен болатын. Иә, бұл салада елімізде бірқатар жұмыстар атқарылып та жатыр. Тек соңғы 15 жылдың ішінде ғана 8 трлн. теңге геология саласына бөлінсе, оның 234 млрд. теңгесі геологиялық барлау жұмыстарына бағытталған болатын. Соның нәтижесінде 2010-2013 жылдар аралығында ғана басымдықты пайдалы қазбалар түрлері қорының өсімі 30 пайызды құрады.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары,  Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің атап өтуінше, бүгінгі таңда елімізде 2030 жылға дейінгі геологиялық саланы дамыту тұжырымдамасы мен 2015-2019 жылдарға арналған минералды-шикізат кешенінің ресурстық базасын дамыту бағдарламасы әзірленген. Осы соңғы құжатты жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 161 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлу көзделіп отыр.

«Моноқалаларға басымдық беріле отырып, өңірлерді геологиялық зерделеу бойынша жұмыстар жандандырылды. Мәселен, Жезқазған өңірінде геохимиялық карталау арқылы 130 мың шаршы  шақырым аймақты геологиялық барлау әрі зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға «Қазгеология» АҚ белсенді қатысуда», – деді ол.

Оның атап өтуінше, 14 құрылым зерделенетін болады. Бұл ретте 2012-2014 жылдар кезеңіндегі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қаржы шамамен миллиард теңгені құраса, 2014-2016 жылдардағы қаржыландыру көлемі 1,6  млрд.  теңгеге жетеді. Сондай-ақ, Қарағанды  облысының  Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында 25 млрд.,  ал 2014-2015 жылдар аралығына «Қазақмыс»  корпорациясының  қаржысы  есебінен  тағы  5 миллиардтан астам қаржы бөлу жоспарланған. Ағымдағы жылдың соңына дейін Байқоңыр аумағында да геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі.

Жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілгенін атап өткен Ә.Исекешев: «Жерді пайдалану құқығын беруге арналған мораторийдің алынып тасталуына байланысты жер пайдаланудың 105 нысанына конкурс өткізу қажет. Байқаулар сапа жүйесіне сәйкес жүргізіледі», – деді.

Сонымен қатар, министр геология саласының кадрлық әлеуетін қалыптастыру бойынша жұмыстардың жалғасып жатқандығын баса айтты. Мәселен, өткен жылдың соңында министрлік пен Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орындары арасында геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы кадрлық әлеуетті қалыптастыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Геологиялық саланың кадрлық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында жоғары оқу орындарында гранттар санын арттыру және геологиялық мамандық бойынша білім алып жатқан үздік студенттерге «Болашақ» бағдарламасы бойынша атаулы стипендиялар бөлу жоспарлануда. Саланың жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары базасында студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін ұйымдастыру мәселесі де шешілуде.

Бұдан бөлек ағымдағы жылы геология саласында бірқатар жұмыстар атқарылатын болады. Атап айтқанда, бюджет қаржысы есебінен мемлекеттік геологиялық зерделеу кеңейеді, 2015-2019 жылдарға арналған саланы дамытудың салалық бағдарламасы бекітіледі. Индустрия және жаңа технологиялар, Білім және ғылым, Өңірлік даму министрліктерінің  құпия ұстауға жататын мәліметтерінің ведомстволық тізбесіне өзгертулер енгізіледі.  Пайдалы қазбалардың 24 түрі бойынша сегіз тақырыптық анықтамалық дайындалады.

Сөз соңында Ә.Исекешев Үкімет басшысына базынасын да жеткізіп қалды. «Серік Нығметұлы, Сізден геологиялық қорларға заманауи ғимарат беру жолымен материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесін шешуге қолдау білдіруіңізді сұраймын.  Сонымен  бірге, Үкіметтік  деңгейде  Ресей Федерациясынан Қазақстан аумағы бойынша геологиялық материалдардың түпнұсқасын алу мәселесін шешу қажет», – деді ол.

Алқа мәжілісін қорытындылаған С.Ахметов: «Қазіргі уақытта Тау-кен кодексі әзірленуде. 1 шілдеге дейін оның тұжырымдамасын Үкімет қарауына енгізуді тапсырамын», – деді. Сонымен қатар, осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған «Қазгеология» компаниясына қажетті өкілеттіктер жүктелмегендігін баса айта келе: «Сондықтан да, ол бір орында тұрып қалды. Оған қажетті өкілеттіктер беру мәселесін қарастыру қажет», – деген Премьер-министр ведомство алдына бірқатар нақты міндеттер жүктеп, оларды жіті орындау қажеттігін қадап айтты.  

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз