ГАЗ-ХИМИЯ КЕШЕНІ – КЕЛЕШЕК ДАМУ КІЛТІ

Ал, бұл ретте Атырау аймағына айрықша назар аударылуда. Сайып келгенде, мұнай-газ саласына қатысты ірі жобалардың дені осы өңірге арналған. Мәселен, тек 2015 жылға дейін ғана облыста осы бағытта 30 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмсалмақ. Атырау мұнай өңдеу зауытында шикі мұнайды тереңдете өңдеу арқылы бензол алу жобасы жүріп жатыр. Таяу жылдары еліміз хош иісті көмірсутегін өзінде шығаратын әлемдегі санаулы мемлекеттер қатарына қосылмақ. Теңіз кенішін игерудің үшінші кезегін жүзеге асыру жобасы да жоспарлануда.

 «ҚАРА АЛТЫН» ХАЛЫҚ ҚАЖЕТІНЕ ЖАРАТЫЛАДЫ

Алынатын шаралар нәтижесінде 2015 жылы мұнай-газ саласында өнім өндіру көлемі жылына 17 млн. тоннадан 88 миллионға дейін өспек. Ол өңірде «қара алтын» мен «көгілдір отыннан» алынатын дайын өнім деңгейін көтеруге мүмкіндік бермек. Жалпы, бүгінде Қазақстан дәлелденген «қара алтын» қоры жөнінен дүние жүзінде алғашқы ондықтың қатарында. Ал, Мемлекет басшысы еліміздің таяу уақытта мұнай өндіру  көлемінен   әлемнің   алғашқы бестігіне кіруді тапсырды. Демек, көмірсутегі шикізатын молынан өндіру бағытында қолға алынып жатқан шаралар алдағы уақытта да кеңінен қанат жаяды. Ендігі міндет – оны сыртқа тасымалдау ғана емес, өзіміз де тиімді пайдалану. Міне, еліміз бойынша бірінші рет қолға алынып отырған газ-химия кешенін республиканың өзге өңірінде емес, дәл Атырауда құру қажеттігі де осы облыста мол шикізат қорының болуына байланысты. Оған, мамандардың  айтуынша, барлық алғышарт бар. Елбасы өзінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында «Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек» деген-ді. 

Жалпы, газ-химия кәсіпшілігі «көгілдір отын» шикізатымен жұмыс жасамақ. Қазақстандық табиғи және ілеспе газ өзінің құрамы жөнінен көршілес Ресейдің сапалы саналатын шикізатымен салыстырғанда да еш теңдесі жоқ. Біздегі өндірілетін газ құрамында этан қоспалары орташа алғанда 13-16 пайыз аралығында. Ал, ол – ең басты газ-химия шикізаты. 

Мамандардың айтуынша, этаннан этилен, одан соң полиэтилен алу – әрі экономикалық, әрі технологиялық тұрғыдан тиімді. Мәселен, қазіргі заманғы технологиялық жүйеде бір тонна этилен алу үшін 1,25-1,3 тонна этан жұмсалмақ. Салыстырмалы түрде алсақ, осындай өндірістік операцияға үш және одан да көп бензин мен 1,8-2 тонна пропан шығындалған болар еді. Одан әрі этилен газ-химия өнімдерін шығаруға кең көлемде пайдаланылмақ. Қазақстан үшін, әсіресе, төмен және жоғары тығыздықты полиэтилен шығару экономикалық  жағынан аса тиімді. 

Жалпы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мамандарының айтуынша, өңірде газ-химия кешенін қалыптастыру үш сатыда жүзеге асырылмақ. Оның бірінші сатысында Теңіз кенішінің ілеспе газын пайдалану көзделген. Бұдан біраз жыл бұрын «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кеңсесінде еліміздің мұнай-газ саласы және бірлескен кәсіпорын басшылығы арасында келісім жасағанының куәсі болғанбыз. Осы шарт негізінде ТШО мен «Атолл» акционерлік қоғамы жылына алты миллиард текше метр газ жеткізу жөнінде ұзақ мерзімдік меморандумға қол қойды. Соған сәйкес тасымал мерзімі, көлемі және бағасы анықталды. Бұл сатыға қатысты қолға алынар жұмыстар қатарында Атырау қаласы маңында газ-химия кешенінің және  Жылыой ауданындағы Теңіз қалашығы тұсында газ айыру қондырғысының құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, Теңіз-Атырау этан құбыры  тартылмақ. 

Келесі сатыда Қашаған кенішінің газы пайдаланылмақ. Үстіміздегі жылы бұл кен орнының алғашқы өнімі алынатындығын ескерсек, оған да мүмкіндік тумақ. Батыс Ескене маңында пайдалануға берілетін «Болашақ» зауытының қуаты осында  да  қолданылмақ. 

Ақырында, Қарашығанақ кенішінің газына есептелген үшінші зауыттың тұрғызылуы да жоспарда бар. Оның да іргетасы  қаланбақшы.  Өйткені,  Елбасы айтқанындай, Қарашығанақ кен орнында қуаты жылына бес миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысына кірісу керектігі айтылған. Демек, Атыраудағы газ-химия кешенінің үшінші сатысына аяқ басқанда бұл нысан да пайдалануға беріліп, оның өңделген табиғи газы қолданылмақ.

Елбасы тапсырмасымен әкімдік тарапынан мемлекеттік маңызды жобаны қолдау бағытында барлық шаралар алынды. Жергілікті атқарушы биліктің пәрменімен Мақат ауданының Ескене елді мекені тұсынан газ-химия кешенін тұрғызуға аумағы 400 гектарлық жер телімі бөлінді. Қазір мұнда жол салынып, электр желісі тартылуда, өзге де инженерлік коммуникациялар жеткізілуде. Жылыой ауданында да құрылыс жүргізілмек. 

Осы газ-химия кешені қолға алынуының бастапқы баспалдағында-ақ өңірде көмірсутегі өндіру көлемін ескеріп, облыстық әкімдік газ-химия кластерінің  құрамы  мен  құрылымы туралы ұсыныстар берген-ді.   Олар   кезінде   салалас   министрліктер тарапынан қолдау да тапқан. Біздің ойымызша, қазір де құндылығын жойған жоқ. 

Жалпы, мұндай құжаттың қажеттігі – қосымша құн тізбегін құру негізінде газ-химия өнімдерін шығаруды қалыптастыру. Ол 2003-2015 жылдарға арналған еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында белгіленген міндеттерді толық шешуге және инвестиция көлемін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Біз одан не ұтамыз?

Алдымен, тұтастай алғанда, аймақта газ-химия кәсіпшілігін дамыту полимерлік шикізатты пайдаланып, жаңа өндірісті ұйымдастыруға және жоғары қосымша құнмен бәсекеге қабілетті тауарлы өнім шығаруға жағдай жасайды. Одан әрі, инновациялық бағдарламалар негізінде газ-химия өнімдерін дайындау және өткізудің жалпыәлемдік жүйесінде интеграцияны қалыптастырады. Ақырында, сыртқа көмірсутегі шикізатын тасымалдағаннан гөрі жоғары технологиялық өнім шығарып, бұдан да көбірек табыс табуға болады. 

Газ-химия кешені Солтүстік Каспий жобасы аясында мұнайдан ілеспе газды айыру үшін тұрғызылған «Болашақ» зауытынан небәрі тоғыз-ақ шақырым жерде. Қашаған газы о баста жер қыртысына қайта айдалуы жоспарланған-ды. Әйтсе де, кейін оны шикізат ретінде газ-химия кешенінде пайдалану шешілді. 

ЕРКІН АЙМАҚТА – ЕРКІН ЕҢБЕК

Міне, осы шаралар аясында «Ұлттық газ-химия технопаркі» еркін экономикалық аймақ құру мәселесі де қолға алынбақ. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мамандарының айтуынша, бұл аймақ бірнеше бөліктен тұрады. 

Оның біріншісі Атыраудан солтүстік-шығысқа 33 км және Қарабатан   стансасынан   солтүстікке сегіз шақырым жерде құрылмақ. Жалпы көлемі – 1267 гектар. Осы алаңның 967 гектары өндірістік, инфрақұрылымдық, әкімшілік және әлеуметтік-тұрмыстық  объектілерге  арналған. Ал, 300 гектары газ-химия кешенінің негізгі нысандарына бөлінген. 

Еркін экономикалық аймақтың екінші бөлігі Теңіз кенішінде болмақ. Мұнда 100 га жерге жаңа газ айыру қондырғысы салынбақ. Осы жерден Қарабатан стансасына дейін ұзындығы 230 шақырымдық құбыр тартылмақ. 

Үшінші бөлік 285 га жерімен бұрынғы химия зауытының маңында болмақ. Расын айтқанда, сонау кеңестік кезде күллі одақ бойынша іргелі кәсіпорындардың бірінен саналып, тура Мәскеуге бағынған химия зауытының бүгінгі мүшкіл халі осы салада жұмыс жасаған, қазір қатарлары селдіреген байырғы мамандардың жүрегін ауыртады. Осы орайда көне кәсіпорынды  әлі күзетіп отырған адамдарға алғыстан басқа айтарымыз да жоқ. 

Осы жобаны жүзеге асыру барысында құрылысқа алты мыңға жуық адам тартылады. Кәсіпорын қатарға қосылғанда тоғыз жүздің үстінде маман тұрақты қызметпен қамтылады. Алдымыздағы 2016 жылы мәреге жетуі жоспарланған жобаның өңірде жұмыссыздық мәселесін жеңілдетуге қосатын үлесі осындай.

Сөз ретінде айтар болсақ, өткен жылы өңірде жалпы құны 10,6 млрд. теңгелік 282 адамды тұрақты қызметпен қамтыған жеті жоба жүзеге асырылды. Ал, биыл облыста жалпы құны 15,5 млрд. теңгені құрайтын  және 972 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін бес жоба іске қосылмақшы. 

…Сонымен, облыста Елбасының тікелей басшылығымен тағы бір ірі жоба басталды. Алдағы жазда негізгі құрылыс жұмыстары қолға алынбақ. Ол өңірде жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуге де септігін тигізбек. Мәселен, осындай жобалар нәтижесінде ғана қосымша 4000 шамалы жаңа жұмыс орны ашылмақ.  Оған алдымен жергілікті жастар тартылмақ. Демек, Теңіз кеніші мен «Болашақ» зауыты құрылысында толымды тәжірибе жинақтаған атыраулықтарға өздерінің шыңдалған шеберліктерін көрсетуге тағы да мүмкіндік тумақ. Отандық мамандарды ірі жобаларға тарту да – Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдерге беріп отырған нақты тапсырмаларының бірі. 

Меңдібай  СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз