ЕНДІ ЖҮН ДЕ ӨЗІМІЗДЕ ӨҢДЕЛЕДІ

кеше  заманауи  үлгідегі  жаңа  өндіріс

орнының  іргетасы  қаланды

Өңірімізде тағы бір игілікті іске сәтті қадам жасалды. Атырауда мал жүнін бастапқы өңдеуден өткізуге арналған заманауи үлгідегі жаңа кешен бой көтермекші. Кеше аталмыш нысанның алғашқы іргетасы қаланды.

Осы оқиғаға орайластырылған салтанатты рәсімге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, сөз сөйледі.

 – Өздеріңізге белгілі, республика көлемінде соңғы жылдары төрт түлік малдың жүн-тері өнімдері өңделмей, пайдасыз болып қалуда. Аудандарды аралаған кезімде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен мәслихат депутаттары осы мәселені жиі көтеріп, бұл орайдағы өздерінің ұсыныс-пікірлерін жолдаған-ды. Бүгін, міне, сол түйткілді мәселенің түйіні тарқатылып, шешілгелі отыр, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. – Бастапқы кезеңде мұнда жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні өңделеді деп есептелінуде. Яғни, жуып, тазаланып, басқа да бірнеше процестен өткізілген малдың жүнінен жіп иіріліп, дайын өнімдер шығарыла бастайды. Одан кейінгі кезеңдерде жүннен түрлі киімдерді тоқып, тауар күйіндегі өнімдерді шығаруға болады. Айта кету керек, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша қолға алынған бұл жобаны Моңғолия Республикасының жүн-тері бағытында жұмыс жасайтын, осы салада мол тәжірибесі бар кәсіпорындарының бірімен бірлесіп жүзеге асыру көзделген. Фабрика болашақта елдің игілігіне қызмет істейтіндігіне сенімдімін. Жаңа бастамаға сәт- сапар, оң қадам тілеймін.

Аймақ басшысының айтқандарын қостаған ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жанай Беркалиев те мұны көптің көңілінен шығатын, халықтың кәдесіне жарайтын оңды іс ретінде бағалайтындығын жеткізді. Осыған өзі ұйытқы болып, жан-жақты қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыс сезімі мен ризашылығын білдірді.

Құны 780 млн.теңгені құрайтын жобаның бастамашысы «Достан Ата» шаруа қожалығы болса, басқарушы компания «Атырау ПОШ» ЖШС болып табылады. Ал, жобаның қатысушылары да – жоғарыда аталған «Достан Ата» шаруа қожалығы мен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Бас жобалаушы  «Туранстройпроект», қосалқы мердігері «Ғимарат» ЖШС-тері екенін білдік.

«Атырау ПОШ» ЖШС-нің директоры Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, Атырау қаласының аумағындағы бұрынғы химия зауыты аймағынан салынуы жоспарланған кешеннің өзі әкімшілік ғимараты, жүнді жуып-тазалау, пресстеу цехтары, қоймалар, т.с.с. бірнеше бөліктерден тұрады. Құрылыс-монтаж жұмыстарына негізінен жергілікті материалдар пайдаланылса, өндіріске қажетті құрал-жабдықтар мен құрылғылар Моңғолия, Қытай, Германия елдерінен әкелінеді. Қазірдің өзінде бұл жөніндегі ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысын 2015 жылдың мамыр айында аяқтап, іске қосу көзделген.

Көп кешікпей,  аймақ басшылығының және ардагерлердің қатысуымен  жаңа кешен ғимаратының алғашқы іргетасы да қаланып, жиылған көпшілік соның куәсі болды. Сайып келгенде, алдағы уақытта Атырауда ашылатын бұл кешен немесе фабрика аймақтың ғана емес, республикамыздағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы тұңғыш рет жүзеге асырылатын және әзірге теңдесі жоқ жоба болғалы тұр. Бұны облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы өз сөзінде айрықша атап айтты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз