ЕН ДАЛАДАҒЫ АЛМА БАҒЫ

Республиканың оңтүстік өңірінде туған ол диқаншылық қадірін жақсы біледі. «Баптай білсең, жер жомарт» дегендей, талмай төгілген тердің өтеуі боларына сенімді.  Өзі айтатынындай, кішкене кезінен жер жыртып, егін егіп өскен кісіге ұлтарақтай орынның өзінен бір рулы елді асырайтындай өнім жинауға болады.

Жалпы, Владимир Розметов Атырауға алғаш келгенінде құрылыспен шұғылданды. Бұл бағытта да абыройсыз болған жоқ, өңірдегі бірқатар нысандарда қолтаңбасын қалдырды.

 

Содан  бір  күні  «Атырауагроөнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылғаны, оның жетекшісі Владимир Розметов екендігі туралы хабар дүңк ете қалды. Ау, оның құрылысы қайда? Сөйтсек, жер қадірін білетін жігіт кәсібін жүргізе жүріп те облысты зерттей бастаған ғой. Мәселен, анау Оңтүстік Қазақстанда егін салатын бос жер таба алмайсың. Бәрін шаруашылықтар мен жеке адамдар бөліп алған. Ал, мұнда ше? Даңғайыр дала текке жатыр. Рас, су көздері тапшы, қуаңшылығы басымдау. Бірақ, сонау кеңестік кезде Махамбет ауданында бау-бақша дақылдары мен көкөніс молынан егіліп, күллі қалалықтарды қамтамасыз еткен жоқ па еді? Байырғы тұрғындармен тілдесе жүріп Владимир осы жайды да көкейіне түйді. Сөйтіп,  тәуекелге бел буып,  егіншілікке ден қойды.

Біз онымен өңірге еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылбек Мамытбеков келген кезде кездескенбіз. Тарихы тереңдегі Сарайшықтың бер жағындағы кең далада алма ағаштары жайқалып тұр. Іргеге жасанды көл де жасап қойыпты. Владимир Розметовтің айтуынша, әзірге 150 гектарға алма ағаштары егілген. Көк жүзіне тік тартыла қоймағанымен, кейбірі адам бойындай өсіп қалған. Өткен жылы осы бағынан 400 тонна шамасында өнім жинапты. Биылғы межесі – 500-600 тонна. Ар жағында өнім көлемі өсе беретіні де кәміл.

Кейін журналистермен сұхбатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Атыраудағыдай тамшылата суару тәсілімен ен далада өсірілген алма бағы республиканың өзге өңірінде жоқ екенін  де  айтып қалды. Бұған да  қуандық.  Демек,  Владимир  Розметов бұл істі ел бойынша бірінші болып қолға алғаны ғой.

Енді сәл шегініс жасап, осы алма бағының пайда болу тарихына тоқталайықшы. Сонау жылдары жергілікті диқандар 350 га жерге алма егіпті. Кейін қараусыз қалған солар қазір әбден құрып бітті. Бүгінде сол деңгей әзірге алына қоймағанымен, екі-үш шаруашылық 250-280 гектарға алма ағаштарын отырғызып, байырғы кәсіпті жандандыруға жұмыстануда. Соның 150 гектары «Атырауагроөнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты.

Сонау 2006 жылы тәжірибе ретінде алты гектар жерге  алма ағаштарын егіп көріпті.Бұл істі Құрманғазы ауданы Өтер ауылының тумасы, республиканың оңтүстігінде егіншілікті дамытуға зор үлес қосқан ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Қасым Асановпен бірлесіп бастаған. Социалистік Еңбек Ері, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы, «Құрмет» ордендерімен марапатталған ғұлама ғалым жалынды жастың бастамасын бірден қолдап, ғылыми тұрғыдан көп көмектескен. Мұның бәрі алғашқы сәтті нәтижеге қол жеткізіп, жұмысты әрі қарай жалғастыруға жағдай жасаған.

Шаруашылық басшысы Владимир Розметовтің айтуынша, Атырауда жергілікті өнімдерге сұраныс көп. Қаладағы мейрамханалар мен дүкендер, өзге де сауда орындары түк қалдырмай алып кетеді екен. Жәрмеңкелерде де атыраулықтардың қауын-қарбызы мен көкөнісі  түгел сатылатын  көрінеді. Бұл да – берекелі істің көрінісі.

…Владимир  Розметовті аралас-құралас  жандар  өзімсініп Володя дейді. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны оң түсініп, өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүрген азаматтың ісі құптарлық. Жақында «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында журналистер алдында брифинг өткізген Махамбет ауданының әкімі Ерлан Жаңабаев бұрынғы Алмалы мен Сарытоғай алма бақтарының әлдекімдердің қолына сатылып кеткендігін, енді соларды кері қайтару бағытында жұмыстар жүріп жатқандығын айтқан-ды. Ал, оған дейін Володяның алмаларын жей тұратын тәріздіміз. Ол да қолжетімді. Қаладағы жәрмеңкелерде, Атырау-Махамбет тасжолының бойында  кеңінен сатылуда.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.  

Махамбет ауданы.

Суретте: Владимир Розметов алма ағаштарының ортасында.

(Сурет редакцияның мұрағатынан алынды).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз