ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ ЕНШІЛЕС БӨЛШЕГІ

Биыл, атап айтқанда қарашаның айының 8-інде еліміздің мемлекеттік статистика органдарының құрылғанына 95 жыл толмақ. Негізінен алғанда, Қазақстан статистикасының қалыптасуы мен дамуы тарихтың терең қойнауынан бастау алады.

Бірінші Қазақ мемлекеті – Қазақ хандығы тұсында статистикалық есеп жүргізілгендігі, атап айтсақ оның алғашқы пайда болу кезінде (1459 жыл) Шу және Талас өзендерінің бойында халықтың саны 200 мың адам, ал XV ғасырдың соңында олар 1 млн. болғандығы туралы тарихи деректер бар. Бірақ, бүгінгі Қазақстан аумағында азды-көпті болса да жүйелі және орталықтандырылған статистикалық қызметтің өмірге келуі XVІІІ ғасырдың екінші жартысына, былайша айтқанда Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіру кезеңіне жатады.

Қазақстан аумағында құрылған бірінші мемлекеттік ресми статистикалық орган болып, Түркістан губерниялық статкомитеті (құрылған күні – 1868 жылдың 22 қаңтары) мен оған бағынышты Сырдария және Жетісу облыстарындағы статбюролар саналады. XІX ғасырдың 70-жылдарының ортасында Орал облыстық статкомитеті, 1877 жылы Семей және Ақмола (Омбы қаласында), 1895 жылы Торғай облыстарының статкомитеттері құрылды. Бірақ, 1920 жылға дейін Қазақстанда жоғарыда аталған және басқа да жергілікті статистикалық қызметті біріктіретін бірыңғай статистикалық орган болған жоқ.

Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы құрамында Қазақ Автономиялы Социалистік Республикасының құрылуына (1920ж. 26 тамыз) байланысты, Үкіметтің қаулысымен «Қазақ АКСР-ы мемлекеттік статистикасы туралы Ереже» бекітіліп, республикалық статистика басқармасы құрылды. Сонымен, Қазақстанның орталықтандырылған бірыңғай статистика органының құрылған күні 1920 жылдың 8 қарашасы болып белгіленді.

Сол жылдардан бастап, осы күнге дейін Қазақстан статистикасы үлкен даму жолдарынан өтті. Экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, күрделі құрылыс, әлеуметтік және экономикалық статистика сияқты жаңа салалары зерттеле бастады. Елімізде кейбір министрліктер шеңберінде жүргізілетін ведомстволық есеппен бірге мемлекеттік есеп қатар жүзеге асырылды. Мемлекеттік статистика органдары халық шаруашылығын басқару мен жоспарлауға қажетті мәліметтерді жинақтап және әзірлеп отырды.

Статистика саласында 80-шы жылдың аяғында электрондық машиналарды компьютерлер алмастырды. Компьютерлердің іске қосылуы жаңа статистикалық өнім түрлерін жедел түрде өңдеп, басып шығаруға мүмкіндік берді. 1992-2008 жылдар аралығында, Қазақстан Республикасының Үкіметі статистика органдарының барлық қызмет бағыттарын айқындайтын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистикасын жетілдірудің төрт бағдарламасын қабылдады. Осы бағдарламаларды жүзеге асыру барысында тәуелсіз мемлекеттің мәртебесіне сәйкес Ұлттық статистика жүйесі құрылды.

Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік статистиканы түбегейлі реформалау жүзеге асырылды. Статистикалық тіркелім қалыптасып, негізгі халықаралық стандарттар мен жіктеуіштер, көрсеткіштердің жаңа жүйесі мен статистикалық байқаулар үрдістері енгізілді. Статистика органдарында шаруашылық субьектілерін әкімшілік тіркелімге алумен қатар, жеке кәсіпкерлерді, ауылшаруашылық құрылымдары мен тұрғын үйлерді тіркеу жүргізіле бастады. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіштері, өндірілетін өнім түрлерінің жіктеуіштері және әрбір заңды тұлғалардың, филиалдары мен өкілдіктерінің сегіз және он екі санды жеке кодтардан тұратын кәсіпорындар мен ұйымдардың жіктеуіштері сияқты үш жаңа мемлекеттік стандарт әзірленіп, бекітілді. Бұлардың барлығы экономикалық қызмет түрлеріндегі Еуропалық жіктеуіштермен сәйкестендірілді.

Барлық жүйелердің тиімділігін және статистикалық деректерге қолжетімділікті арттыру мақсатында, Статистика комитеті «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық  жүйесін құрып, жобаны іске асыруды 2013 жылы аяқтады. Бұл жобада деректерді жинау, өңдеу және таратуды автоматтандыру және ақпараттық жүйелермен, соның ішінде өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялануы көзделген. Бүгінгі күні бұл жүйе мемлекеттік органдардың жиырмаға тарта ақпараттық жүйелерімен табысты интеграцияланған.

Қазіргі таңда «е-Статистика» ИАЖ компоненттерінің ішінен «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесі (АТЖ) мен «Деректерді он-лайн режимінде жинау» ақпараттық жүйесін ерекше атап өтуге болады. Нақтылай түссек, «Талдау» АТЖ пайдаланушыларға статистикалық ақпаратты статистиканың барлық салалары бойынша облыстық, қалалық және аудандық бөліністерде графикалық, картографиялық және кестелік түрде бейнелеп, автоматты түрде алуға мүмкіндік туғызады. Қазіргі уақытта, тек қазақстандықтар ғана емес, сонымен қатар, Ресей, Беларусь, Украина, Ұлыбритания, Германия, Литва, АҚШ, Оңтүстік Корея және т.б. шет елдердің тұрғындары да аталған жүйені кеңінен пайдаланып отыр.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Статистика комитетінің сайтында 2014 жылдан бастап респонденттерге 120-дан астам статистикалық нысандарды он-лайн режимде тапсыру қолжетімді болды. Ол үшін, респонденттерге Халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды цифрлық қолтаңбаны алып, сайттағы жеке кабинетте тіркелу жеткілікті. Статистикалық нысандарды электронды түрде тапсырғаны туралы есептер бойынша хабарламаны қарау мүмкіндіктері де қарастырылған. Бұл жүйе респонденттерге статистика органдарына келмей, статистикалық есептерді электронды түрде тапсыруға, яғни респонденттерге түсетін жүктемені азайтып, уақытты және шығынды үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда статистика органдарына ұсынылатын статистикалық байқаулардың 80 пайызға жуығы онлайн режимде тапсырылып отыр.

Жоғарыда атап өткендей, Қазақстанның статистика органдарының қызметкерлері Қазақстанның мемлекеттік статистикасының 95 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Бұл – Қазақстанның автономиялы кеңестік республика болып құрылған күніннен бастап, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқанға дейінгі өткен өзгерістер мен қайта құруларды айқын көрсететін тарихи жол.

Кәсіби төл мереке қарсаңында статистика органдарының ардагерлері мен қызметкерлерін Қазақстанның мемлекеттік статистикасының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, қиын да қызық, сан қырлы, ұшы-қиыры жоқ сандық көрсеткіштерге «тіршілік» беретін еңбектеріңізге табыс, алдағы өмірлеріңізге сәттілік тілеймін.

Галя МҰХАНҒАЛИЕВА,

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті Атырау облыстық департаментінің басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз