Жарнама
Экономика

Ел экономикасының жаңа тынысы

Қазақстанның көлік-логистика инфрақұрылымындағы жаңа серпілісі – ел тарихындағы стратегиялық маңызы ең жоғары жобалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміз арқылы өтетін 5 жаңа теміржол дәлізі Қазақстанды Еуразия құрлығындағы басты транзиттік хабқа айналдырады.

Бұл бастама еліміздің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Жүк тасымалының көлемі 5 есеге дейін өссе, экспорттық өнімдерді жеткізу уақыты айтарлықтай қысқарады. Нәтижесінде қазақстандық кәсіпорындар жаңа нарықтарға тез әрі тиімді шығуға мүмкіндік алады. Бұл – өндірістің дамуына, жұмыс орындарының көбеюіне, бюджет кірістерінің артуына тікелей әсер ететін фактор.

Қазақстанның географиялық орналасуы – біздің басты артықшылығымыз. Солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап тұрған еліміз Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналды. Орта дәліздің дамуы Қытай – Еуропа арасындағы тасымал бағыттарына балама жол ұсынып, Қазақстанды әлемдік сауда жүйесіндегі негізгі ойыншы деңгейіне шығарады. Бұл бізге геосаяси тұрғыдан да қосымша салмақ береді.

5 мың шақырым жаңа теміржол салу және 11 мың шақырымды жаңғырту – тек транзит үшін емес, ішкі экономикалық байланыстар үшін де аса маңызды. Аймақтар арасындағы көлік қатынасының жақсаруы ауыл шаруашылығы өнімдерін, өнеркәсіп тауарларын жеткізуді жеңілдетеді. Бұл өңірлік теңгерімді нығайтып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.

Көлік-логистика саласына цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу – Қазақстанның жаңа индустриялық саясатының маңызды бөлігі. Бұл тек көлік саласының тиімділігін арттырып қоймай, елімізді жоғары технологиялық шешімдерге сүйенетін экономикалар қатарына қосады.

Теміржол дәліздері – Қазақстан үшін тек инфрақұрылымдық жоба емес. Бұл – ұлттық экономиканың болашаққа құрған «қауіпсіздік көпірі». Ол еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтып қана қоймай, экономикалық тәуелсіздігін де күшейтеді. Тәуелсіздік жылдарында мұндай ауқымды әрі кешенді жоба іске асуы – біздің мемлекетіміздің даму стратегиясының дұрыстығын дәлелдейді.

Қазақстан үшін теміржол дәліздері – «экономикалық тамырлар». Ал осы тамырлар арқылы еліміздің жаңа даму дәуіріне жол ашылады.

Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button