
Ел экономикасының қозғаушы күші
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің кездесулерінде өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі стратегиялық бастамалар көтеріліп, еліміздің өндіріс саласын жаңа деңгейге шығаратын бастамалар туралы жан-жақты айтылды.
Мемлекет басшысы Үкіметке Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоспарын немесе жол картасын қысқа мерзім ішінде қабылдау туралы нақты тапсырма берді. Бұл – Қазақстан экономикасының әртараптандырылуына, өндіріс қуатын арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған.
Бүгінде Атырау өңірі – еліміздің өнеркәсіптік тірегі, өндірістің қайнаған ортасы. Мұнда мұнай-газ, құрылыс және ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келеді. Осы бағытта Әзербайжан секілді бауырлас елмен өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру – екі жаққа да тиімді мүмкіндік.
Президенттің өнеркәсіп саласына қатысты нақты тапсырмасын толық қолдаймын. Бұл – ел экономикасына жаңа серпін береді. Әсіресе, өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласында қос елдің бірлескен жобаларын іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірлік дамуға жол ашады. Мемлекет басшысы белгілеген әрбір бастама – кәсіпкерлерге нақты бағыт береді.
Атырау облысы өндірістік әлеуеті зор өңір болғандықтан, бұл бағыттағы жоспарлар жергілікті кәсіпорындардың дамуына да оң ықпал етпек.
Біз өз тарапымыздан өндірісті күшейтіп, ауылдағы еңбек адамын қолдауға, жаңа технологияларды енгізуге және экологиялық тұрғыда тиімді өндіріс жүйесін қалыптастыруға күш саламыз. Мемлекет пен кәсіпкер иық тірестіріп жұмыс істегенде ғана нәтижелі даму болады.
Өнеркәсіп саласындағы серіктестік пен экономикалық ынтымақтастық – ел дамуының кепілі.
Бүгін басталған бұл бастама ертеңгі өркендеудің негізі болмақ.
Айгүл ӘМІРҒАЛИЕВА,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты,
«Амангелді» өндірістік кооперативінің басшысы


