Жарнама
Экономика

Делдал дауы: Тариф неге қымбаттайды?

Атырауда жылу мен электр энергиясының келер жылғы тарифтері күрт қымбаттауы мүмкін. Бұл қала тұрғындары үшін күтпеген қауіп қана емес, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін түйткілге айналып отыр. Облыстық қоғамдық кеңестің өткен аптадағы кезекті мәжілісінде Атырау жылу-электр орталығын газбен қамтамасыз ету дауы жан-жақты талқыланды. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келісім-шартты ұзартудан ресми түрде бас тартып, ортада газ таратушы ретінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның делдал ретінде пайда болуы аймақтағы тарифтің бірнеше есе өсуіне әкеліп соғуы мүмкін.

Тариф қымбаттап, заң бұзылады

«Атырау жылу-электр орталығы» ЖШС директоры Мақсот Әленовтің айтуынша, кәсіпорын шығыны келесі жылы бірнеше есе артуы ықтимал. Оның сөзінше, бүгінге дейін орталық ТШО-дан алатын газ үшін жылына 8,9 миллиард теңге төлеп келсе, жаңа жылдан бастап «QazaqGaz Aimaq» АҚ арқылы жұмыс істеу бұл соманы үш-төрт есеге дейін өсірмек.

– Егер газды делдал компания арқылы алсақ, алдын ала есептеуіміз бойынша шығын көлемі 33 миллиард теңгеден асады. Демек, бұл жағдайда тарифті қымбаттатудан басқа амал жоқ. Электр қуатын өндіру үшін тарифті кемінде 40 пайызға көтеру қажет болады. Ал жылу тарифі 90 пайыздан да жоғары көтерілуі тиіс. Бұл – тарифтің екі есеге жуық өсуі деген сөз, — деді ол.

Бүгінде жылу 4400 теңге деңгейінде өндіріліп отыр. Егер газ жаңа схема бойынша жеткізілсе, жылу өндіру тарифі 8500 теңгеге дейін шарықтайды.

– Егер бұған жол берілсе, Қазақстан Республикасының екі бірдей нормативтік-құқықтық акті – «Газ және газбен жабдықтау туралы» және «Табиғи монополиялар туралы» Заңдары бұзылады. Бұл өте өрескел қателік. Біз мәселенің Атырау өңірі үшін өте өзекті екенін жақсы сезінеміз. Сондықтан қоғам өкілдерінен, кеңес мүшелерінен қолдау көрсетулеріңізді сұраймын, — деді М.Әленов.

Кеңес мәжілісіне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мәселенің Үкімет деңгейінде қаралып жатқанын айтты. Оның сөзінше, газ бағасы 5 теңгеден 33 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін, бұл 74 пайыздық өсімге сәйкес келеді.

– Монополияға қарсы заңға сәйкес ЖЭО ТШО-дан тікелей газ алуға құқығы бар. Біз бұл туралы компанияға нақты түсіндірдік. Сонымен қатар, мемлекет басшысы келер жылдың бірінші тоқсанына дейін тарифті көтермеуді тапсырған. Егер мәселені шұғыл шешпесек, үлкен әлеуметтік шиеленіс туындайды, — деді Қайрат Талапұлы.

Қоғамдық кеңес мүшесі Ерлан Күмісқалиев жиын барысында мәселенің сегіз ай бойы шешімсіз қалуын қатаң сынға алды. Шынында да, бұл жағдайды қоғам тек Қоғамдық кеңес отырысында ғана біліп отыр.

– Сегіз ай өтті, бірақ нақты нәтиже жоқ. Егер кеңестің осы басқосуы болмаса, мәселенің мән-жайын ешкім білмей де қалар еді. Халыққа алдын ала дұрыс ақпарат берілмейді, ал сіздер ертең тариф 10-12 есеге өседі деп айтып отырсыздар. Сонда бұған кім жауап береді?! Халықтың еш кінәсі жоқ. Олар заңға бағынады, ешкімнің жұмысына кедергі келтіріп отырған жоқ. Ал, сол кәсіпорынның менеджментіне тікелей жауапты лауазым иесі ретіндегі сіздің міндет – мәселені шешу, халықтың мүддесін қорғау. Сонда ТШО-мен сөйлесуге, ықпал ететін тетіктер табуға қалайша мүмкіндік жоқ?! Неге олардың алдына барып, халықтың жағдайын түсіндіріп, нақты талап қоя алмаймыз? — деген кеңес мүшесі бұл жағдай тұрғындардың сеніміне селкеу түсіретіндігін айтты.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ директоры Қайсар Рахметов бұл бастамаға өздерінің еш қатысы жоқтығын айтып ақталды. Оның сөзінше, ТШО компаниясы хат жолдап, газды алдымен «QazaqGaz Aimaq» АҚ арқылы жеткізу схемасын ұсынған. Ол өз тарапынан Жылу-электр орталығының ТШО-мен тікелей жұмысын жасауына қарсылық жоқ екенін айтты.

Ал, «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің өкілі Нұриден Өмірбаев бұл шешім компания мен «QazaqGaz» АҚ арасындағы ұзақ мерзімді меморандумға негізделген деп түсіндірді. Ол ТШО газ беруден бас тартпайтынын, алайда меморандумға сәйкес газды «QazaqGaz» компаниясы арқылы жеткізу керегін атап өтті. Қазір мәселе Энергетика министрлігі мен облыс әкімінің деңгейінде көтеріліп жатыр екен.

Шешім қайта қарала ма?

Қоғамдық кеңестің мүшесі Салтанат Рахимова облыс тұрғындары атынан Атырау жылу-электр орталығын газбен қамтамасыз ету мәселесіне шынайы алаңдаушылығын білдірді. Жасыратыны жоқ, бұл – тек бір кәсіпорынның келісім-шартымен шешілетін техникалық мәселе емес, бүкіл облыстың энергетикалық қауіпсіздігіне, қоғамдық тұрақтылық пен тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды проблема.

– Атырау ЖЭО – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететін стратегиялық кәсіпорын. Көп жыл бойы ЖЭО ТШО-мен тұрақты әріптестік орнатып, газды жеңілдік шарттарымен сатып алып келді. Бұл ынтымақтастық өңір тұрғындарын үздіксіз электр және жылу энергияларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, — деді Салтанат Асқарқызы.

Ол орталықты газбен қамтамасыз етудегі бұл проблеманың қаланың энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін қаперге берді.

– Атырау – елдегі ірі өндірістік аймақтардың бірі. Мұнда 300 мыңнан астам адам тұрады. Жылумен қамтамасыз ету жүйесі толықтай ЖЭО-ға тәуелді. Газ бағасының күрт қымбаттауы – жай өндірістік тәуекел емес, қыс мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп туғызады. Мұндай өсім халықтың төлем қабілетін төмендетіп, әлеуметтік наразылықты күшейтеді. Шағын және орта бизнеске де ауыр соққы болады. Сонымен қатар, бұл 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін тариф көтермеу туралы Үкіметтің шешіміне де қайшы, — деді ол.

Сондай-ақ, ЖЭО-ға газ жеткізетін құбыр өндірістік кәсіпорынға тиесілі екенін, магистралдық газ құбырына тікелей қосылғанын еске салды. Заң бойынша магистралдық құбырға тікелей қосылған өндірістік тұтынушы газды тікелей өндірушіден алуы тиіс. Делдал арқылы жеткізуге жол жоқ. ЖЭО үшін газ стратегиялық тауар болғандықтан, оны тікелей өндірушіден алу заң талабы көрінеді.

Егер ТШО келісім-шартты ұзартпаса, кеңес мүшесі атап өткендей, ЖЭО тұрақты жұмыс істей алмайды, қала мен облыстың энергетикалық жүйесіне қатер төнеді, қыс мезгілінде техногендік апат қаупі артады.

– Бұл шешімнің әлеуметтік-экономикалық салдары ауыр. Сондықтан оны тек «бизнестік шешім» деп қарауға болмайды. Бұл – мемлекет деңгейінде шешілуі тиіс ұлттық қауіпсіздік мәселесі, — деді Кеңес мүшесі.

Салтанат Асқарқызы мәселенің шешілуіне байланысты бірнеше нақты ұсыныс жасады. Оның айтуынша, ТШО компаниясы мен «QazaqGaz» АҚ арасындағы келісім-шартта Атырау ЖЭО-ға арналған газ көлемін алып тастаудың заңдылығы мен экономикалық бағасын тексеру қажет. Ол 2026 жылдан бастап ЖЭО-ға газ жеткізу келісім-шартын ұзартудан бас тарту туралы шешімді қайта қарау шараларын қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар, тарифтің өсуіне жол бермеу және өңірдің негізгі энергия кәсіпорнының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ведомствоаралық үйлестіруді жедел ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.

Заңгер ретінде ол ЖЭО-ға газ жеткізу мәселесінің өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрғындардың әлеуметтік тұрақтылығын нығайту мақсатында мәселенің дереу оң шешімін табу, халықтың мүддесін қорғап, құқықтық нормаларды сақтауды талап етті.

– Мәселені сөзбұйдаға салып созбақтамай, құқықтық нормаларға сәйкес, халықтың мүддесін қорғап, жедел шешу керек. Энергетикалық қауіпсіздік – бұл тек экономика емес, әлеуметтік тұрақтылық, халықтың қауіпсіздігі, әр отбасының жылы үйі, қала өмірінің қалыпты жұмысы, — деді кеңес мүшесі.

Қысқа дайындық қалай?

Қоғамдық кеңестің мәжілісінде жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы да баяндалды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің айтуынша, жылу беру маусымына дайындыққа 6,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен көп қабатты үйлерді маусымға дайындауға жұмсалған.

Облыс бойынша биылғы маусымға 406 білім беру мекемесі, 155 денсаулық сақтау нысаны және 1793 көп қабатты тұрғын үй дайындалды. Жоспарланған іс-шаралар аясында 29,5 шақырым жылу, 341,6 шақырым электр желісі жөнделіп, су құбыры мен кәріз желілерінің 9,9 шақырымы, 9 қосалқы және 66 тарату станциясы жаңартылды.

– «Атырау жылу-электр орталығы» ЖШС жылу қазандықтары мен турбиналарына жоспарланған күрделі жөндеуді толықтай аяқтады. Негізгі отын көзі – табиғи газ, ал апатты жағдайларда пайдалануға арналған мазут қоры – 4602 тонна. Әлеуметтік және білім беру нысандарына жылу 1 қазаннан, тұрғын үйлерге 15 қазаннан бастап берілді. Жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде. Қала әкімдігі апатты жағдайларда ток көзімен қамтамасыз етуді күшейту үшін 500 және 700 кВт қуатты екі жылжымалы дизель генераторын сатып алды. Сонымен қатар, қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метрді құрайтын №5 су сүзгі станциясы іске қосылып, Атырау қаласы мен Мақат ауданына үздіксіз ауыз су жеткізілді. Облыс орталығындағы 1989 жылы салынған ескі су құбырлары мен кәріз желілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазір 36 шақырым су құбыры мен 11,9 шақырым кәріз желісі жаңартылды. Жұмыс келесі жылы толық аяқталуы тиіс, — деді басқарма басшысы.

Облыста тұрғындардың 99,9 пайызы газбен қамтылған, ал 155 елді мекеннің 145-і газ жүйесіне қосылған. 2024 жылы Қызылқоға ауданында 122 шақырым газ құбыры тартылып, 6 ауылдық елді мекен газбен қамтылды.

Атырау қаласының сол жағалауында қуаты 70 мың текше метр болатын тазарту имараты жұмыс істеп тұр. Ал оң жағалауда бұрынғы булану алаңы толық тазартылып, қазір қалдық су тазартылған. Қалалық бюджет есебінен «Квадрат» булану алаңы қалпына келтіріліп, жаңа 31 мың текше метрлік кәріздік тазарту ғимаратының құрылысы 74 пайызға аяқталды. Жоспар бойынша жұмыстар 2026 жылы толық іске қосылады.

Қоғамдық кеңес мәжілісінде негізінен қызу талқыланған «Атырау жылу-электр орталығын» газбен қамтамасыз ету мәселесінің тек шаруашылық немесе келісім-шарттық дау емес екенін айқын көрсетті. Бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне, әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл түйткілді созбалаңға салмай, заң талаптары мен қоғамдық мүддені басшылыққа ала отырып, Үкімет деңгейінде нақты әрі әділ шешу қажет.

Алмас ҚАБДОЛ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button