Жарнама
Экономика

Дәстүрлі өндірістен – жаңа технологияға

Жем бойында өсіп-өніп, мұнай-газ саласында қызмет еткен Оңдашевтар әулеті – елдің көмірсутегі шикізатын өндіру ісінде ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан еңбек дәстүрінің жарқын үлгісі. Соның жалғасы Гүлшара Байтаңатқызы – өз атасы Төлеген, әкесі Байтаңатпен қанаттас еңбек пен білім жолын таңдап, геолог мамандығында тер төккен ардагер мұнайшылардың ұрпағы. Оның әңгімесінен ұққан басты мәселе – мұнай-газ саласының тұрақтылығы және болашағы. Ол жаңа технологияны қолдану мен білікті кадрларды дайындау арқылы салада өсуді, әрі дамуды жүзеге асыруға болатынына сенімді. Бұл биыл Президент Жолдауында айтылған цифрландыру, инновация бағыттары мен инвестиция тарту қажеттілігімен үндес.

Атасы Төлеген Оңдашев 1910 жылы Жем-Атырау аймағында дүниеге келіп, Қосшағыл кәсіпшілігін алғашқы игерушілердің бірі еді. Электр жөндеуші, шебер, стахановшылар қозғалысының мүшесі ретінде маңдай тері шүмектей төгілгендердің қатарында болды. Соғысқа бармай тылда жұмыс істеген ол көптеген шәкірт тәрбиеледі. 1938 жылы Қосшағылда туған әкесі Байтаңат та техникалық мамандықты игеріп, кейін тау-кен мамандығын Мәскеуден аяқтады. 1958 жылдан бастап мұнай саласында түрлі лауазымдарда еңбек етті.

1969 жылы өмірге келген мұнайшылар отбасының ізбасары Гүлшара Байтаңатқызы мектептен соң, геология мен газ геологы мамандығын Грозный институтынан 1992 жылы тәмамдаған. Оның айтуынша, мұнайгаз саласының болашағы зор. Дәстүрлі өндірістен бөлек, терең ұңғымаларды игеру, кен орнын тиімді пайдалану, экологиялық зиянын азайту, жаңа технологияларды пайдалану – мұның бәрі маңызды.

– Экономиканың қарқынды дамуы – жерасты байлығын тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Әсіресе ел қазынасына ең көп кіріс әкеліп отырған мұнай-газ өнеркәсібінің жұмысына баса мән берсек, оның ғұмырын одан әрі ұзартуға мүмкіндік мол. Алдағы уақытта дәстүрлі өндірумен қатар, терең ұңғымаларды игеру, қиын жағдайда кеніштерді тиімді пайдалану, сондай-ақ көмірсутегінің экологияға зиянын азайту бағытында жұмыстарды күшейтпекпіз. Жаңа технологияны да ұтымды пайдалану қажет. Егер әлемдік тәжірибелерді өз жерімізде тиімді іске асыра алсақ, мұнай-газ саласы жоғалмайды. Бұл үшін бізге әлбетте білікті кадрлар көптеп қажет. Жастарға үздіксіз білім, шет тілдерін меңгеру, тәжірибелі мамандармен бірлесіп жұмыс істеу – басты мақсат болуы тиіс, — дейді ол.

Гүлшара Байтаңатқызы үшін мұнайшы болу – тағдыр, арман емес, тұтас мәдениет. Отбасында еңбек пен ізгілік қағидаты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ол жас мамандарға жол көрсетуді өзінің парызы деп санайды.

– Жас кадрлар үшін бұл салада мүмкіндіктер мол. Оларға үздіксіз білім алудан, өз салаларыңыздың қыр-сырын жетік меңгеруден, дамудан қашпаңыздар дегім келеді. Тек жоғарғы оқу орнының дипломымен шектелмей, кәсіби бағдарламалар мен шет тілдерін меңгеру аса қажет. Өйткені, біз шет мемлекеттермен әрдайым бәсекеге қабілетті болуға тиіспіз. Салада ІТ мен инженерияны ұштастыра алған білікті мамандар ертеңгі көшбасшы бола алады. Оған қоса біз секілді көрген-түйгені көп тәжірибелі мамандармен оң қарым-қатынас орната алса деймін. Отыз бес жылдай «қара алтын» өндіру жолында қажырлы еңбек етіп келемін. Еңбегім әркез еленіп жүр, жетістіктерім, алған марапатым да аз емес. Экономиканы көтеру жолында басты сала – мұнай өндірісінде еңбек етуді жазған тағдырыма ризамын. Әрқашан ізгіліктен таймай, өзімнен кейінгі жас буынға шама-шарқым келгенше қолдау білдіріп, білмегенін үйретуге тырысып жүремін, — дейді Гүлшара Оңдашева.

Қазақстанның қазіргі даму кезеңі – жаңа технология мен ұрпақ дәстүрінің, отаншылдық пен кәсіби шеберліктің тоғысуы. Оңдашевтар әулетінің жолы – ел үшін «қара алтын» өндіру ғана емес, адамгершілік, білім, еңбек деген құндылықтың жарқын үлгісі.

Ал Жолдауда қойылған цифрландыру, инвестицияны тарту, саяси реформалар, жаңа институттарды құру міндеттері осындай азаматтардың еңбегіне мүмкіндік беретіні айқын. Мұнайгаз саласы, геология, өндіріс салаларында тек дәстүрлі құралдармен емес, инновациялық тәсілдермен жетіліп, әрі қарай дамуы тиіс.

Гүлшара секілді мәртебелі мұнайшы өз саласының ғана емес, елдің цифрлы мамандарымен толыққан, заманауи талаптарға сай кадрлар ресурсының негізі. Егер Жолдаудағы реформалар мен бастамалар еңбек озаттарын әрі жастарды қолдап, олардың мүмкіндігін кеңейтсе, Қазақстан шын мәнінде жасанды интеллект дәуірінде бәсекеге қабілетті елге айналары сөзсіз.

Шаттық ХАМИТОВА

Жылыой ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button